Атырау, 19 мамыр 13:09
 бұлттыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Қарағандылық киберволонтерлер полицейлерге интернеттегі қылмыстармен күресуге көмектеседі

3 487 просмотра

Қарағандының киберволонтерлері интернеттегі қылмыстармен күресуде. Осы жылдың ақпан айынан бастап олар желіде 136 заңсыз контентті, 47 заңсыз телеграм-арнаны және тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді сату туралы хабарландыру тақталарында 19 күмәнді жарияланымды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Полиция еріктілермен бірге киберқылмысқа қарсы тұрады. 

Қарағанды облысының әкімдігінде полицияның сервистік моделіне көшу жөніндегі пилоттық жобаның бір жылғы жұмысының қорытындысы шығарылды. Қарағандылық ведомствоаралық топты халықаралық ұйымдардың сарапшылары - ЕҚЫҰ және БҰҰДБ қауіпсіздік мәселелерін шешудегі талдау тәсілдерін үйретті. 

Біздің өңірдегі жоба менеджері Мейрам Валеев атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. 

«Біз қаладағы қылмыстық белсенділікке байланысты негізгі проблемалық мәселелерді талдадық және анықтадық. Сондай-ақ, қылмыстық істердің статистикасы мен фабулаларын зерделеуді, сотталғандарға пікіртерім жүргізуді, қылмыс жасалған орындарды бағалауды және пәтер ұрлығы мен кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстарды талдау мысалында тұрғындарға пікіртерім жүргізуді ескере отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ұсынымдар әзірленді», - деп атап өтті Мейрам Валеев. 

Сонымен, сарапшылар жыл бойы қылмыстың себептерін талдап, олардың алдын-алу бойынша ұсыныстар жасады. Мысалы, полицияны шақыру батырмасын танымал мобильді қосымшалармен - DamuMed және eGov Mobile біріктіруді ұсынды. Полицияның авто және жаяу патрульдері қаланың кіреберістері мен аулаларына мониторинг жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ қауіпсіздік чек-парақтарын әзірледі. Алдағы уақытта оларды учаскелік полиция инспекторлары қолданатын болады және оларды өз ауласының қауіпсіздік жағдайын бағалауға және өзі тұратын жеріндегі проблемаларды жедел шешуге көмектесуге ниет білдірген қарағандылықтар пайдалана алады. 

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі Дьердь Сабо біздің өңірдегі сервистік полицияның жұмысына өз бағасын берді: 

«Қарағандыдағы пилоттық жоба – бұл көптеген шет елдерде қауіпсіздік мәселелерін қалай шешетінінің мысалы. Сіздер сияқты ведомствоаралық топтар Ұлыбритания мен Канадада өз жетістіктерін дәлелдеді. Бұл жерде ынтымақты жауапкершілік қағидаты маңызды. Ведомствоаралық топ жүргізген талдау мемлекеттік органдардың да, халықтың да бірлескен күш-жігерін жұмсай отырып, бірлесіп әрекет ете білудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ведомствоаралық топ үлкен жұмыс атқарды». 

Полиция департаментінің басшысы Ерлан Файзуллин жоба қызметінің географиясын кеңейтудің орындылығын атап өтті. 

Сондай-ақ, жиналыста киберволонтерлермен бірлесіп учаскелік қызметтің онлайн-режимінде (чат-боттар, тікелей эфирлер, таргеттелген жарнама және т.б.) жұмысқа дайындық жүргізіліп жатқаны туралы айтылды. 

Қарағандыда сервистік полицияны енгізу бойынша пилотты қорытындылай келе, облыс басшысы Жеңіс Қасымбек қала әкіміне және жобаға тартылған басқармаларға тапсырма берді. Атап айтқанда, жастар саясаты басқармасына еріктілер тобын дамытуға көмек көрсету ұсынылды. 

«Жобаның географиясын кеңейтуге байланысты Қарағанды әкімі полиция департаментімен бірлесіп, облыс орталығының барлық полиция бөлімдерінде ведомствоаралық топтың жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Жобаны барлық қалалық қызметтердің жұмысымен біріктіру қажет. Карантинге қарамастан, пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылуда деп санаймын», - деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек. 

Естеріңізге сала кетейік, сервистік полицияны енгізу жөніндегі жоба Қарағандыда 2019 жылғы 27 қарашада ресми іске қосылған болатын. Біздің өңір Қазақстанда осы модельді енгізуге шешім қабылдаған алғашқы өңір болды. Пилоттық жоба тек құқық қорғау органдарынан ғана емес, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау басқармаларының өкілдерінен тұрады. Олардың функцияларына әлеуметтік мәселелерді зерттеу және САРА әдісі бойынша қала тұрғындарына сканерлеу, талдау, жауап беру және бағалау секілді кешенді көмек көрсету кіреді.

25 желтоқсан 2020, 10:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.