Атырау, 19 мамыр 00:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Әжелер салған әндер-ай

Сурет Бейнежазба
7 269 просмотра

Әжелер өнегесі – ұрпақтан ұрпаққа ұласып, ғасырдан ғасырға жалғасатын тәрбиенің қайнар көзі ғой. Өскелең ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін үйретіп, бойына мәдениет пен әдет-ғұрыпты сіңіретін де осы әжелеріміз. Солардың бірі – «Исатай ауылы» әжелер ансамблінің мүшесі, Исатай ауылының тұрғыны 75 жастағы Жансекер БӘБИҚЫЗЫМЕН әңгімелескен едік.

«“АЛ, ЖИНАЛ” ДЕСЕ, ЖИНАЛА ҚОЯМЫЗ ҒОЙ»

- Жақында әлеуметтік желіде әжелер ансамблінің Тәуелсіздік күніне арнаған әсерлі патриоттық бейнежазбасын көріп, өнерлеріңізге жұртшылық тәнті болдық. Бұл ансамбль қалай құрылды? Басынан бастап баяндап берсеңіз.

- Біздің ауыл - қазақы ауыл, халықтық тәрбие, ұлттық дәстүр жақсы сақталған. Ауылымызда «Өнеге» атты әжелер мектебі бар. Бұл мектеп жас келіндерге, жоғары сынып оқушыларына, жастарға үй тұрмысы, қолөнер, жалпы киім киісі жөнінде мастер-класс дей ме, соны өткізетінбіз. Қазір енді мына бүкіл әлемде орын алған жағдайда мектебіміз жабық тұр. Бұдан он шақты жыл бұрын біздер әжелер ансамблін құрып, 8 Наурызға, Наурыз мерекесіне, Жеңіс пен Тәуелсіздік күндеріне, басқа да атаулы мерекелерде ауылдық клубта концерт қойып жүрдік. Өзімізше көгілдір аспан түстес көйлек тіктірдік. Алғашқы кезде ансамбль құрамында жиырма әжей болды. Оның ішінде үшеуі Атырауға қоныс аударды, екеуі дүниеден озды, үшеуі әртүрлі себеппен қатыса алмады. Қазір осы соңғы «Атамекен» челлендж-концертке он екіміз қатыстық. Құрамында Мұханәліқызы Меруерт, Бәбиқызы Жансекер, Қуанышқызы Роза, Қайырлықызы Алма, Құспанқызы Шандоз, Хайдарқызы Сапура, Зейноллақызы Гүлден, Қаппазқызы Маржан, Мақсотқызы Нәсіп, Хасанқызы Мәншүк, Қабдолқызы Зураш, Сақтапқызы Дариға бар. Осы мектеп пен ансамбльді құруға сол кездегі әкім, қазір зейнеткер Хисым Ұлболсын Қабиболлақызы көп еңбектенді. 

Жансекер БӘБИҚЫЗЫ

- Бәріңіз бір ауылда тұрасыздар ма?

Иә, бәріміз бір ауылданбыз. Үлкеніміз – сексеннің сеңгіріне шықты, ал кішісі – алпысты алқымдады.

- Ал бейнежазбаны түсіріп, монтаждаған кім?

Ол клубтың және ансамбліміздің көркемдік жетекшісі  - АЗЕРБАЕВ Еммат Ғарифоллаұлы, монтажын жасаған Жалғас ІЗІМОВ атты азамат. Жалпы Еммат баламыз балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап ауылдың қариясына дейін дауыстарын тыңдап, солармен жұмыс жасайды.

Еммат АЗЕРБАЕВ 

- Ансамбль қатысушылары бұрын қайда жұмыс істеді, қазір әннен басқа немен айналысасыздар?

Мұғалім, теміржолшы, байланыс маманы, әйтеуір әртүрлі саланың зейнеткеріміз. Қазір олар үйде бала тәрбиелеп, немере бағып, ауылдың мәдени өміріне қатысып, қолөнермен айналысып, жастарға үлгі-өнеге беріп отырған мейірімді жандар. Мына Еммат баламызға алғысым шексіз, жағдайымызды біліп, бізге ән айтқызып, аранжировка жасайды. «Исатай ауылынан» бөлек, 55 пен 60 жас арасында «Ақ желең» әжелер ансамблін құруға да мұрындық болды (күледі). Олар бірқатар аудандық байқауларға қатысып жүр. Ал біз, мәселен, бес жыл бұрын Жеңістің 70 жылдығына арналған республикалық байқаудың жүлдегері де атанғанбыз.

- Репертуарыңызда тағы қандай әндер бар?

«Туған жер», «Сәулем-ай», «Дедімай-ау», енді жай күндері патриоттық әндерді айта бермейміз ғой, көбінесе халық әндері, созып айтуға келетін қара өлеңдеріміз бар.

- Басқа өңірлерге концертпен шығып жүрсіздер ме?

- Жоқ. Бірақ бізге «ал, жинал» десе, жинала қоямыз ғой (күледі).


«БІЗГЕ ДЕМЕУШІ КЕРЕК ЕМЕС»

 - Ансамбльге демеуші бар ма?

Демеушіміз жоқ, бізге демеуші керек те емес. Көлік сұрап, алысқа шығып жатқан жоқпыз. Киімді өзіміз тігеміз, оны қонаққа да киеміз, концертке де киеміз.

- Жалпы Исатай ауылындағы өмір қалай? Әлеуметтік, коммуналдық тақырыпты айтып отырмын.

Газымыз бар, суымыз, жарығымыз бар. Шағын клубымыз бар. Бір-екі жыл турасында жаңадан мәдениет үйін саламыз деген бастама көтерілген, бірақ қазір ол жөнінде бейхабармын. Ауыл әкімі көз алдымызда өскен, ауылдың қыр-сырын білетін Ғұбаш Аслан Жарылғасұлы деген азамат. Келер жылы ауыл ішіне жол салмақшы. Тек ұялы байланыстың нашарлығы болмаса. Біз ауыл қарттары қазіргі өмірімізге ризамыз.

- Ансамбль өмірінде есте қалатын қызық жағдайды айтып берсеңіз.

Жоқ, ондай есімде жоқ. Себебі біз азғантай адамбыз ғой. Асып-сасу деген болмайды. Клубтың бір жақ бөлмесінде өзіміздің рөлімізді жақындағанша дайындап отырамыз. Айтпақшы, мұғалім Ағзия ЗҰЛҚАРНАЙҚЫЗЫНЫҢ ұйымдастыруымен әртүрлі қойылым қоямыз. Олардың қатарында: Карлагтағы «АЛЖИР» (Сталин заманындағы «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері" туралыГ.С.) көрінісі, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – жер ана» қойылымы, Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» спектакліне басқа ауыл адамдары да қатысты. Міне, біздің Исатай топырағы, Исатайдың әкесі жерленген, Исатайдың ұрпағы тұратын киелі жер – қасиетті мекен, өнерлі мекен. Айналамыз аппақ әуенді құм... Сондықтан да осы ауылымызды көркейтуге бәріміз бір кісідей жұмылып іс атқарамыз. Біздің енді қолымыздан экономиканы көтеру келмейді ғой, дегенмен мәдениетін дамытуға, ұрпақ тәрбиелеуге, салт-дәстүрді сақтап қалуға атсалысып жүрген әжелерміз.

- Сіздің көзқарасыңызда кәсіби әнші қандай болуы керек?

Әншілердің ішінде жарқылдаққа ұмтылмай, өлеңді бұрмаламай, жүректен жүрекке жеткізетін әншілерді жақсы көремін. Әншілердің ажырасып қосылып жатқанын, төбелесін, олардың көлеңкелі өмірін желіде көрсетпесе екен деймін.

- Өскелең ұрпаққа қандай өсиет айтар едіңіз?

Жастарға отбасы, ата-анасы аман болсын деймін. Ата-анасы бар жас - бақытты. Отан тыныш, еліміз жайлы болсын. Түрлі жемқорлық, парақорлық тамырымен жойылып, болашақ ұрпақ ондайды енді көрмесін. Жастар өзінің қалаған маман иесі болсын деп тілеймін.

- Сұхбатыңызға көп рахмет.

Гүлсім СҮЙІНҒАРИЕВА

Е. Азербаевтың мұрағатынан алынған суреттер мен бейнежазба

23 желтоқсан 2020, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.