Атырау, 18 мамыр 21:51
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Коронавирус жұқтырғандар көбейді, блокбекеттер қайта қойылып жатыр

3 192 просмотра

Әлемде Covid-ке шалдыққандар 47,9 миллион адамнан асты. 1 млн 223 мың адам адам қайтыс болды. 31,8 миллион адам аурудан жазылған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

4 қараша күні Қазақстанда 209 адамның коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталды. Бір күнде 64 адам жазылды. Тәулік ішінде аурудың осы түрінен 1 адам қайтыс болды.

Қазақстан билігі ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бері жүргізіп келеді. Үкімет дерегінше, тамыздың басынан 4 қарашаға дейін 38 490 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: 28 963 адам жазылған, 406-ы қайтыс болған.

Өткен тәулікте коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталған науқастар арасында 6 адам өлімі тіркелген. 13 наурыз бен 4 қараша аралығында 114 мыңнан аса адамның коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған, 1873-і қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирус пневмониясынан 5 223 адам емделіп жатыр. Оның 2 572-сі стационарда ем қабылдап жатыр. 148 науқастың ахуалы нашар, 25 адамның жағдайы - өте ауыр, 26 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Қазақстан коронавирус пневмониясы есебін жүргізгенімен, оны Covid жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отыр. Вирус жұқтырғандардың дүниежүзілік картасында әдетте Қазақстанның ресми дерегі көрсетіліп, коронавирус пневмониясының сандары айтылмайды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның екі дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар 152 725 адам болып шығады.

Covid өлімі статистикасына коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

4 қарашада Қазақстанда 494 адамға коронавирус жұққаны тестпен расталды. Бір күнде 246 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің 5 қараша таңертең таратқан хабарламасында осылай деп жазылған.

Өткен тәулікте ең көп науқас Шығыс Қазақстан облысында (222) тіркелген. Павлодар облысында - 50, Нұр-Сұлтан қаласында - 35, Солтүстік Қазақстан облысында - 32, Ақмола облысында - 29, Алматы қаласында 25 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бірде-бір науқас анықталмаған.

Қазақстанда наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 114 235 адамға жетті. 107 мыңнан астамы жазылған. Наурыз айынан бері кемінде 1867 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам өлімі енгізілмеген.

Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға 1 тамыздан бері есебі жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясы дерегі де қосылмай отыр. Диагнозы тек ауру белгілері бойынша қойылатын коронавирус пневмониясы 38 мыңнан астам адамнан анықталған, 405 адам қайтыс болған. Үкімет коронавирус пневмониясы дерегінің аймақ бойынша бөлінісін жүйелі түрде жарияламайды.

Джонс Хопкинс университеті секілді көптеген әлемдік ұйымдар мен дереккөздер Қазақстанның дерегін ПТР тестімен расталған науқастарға ғана сүйеніп беріп отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан билігі біріктірмеген екі деректі қосып жариялап жүр. Екі деректі қосқанда Қазақстанда коронавирусқа шалдыққанда 114 235 емес - 152 516 болады.

Қазақстанның бірқатар облыстарында шектеу шаралары күшейді. 9 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан облысы, Көкшетау қалаларында блокбекеттер қойылып, аумаққа кіріп шығу шектеледі. Қазір Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары аумағына кіріп-шығу үшін жолаушылар қолында ПТР-тест нәтижесі болуы тиіс.

9 қарашадан бастап Көкшетау қаласында да блокбекеттер орнатылып, науқастар көп тіркелген елді мекендерде санитарлық посттар пайда болады. Ведомствоаралық комиссияның төрағасы, вице-премьер Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазан айында науқастар алдыңғы аймен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан.

Көкшетауға баратын пойыздар мен ұшақтар саны қысқарады. Мысалы, Көкшетау – Алматы, Көкшетау – Қызылорда бағыттары бойынша жолаушылар тасымалдайтын ұшақтар аптасына бұрынғыдай 2 рет емес - 1-ақ рет ұшады. Көкшетау – Қызылорда бағытында жүретін пойыздар аптасына 7 рет емес - 3 рет барады.

Бұған қоса, қалада діни нысандар, кинотеатрлар, мәдени ошақтардың жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты шектеледі. Түнгі сағат 23.00 мен таңғы 6.00 аралығында облыс тұрғындарының себепсіз жүруіне тыйым салынады. Кеңсе, кәсіпорын қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуі тиіс. 65 жастан асқан тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріледі.

Ресейде (аннексияланған Қырымды қосқанда) бір күнде 19 768 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл індет басталғалы бері бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 1 млн 700 мыңға таяп келеді.

Коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб мәліметінше, сейсенбі күні коронавирустан 389 адам қайтыс болған. Бұл да індет басталғалы бері 24 сағат ішінде тіркелген рекордтық көрсеткіш. Соңғы рет 29 қазанда 366 адам Covid-тен қайтыс болған.

Індет басталғалы бері коронавирустан қайтыс болғандар 29 217 адам болды.

Сейсенбі күні Мәскеуде - 5 826, Санкт-Петербургте - 1 031, Мәскеу облысында 569 науқас анықталған. Штаб мәліметінше, ауру өсімі 1,2 пайызға өскен. Өткен тәулікте 15 567 адам жазылған.

Өткен аптада әлемде 3 млн 300 мың адамнан коронавирус табылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының апталық бюллетеніндегі ақпарат бойынша, эпидемия басталғалы бері бір аптада осынша жоғары көрсеткіш тіркелмеген.

Соңғы уақытта АҚШ, Үндістан, Францияда науқастар күрт көбейген. Ресейде бір апта ішінде 120 мың адамнан коронавирус табылды.

Соңғы аптада Covid табылғандардың жартысы Еуропада тұрады.

ДДСҰ мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғандар 46 миллион адам болды. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, бұл көрсеткіш 47 миллионға таяп келеді. Әлемде індет басталғалы бері 1 млн 213 мың адам қайтыс болған.

5 қараша 2020, 15:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.