Атырау, 17 мамыр 12:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Қаланы бес жыл бойы көгалдандырады

3 264 просмотра

Енді Атырау әкімдігі кем дегенде бес жылға көгалдандыру жұмыстарына тендер өткізбейді. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен «Каспийдормостострой» ЖШС арасында келісімшарт жасалды. «Атырау қаласын көгалдандыру» жобасын жүзеге асыру мерзімі - 5 жыл, жалпы құны - 4 млрд 690 млн теңге.

- Биыл осы жоба аясында 375 мыңнан астам гүл отырғызылды. Қазір орталық көшелерде, саябақ пен алаңдарда гүлзарларға күтім жасалуда. Бұдан басқа, қаладағы жасыл желектерге - 38 көшедегі, 15 саябақ пен алаңдағы ағаштарға, көгалдарға, бұталы қоршауларға күнделікті күтім жүргізіледі, - дейді Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ.

Жеке серіктес 5 жылда 25 мыңнан астам көшет отырғызады, оның ішінде, 8 мың жапырақты тұқымдастар мен 2 мың жеміс ағашын өз қаражатынан отырғызбақ. Көшеттерге қызмет көрсету мен кепілдік мерзімі - келісімшарт мерзімінің барлық кезеңін, оған қоса соңғы көшет отырғызылғаннан кейінгі 2 жылды қамтиды, яғни, келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін қалаға жетілген ағаштар тапсырылады. Бұдан басқа, жеке серіктестің жеке қаражаты есебінен Атырау қаласындағы бүкіл жасыл желекке зерттеу жүргізіліп, төлқұжатының электрондық базасы жасалады.

- Жұмыстың кешенді орындалуы көгалдандыруға бөлінген қаражатты келісімшарт бойынша қайта бөлуге мүмкіндік береді: жұмыстың бір түрінен үнемдеу арқылы ақшаны басқаларға бөлуге болады, - дейді Қайрат Оразбаев.

Әкімнің айтуынша, жоба сомасына ағаштарды қалыптау, санитариялық және жасартып кесу жұмыстары да кіреді. Осылайша, тұрғындар мен ПИК-тің өтініші бойынша 2845 ағашты жасартып кесу жұмыстары жүргізілді, маусым аяғына дейін тағы 300 ағашты кесу жоспарланған. Жасыл желектерді зиянкестерден екі еселенген өңдеу жұмыстары да жүргізілді, маусым соңына дейін тағы бір өңдеу жұмысы жасалады.

Суару - күрделі мәселе болып отыр, өйткені жобаның сәтті жүзеге асуы осыған байланысты. 2017 жылы Атырауда Сәтпаев пен Әбілқайыр хан даңғылдары бойымен әуежайға қарай суару жүйесі пайдалануға берілді. Алайда ол ақыры дұрыс іске қосылмады. Оразбаевтың айтуынша, қаланың сорғы станциясы мен суару жүйелеріне кезең-кезеңмен ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

- Биыл ең үлкен 12 көшеге 200 шақырым суару желісін тартуды аяқтау жоспарланып отыр, бұл келесі жылы оларды көгалдандыра бастауға мүмкіндік береді, - дейді әкім.

Бұл кезде қалалық ТКШ бөлімі көгал отырғызу бойынша ашық конкурс өткізді. Оны «Нұрлы таң Ақтөбе» ЖШС жеңіп алып, 235 миллион теңгеге 30 мың шаршы метр көгал төселді.

... Әрине, осы бес жыл ішінде Атырау жасыл желекті қалаға айналады деп үміттенгім келеді. Шығыны көп бұл жобаның сәтсіздікке ұшыраған жобалардың қатарына қосылғанын қаламаймын – мұнайлы астанада соңғы жылдары ондай жобалар онсыз да өте көп.

Фархат ӘБІЛОВ

29 қыркүйек 2020, 11:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.