Атырау, 20 мамыр 06:20
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Үкіметтің несиені кешіруі екіталай»: Алматыдағы митинг жайлы саясаттанушылар не дейді

Сурет
2 691 просмотра
Фото: azattyq-ruhy.kz

Күні кеше Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы саябақта бейбіт митинг өткен болатын. Белсенді Жанболат Мамай мен оның жақтастары ұйымдастырған акция үш сағатқа созылып, олар биліктен несиенің кешірілуін талап етті. Сондай-ақ, митингке шыққандардың қолында «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген жазуы бар плакаттар да болды. Бұл туралы "Азаттық рухы" басылымы хабарлады.

Айта кету керек, биыл елімізде Бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы заң қабылданған болатын. Бұл шара – сол заң қабылданғаннан кейін әкімдіктің рұқсат беруімен өткізілген алғашқы жиын.

Медицина қызметкерлері Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңына жиналған адамдардың дене қызуын тексеріп, содан кейін ғана митинг болатын жерге өткізді. Адамдар жиналған аумақты полиция да жіті қадағалады.

Акцияға қатысқан тұрғындар өздерін пандемия салдарынан жұмыссыз қалғандарын айтып, несиелерінің кешірілуін талап етті. Сондай-ақ, азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығына шағымданды.

Рұқсат етілген митингіге әу баста мыңнан астам адам келеді деп көрсетілгенімен, олардың саны бірнеше жүзден аспады.

«Көптен бері айтылып жүрген үш мәселені тағы көтеріп шықтық. Ол – несиеге кешірім беру. Бұл қазіргі сәтте халыққа керек. Сосын жер мәселесі. Билік жер сатылады деп ешқашан айтқан емес, кезінде жалға беріледі деген. 25-49 жылға шетелдіктерге жалға берілсе, ол кезде кім бар, кім жоқ? Мен жердің жалға берілуіне түбегейлі қарсымын. Қазір жасым 21-де. Елдің тәуелсіздігіне қауіп төнгенін қаламаймын. Қазір біздегі Қытай елшісі еліміздің ішкі де, сыртқы да мәселесіне араласады. Үндеуін тастап, халықты ашындыратын пікірлер айтады. Билік пен халықтың арасына алауыздық тудырып жатыр. Басқа елден келіп, ішкі дүниемізге араласуына еш қақысы жоқ», - деді өзін Аружан Дүйсебаева деп таныстырған бойжеткен.

Жүздеген адам қатысқан митинг Шевченко көшесінің бойында, Қонаев пен Пушкин көшелерінің аралығында өтті. Аумақта көлік қозғалысы шектеліп, жолдарға темір қоршаумен бөгет қойылды. Жаңа заңға сәйкес, митингіге келушілерге пиротехника, қару, спирттік ішімдіктер, есірткі, улы және жарылғыш заттарды алып жүруге болмайды. Заң талабы бойынша шеруге шығушылар саны 250 адамнан асса, әкімдік баспасөз орталығын ұйымдастыруға міндетті. Сондықтан митинг өтетін аумақта арнайы баспасөз орталығы жасақталып, ақпарат таратуға жағдай жасалды.

Акцияны ұйымдастырушы Жанболат Мамайдың айтуынша, билік екінші деңгейлі банктерге көмек көрсеткен сияқты, пандемиядан зардап шеккен тұрғындарға да қол ұшын созуы керек.

«Билік 5-6 банкке үнемі қолдау көрсетіп келеді. 2008 жылдан бастап 2020 жылға дейін оларға 10 трлн теңгеге жуық көмек көрсетті. Ал қарапайым халық қазір қиналып отыр. Олардың жағдайы мүшкіл, жұмыссыз, табыссыз қалып отыр. АҚШ-та қандай көмек көрсетіп жатқанын көріп отырмыз. Әрбір азаматқа 1200 доллардан, әрбір балаға 500 доллардан беріп жатыр. Франция, Германия және басқа мемлекеттерде нақты көмек көрсетіліп жатыр. Сондықтан біз қарапайым халыққа кредиттік амнистия жариялансын деп отырмыз. Банктерге көмекті тоқтату керек», - деді Жанболат Мамай.

Митингіге қатысушылардың талаптары орындалуы мүмкін бе? Неліктен біреудің саналы түрде алған қарызын өзгелер өтеп беруі керек? Бұл сұрақтың жауабын сарапшылардан іздеп көрдік.

Жұмабек Сарабеков, саясаттанушы:

- Үкіметтің несиені кешіруі, ондай қадамға баруы екіталай. Өйткені, елде рецессия күтілуде, экономикалық өсім теріс көрсеткішті көрсетті. Соңғы жиырма жылда мұндай жағдай бірініші рет болып отыр. Сондықтан Үкіметтің кредиттік амнистия жариялауы баруы екіталай.
Иә, пандемия бизнесті өте үлкен шығынға батырды. Кәсіпкерлерге қазір өте қиын. Құқықтық тұрғыдан төтенше жағдай форс-мажор болып саналады. Сондықтан заңды тұрғыдан несиелерді кейінге шегеруге болады. Мүлдем кешіру дұрыс емес. Бұған дейін билік онсыз да бір рет несиелерді кешірді. Енді екінші рет ондай қадамға барады деп ойламаймын. Қорда ақша аз, мұнай бағасы тұрақсыз. Сондықтан, несиесі бар тұрғындарға тек төлеу мерзімін ұзартып беру керек және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.

Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:

- Халықтың несиесін жаппай кешіру идеясы құлаққа жағымды естіледі. Бірақ Жанболат Мамайдан несиелік амнистия кімнің есебінен жүргізіледі деп сұрағанда нақты жауап айта алмады, «бұл экономикалық тұрғыдан мүмкін, банктерге онсыз да ақша беріліп келеді» деуден ары аса алмады.
Оның нақты не талап етіп отырғаны да түсініксіз. Сонда банктер өз қаражаты есебінен халықтың несиесін кешіруі керек пе? Онда депозитте ақша сақтап отырғандар алдымен қаражатын шешіп алсын, банктің қаражаты деген сол салымшылардың ақшасы ғой… Немесе мемлекеттің бюджеті есебінен кешіріледі. Мемлекеттің бюджеті дегеніміз,  салық төлеушінің, яғни сіз бен біздің ақшамыз, - деп жазды ол өзінің Telegram-каналында.

Айта кету керек, митингіге қатысушылардың тағы бір талабы – жердің шетелдіктерге сатылмауы. Осы ретте айта кетсек, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында жердің мүлдем ешкімге сатылмайтынын мәлімдеген болатын.

14 қыркүйек 2020, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.