Атырау, 2 мамыр 20:10
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Теңізден жалақысы мол, жанға жайлы жұмыс іздеймін

3 843 просмотра

Атырау облысындағы жұмыссыздардың саны 14 мыңнан асты, деп хабарлайды Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Басқарманың мәліметінше, карантин кезінде жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алушылар көбейген.

- Мысалы, сәуір айында жұмыссыздар саны 9 804 адамды құрады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында  мыңдаған жұмыс орны ашылды. Жыл басынан бері аудандар мен қаладағы халықты жұмыспен қамту орталықтарына 23 197 адам жұмыс іздеп хабарласып, оның 12 145-і жұмысқа орналастырылды. Жұмысқа орналастыру әлі де жалғасып жатыр, - деп хабарлады «АЖ»-ға басқарманың жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА.

Естеріңізге салсақ, өткен аптада БЖЗҚ мәліметтері бойынша Атырау облысында 16 мыңнан астам жұмыссыз болған. Неліктен екі ведомстводағы мәліметтердің екі түрлі екені белгісіз күйде қалып отыр.

Бүгінде жұмыс берушілерден жұмыспен қамту орталықтарына техникалық мамандық бойынша: кран жүргізушісі, дәнекерлеуші, электрохимиялық қорғау инженері, автоматика және механикаландыру инженері, техникалық құжаттама инженері, үйлестіруші, механик, жөндеуші бойынша сұранымдар түсуде. Бұдан басқа, сервистік қызметкерлер - даяшы, тазалаушылар жеткіліксіз.

Дегенмен, компаниялар жұмыспен қамту орталықтарына үнемі сұраныс жібермейді, олар қажетті мамандарды әлеуметтік желі арқылы іздеуді жөн көреді. Жуырда Жылыой ауданының әкімдігі Теңіздегі 13 компанияның осындай сұранымдарын анықтап, оларға әкімшілік жауапкершілік туралы ескертті.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Қайрат ОМАРОВТЫҢ айтуынша, Жылыой ауданында 2 мыңнан астам жұмыссыз тіркелген. Бүгінде Теңізде 63 мың адам жұмыс істейді, оның 9 мыңға жуығы - Жылыой ауданының тұрғындары. Жақында әлеуметтік желіде Теңіз кен орнына жергілікті кадрлардың алынбайтындығы туралы ақпарат пайда болды. Гүлболат Аманғалиева бұл ақпаратты жоққа шығарды:

- Облыс мұнайгаз өндірістік өңір болғандықтан, бос жұмыс орындары көп жағдайда Теңіз кенішінен түсіп жатыр. Біз оларды қалалық және аудандық жұмыспен  қамту  орталықтарына жолдап отырамыз. Мамандығы сәйкес келіп, әңгімелесуден өткен үміткерлерді компания өздері таңдап алады.  

Сондай-ақ, әңгіме барысында Аманғалиева жұмыссыздардың көбі ұсынылған жұмысты менсінбейтінін атап өтті.

- Үміткерлерді жұмысқа жібереміз, бірақ өкінішке орай, көбі жалақысы көп және көңілдері қалайтын жұмысты таңдайды.

Алаяқтар да адамдарды азғана ақшаға жұмысқа орналастыруға уәде етіп, жұмыссыздықтың артқанын пайдаланып отыр. Олар Теңіз кен орнына вахталық әдіспен жұмысқа орналастыруды ұсынады. Әдеттегі схема - әлеуметтік желіде хабарландыру беріп, қызықтырып, медициналық тексеруден өтуді ұсынады. Содан кейін оларда жұмыс істейтіндігіне «сенімді болу» үшін картаға аванстық төлем жіберуді сұрайды. Аванстық төлем - 50 мың теңге, қалғанын алғашқы жалақысынан кейін беруге келіседі. Аванс төлегеннен кейін алаяқтар ғайып болады. Сондықтан, қырағылық танытып, қылмыскерлердің тұзағына түсіп қалмаңыз.

Фархат ӘБІЛОВ

8 қыркүйек 2020, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.