Атырау, 20 мамыр 06:20
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Қортпа мен бекіре Жайыққа өрістемейтін болды»

Сурет Бейнежазба
4 452 просмотра

4 қыркүйекте ҚазМГБҒЗИ (КазНИГРИ) мәжіліс залында балық шаруашылығы мамандары мен экологтардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиналыс басталарда таныстырылған Атырау облысындағы аквамәдениет және биоалуантүрлілік жағдайын зерттеу жобасы талқыланды.

Жобаға тапсырыс беруші - облыстық балық шаруашылығы басқармасы. Мердігер - «ҚАЗЭКОЖОБА» ЖШС.

«ҚАЗЭКОЖОБА» ЖШС бас ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Асқар КАМЕЛОВ өз баяндамасында бұл жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Атырауға сапары барысында жергілікті жұртшылықпен кездесу кезінде балық саласын қалпына келтіру қажеттігін көрсеткен тапсырмасы аясында дайындалғанын атап өтті. Атырау облысы шеңберінде биоалуантүрлілікті ғалымдар 2019 жылдың қазан айынан бастап зерттеді.

- 2010 жылы бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізілді, бірақ, өкінішке орай, бұл шара балық қорының айтарлықтай көбеюіне әкелмеді. Соңғы жылдары Жайықтағы уылдырық шашатын жерлерден қортпа, бекіре және кертік шабақтарының өрістеуі тіркелмеген. Бұл олардың табиғи көбеюінің нақты тоқтағанын көрсетеді. Шоқыр мен сүйріктің бірен-саран шабақтары кездеседі. Жайық-Каспий бассейні Қазақстанның жетекші балық шаруашылығы өңірі болып қала береді, дегенмен жартылай өрістейтін балықтардың заманауи кәсіпшілік қорлары (табаннан басқа) тоқырау жағдайында, - деп атап өтті А.Камелов.

Содан кейін ол аквамәдениетті дамыту бойынша ұсыныстар айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Атырау облысында өсірілетін балықтың көлемі Қазақстандағы жалпы аквамәдениет өнімі көлемінің 0,1%-ы екен.

- Атырау облысының негізгі балық өсіру ерекшелігі - бекіре өсіру. Сонымен бірге, басқа түрлерді, негізінен тұқы балықтарын дамытып, өсіру қажет. Мысалы, Құрманғазы ауданында көлде тауарлы балық шаруашылығын құруға барлық жағдай жасалған. Махамбет және Индер аудандарының су қоймаларында балық өсіру мүмкіндіктерін төлқұжаттау және зерттеу, сондай-ақ, Индер ауданындағы көлде немесе жасанды жасалынған тұзды көлдерде Артемия аквамәдениетін дамыту қажет.

Баяндамашы балықты Жайық арнасында тор қоршамада өсіруде үлкен техникалық қиындықтар мен шығындар болатынын атап өтті:

- Жайық өзенінің тармақтарында (әсіресе Яицкий саласының бойында), сондай-ақ ЖЭО салқындатқыш каналдары мен су қоймаларында балықты тор қоршамада (көктемнен күзге дейін) өсіру ұсынылады. Атырау облысының акваториясында теңізге жақын қашықтықта шығыс жағалауда тоғандар немесе бассейндер салу арқылы теңіз балықтарын өсіруді (тауарлық бекіре және тұқы өсіру шаруашылықтарын) дамыту мүмкіндігін зерттеу қажет деп санаймыз.

Бассейндік әдіс балық өсіру үшін Атырау облысының пайдаланылмаған тұзды жағалау жерлерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, шикізаттық емес өнімдердің экспортын арттыру бойынша мемлекеттік тапсырмаларды орындау үшін балық өңдеуді маңызды ресурс ретінде қарастыру ұсынылды.

«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Атырау филиалының директоры Ерболат ҚАДИМОВ пен Жайық-Каспий Орхусс орталығының жетекшісі Шынар ІЗТЕЛЕУОВА Каспий теңізінің жағалауында бассейн әдісімен бекіре балықтарын өсіру кезінде экологиялық қауіпті ескеруді және халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлерді ұмытпауды ұсынды. Бұған Камелов Каспийдің солтүстік бөлігі емес, шығысы қарастырылып жатқанын, ол жер тұзды жағалау екенін айтты.

Ізтелеуова «жобада браконьерлікпен күрес ескерілген бе?» деп сұрағанда, жоба әзірлеушілер бұл мәселе техникалық тапсырмада белгіленбеген деп жауап берді.

Қадимов өз кезегінде Жайық жағалауының бойынан жобада ұсынылған ерекше қорғалатын аумақ құруға қатысты сыни пікір айтты. Кейін біз ұстанымын анықтау үшін онымен хабарласқан едік, ол былай деп жауап берді:

- Әрине, бәріміз де өзен мен теңізде «балықтың жоқтығына» алаңдаймыз, бірақ басқа жағдайды ұмытпауымыз керек: Жайық су шаруашылығы үшін үлкен маңызға ие, ол жерде адамдар егіншілікпен, мал өсірумен айналысады, бұл сусыз мүмкін емес. Сондықтан, мұны барлық жайтты ескере отырып, ойланып жүзеге асыру керек деп есептеймін.

Айнұр САПАРОВА

Бейнежазбаны түсірген автор

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

4 қыркүйек 2020, 18:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.