Атырау, 20 мамыр 04:17
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Черногориядағы парламент сайлауында оппозиция жеңіске жетті

2 537 просмотра

Жексенбі, 30 тамыз күні Черногорияда парламент сайлауы өтіп, "Черногорияның болашағы үшін" деп аталатын оппозициялық коалиция мен өзге де оппозициялық партиялар мен қозғалыстар көш бастады. Бірге санағанда, олар дауыстың 50 пайыздан астамын алды. Қазіргі батысшыл президент Мило Джукановичтің Социалистердің демократиялық партиясына сайлаушылардың 33 пайызы дауыс берді. Бұл туралы Азаттық радиосы Мониторинг және зерттеулер орталығына (CEMI) сілтеме жасап хабарлады.

Сайлаудың ресми нәтижесі экзит-пол дерегін растаса, билік партиясы 81 адамдық бір палаталы парламенттің (Скупщина) 30 мандатына ие болады. Құрамына ресейшіл "Демократиялық фронт" партиясы кіретін біріккен коалиция 41 мандатты алмақ.

"Черногорияның болашағы үшін" дейтін оппозициялық коалицияның лидері Здравко Кривокопич парламент сайлауында оппозицияның жеңіске жеткенін мәлімдеп үлгерді.

Президент Мило Джуканович билік партиясының жеңілгенін мойындамайтынын айтып, ресми нәтижені күтуге шақырды.

Осыған дейін үш оппозициялық коалиция үкіметті жасақтап, Джукановичті отставкаға жіберу ниеті барын айтқан. Джуканович Черногорияны отыз жылға жуық басқарып келеді. Сыншылары оны пара алады, тәуелсіз БАҚ-ты қудалайды және сайлауды бұрмалайды деп айыптайды.

Сарапшылар билік партиясының жеңілуін діни сенім бостандығы туралы заңның қабылдануымен байланыстырады. Өткен жылдың желтоқсанында қабылданған бұл заңға сәйкес, діни қауымдардың объектілері мен жерлері мемлекет меншігіне өтеді. Бұл заңның қабылдануы жаппай наразылыққа әкелді. Тұрғындар заң елдегі Сербия православ шіркеуінің мүлкіне қауіп төндіреді деп көшеге шықты. Наразылық кезінде оппозициялық фракция депутаттары қамауға алынған болатын. Полиция "Демократиялық фронт" партиясының кемі 20 депутатын ұстап әкеткен.

31 тамыз 2020, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.