Атырау, 20 мамыр 07:37
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Нәрестенің өліміне қатысты сот ісі: сараптамаға қатысты көп сұрақ қойылды

Сурет Бейнежазба
4 001 просмотра

Кезекті сот отырысында Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Мейрамбек СИПУЛЛАЕВТАН жауап алу жалғасты. Одан басқа, куәгер ретінде Атырау ҚПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Әділхан ОРАЗБАЕВ пен 2019 жылдың 23 қазанында құрылған ведомствоаралық тергеу-жедел тобын басқарған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Асқарбек ЕРМҰҚАШЕВ шақырылды.

Тергеуші Мейрамбек СИПУЛЛАЕВ

Сипуллаевтан жауап алуды негізгі сотталушы - облыстық перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ жалғастырды. Ол өзінің іс-әрекеті неліктен ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабынан («Медицина жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы») неғұрлым «ауыр» 99-бапқа («Адам өлтіру») саралануын сұраудан бастады. Содан соң ол: егер ведомствоаралық тергеу-жедел тобы кейінірек құрылған болса, ал бап 30 қыркүйекте Сипуллаев құпия тергеу әрекеттерін жүргізіп жатқан жедел топты басқарған кезде сараланған болса, онда бапты кім және куәгерлердің қандай жауабы негізінде өзгерткенін түсіндіріп беруді сұрады.

Сипуллаев куәгерлердің жауаптарының негізінде ғана емес, сотқа дейінгі тергеу барысында алынған мәлімет пен заттай айғақтардың негізінде «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылды деп жауап берді. Бұлардың бәрі қылмыстық іс материалдарына біріктірілгенін, олармен сотталушылар да, адвокаттар да танысқанын айтты.

Әрі қарай Нысанбаев нақтылап сұрады:

- Демек тағылған айыпты өзгерткен сіз ғой?

Сипуллаев:

- Иә, өйткені қаулы шығарған мен болғандықтан, айыпты мен өзгерттім.

Нысанбаев сотқа қарап:

- Мен өз сұрағыма нақты жауап ала алмадым және маған қарсы жауап берген куәгерлердің аты-жөндерін жариялауыңызды сұраймын, - деді.

Сипуллаев:

- Куәгерлердің барлық жауабы іске біріктірілген, - деп қайталады.

Прокурор Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ

Әрі қарай Нысанбаев пен оның адвокаты Жамбыл МҰҚАШЕВ әртүрлі тұжырымдап, Сипуллаев неліктен айыпты 317-баптан 99-бапқа қайта саралағанын және «алдын-ала сөз байласу» деген айыптаудың қайдан шыққанын бірнеше рет сұрады. Сипуллаев пен прокурор Магомед ЕСЕНБОЛАТОВ мұның бәрі куәгер ретінде шақырылса да, тергеушінің іс-әрекетіне заңды баға беруге ұқсап отырғанын айтып, наразылық білдірді.

Сипуллаевтан жауап алу аяқталғаннан кейін тергеушілер Оразбаев пен Ермұқашев сот залына шақырылды. Оразбаевтан да қылмыстық баптың қайта саралануы туралы сұралды. Ол айыптау актісін жасаған және сотталушылардың әрекетін де қайта саралаған Асқарбек Ермұқашев екенін айтты.


АДВОКАТ МҰҚАШЕВТІҢ БАТЫЛ ЖОРАМАЛЫ

Адвокат Бақберген АЙТМАМБЕТОВ

Сотталушы акушер-гинеколог Асқар Қайыржанның адвокаты Бақберген АЙТМАМБЕТОВ сотқа дейінгі тергеу барысында орын алған заң бұзушылықтар туралы Қайыржанның шағымын сотта жариялау туралы өтініш білдірді. Атап айтқанда, әңгіме мәжбүрлі түрде беттестіру туралы болып отыр.

Содан кейін Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВА мен былтыр 13 қыркүйекте босанғаннан кейін бірнеше сағаттан соң сәбиі шетінеген тағы бір әйел Роза МОЛДАҒАЛИЕВАНЫҢ нәрестелерінің мәйіттерін молекулалық-генетикалық сараптау және эксгумациялау туралы сұрақтар қойылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша бұл эпизод келесі отырыстарда қаралатын болады, бірақ адвокат Мұқашев сәбилердің мәйітінің ауыстырылғанын жоққа шығармайтынын мәлімдеді.

Адвокат Мұқашев:

- Патолого-анатомиялық бюроның тоңазытқышынан Молдағалиеваның сәбиінің мәйітін, сондай-ақ биоматериалдар мен шыныпакеттерді алу туралы хаттаманы сіз толтырдыңыз ба?

Әділхан Оразбаев:

- Жалпы, 3 сәбиге қатысты 3 сараптама тағайындалды. 3 эксгумация жасалды: екеуі Атырауда, біреуі Құлсарыда. Олардың денесін эксгумациялаған кезде әрқайсысын бөлек контейнерге салып, мөрлеп, кімдікі екенін жазып қойдық. Мұның бәрі басынан аяғына дейін бейнетаспаға түсірілген. Мәйіттер Қарағандыдан сарапшылар келгенге дейін Атырау қаласының патолого-анатомиялық бюросының тоңазытқышында сақталды. Біз оларға осы мөрленген контейнерлерді бердік.

- Сіз 21 қарашада Молдағалиеваның нәрестесіне қатысты молекулалық-генетикалық сараптама тағайындадыңыз. Неге байланысты?

- Тұрымбетованың нәрестесінен басқа тағы 2 молекулалық-генетикалық сараптама тағайындалды. Өйткені, патолого-анатомиялық бюрода сақталған биоматериалдар шынымен Молдағалиеваның нәрестесіне тиесілі ме деген күдік туды.


ТЕРГЕУДЕ БӘРІ ЖАЗЫЛҒАН

Қуаныш НЫСАНБАЕВ

Сотталушы Нысанбаев Оразбаевқа сәбилердің мәйітін эксгумациялауға қатысты сұрақ қойды:

- Заңға сәйкес, сот қаулысы қанша уақыт аралығында күшіне енеді?

- Сіз эксгумация туралы қаулыны айтып отырсыз ба? Сот қаулысы ол шығарылған кезден бастап заңды күшіне енеді.

- Молдағаливаның сәбиінің мәйіті қашан эксгумацияланды?

- Дәл есімде жоқ, бірақ бұл Қарағандыдан сарапшылар келерден бір күн бұрын болды.

- Ол қай жерде жүргізілді?

- Ол жерленген Құлсары қаласында.

- Қарағандылық сарапшылар Атырауға неше рет келді?

- Бір рет.

- Молдағалиеваның нәрестесін эксгумациялағаннан кейін мәйітті неше күннен кейін қайта жерлеуге қайтардыңыз?

- Егер қателеспесем, келесі күні немесе бір-екі күн ішінде.

- Ал Тұрымбетованың нәрестесін?

- Оны да солай.

- Жәбірленуші Тұрымбетованың күйеуі өз жауабында мәйіттің эксгумациядан 5 күн өткен соң қайтарылғанын айтқан. Осы 5 күн ішінде мәйітті қайда сақтадыңыз?

Осы кезде Оразбаев дәл жауап беру үшін іс материалдарына қарауды өтінді. Қажетті парақты тауып алған соң, ол Тұрымбетованың нәрестесін эксгумациялау 18 қазанда жүргізілгенін, келесі күні мәйіт сараптамаға тапсырылғанын, ал 20 қазанда туыстарына қайта жерлеу үшін берілгенін айтып:

- Бәрі видеоға жазылды, күндері мен уақыты көрініп тұр, - деді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 тамыз 2020, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.