Атырау, 20 мамыр 03:03
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Навальныйды емдеп жатқан "Шарите" клиникасы әскерилерден көмек сұрады

2 368 просмотра

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды емдеп жатқан германиялық "Шарите" клиникасы Бундесвер зертханасының және Британия әскерінің у бойынша мамандарынан көмек сұрады. Бұл туралы Азаттық радиосы Der Spiegel журналының дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Журналдың мәліметінше, клиника Мюнхендегі у және әскери химиялық заттар жөнінде Германияның үздік мамандары жұмыс істейтін жабық әскери зертханаға өтініш білдірген. Сонымен қатар клиника британиялық "Портон-Даун" әскери зертханасынан да кеңес сұраған. Бұл зертхана Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызына диагноз қоюмен айналысқан.

Навальный 20 тамыздан бері комада жатыр. Жұма, 28 тамыз күні клиника саясаткердің денсаулығы жөнінде есебін жариялады. Ақпаратқа сәйкес, ол әлі де өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатыр, бірақ жағдайы тұрақты. "Уланудың ұзақмерзімді салдары туралы айтуға әлі тым ерте" делінген мәлімдемеде.

Навальный 20 тамыз күні Омбы қаласының ауруханасына ессіз күйде түскен. Дәрігерлер оны жасанды комаға жіберген. Ресейлік дәрігерлер саясаткердің мұндай халге не себепті түскенін анықтай алмаған, ал неміс дәрігерлері оның уланған болуы мүмкін екенін айтады. Олардың сөзінше, саясаткер холинэстераз ингибиторымен уланған болуы ықтимал. Химиялық заттардың бұл санатына "Новичок" және зарин секілді улағыш заттар, пестицидтер мен кейбір дәрілер кіреді.

Оппозиционердің жақтастары оның уланғанына сенімді. Батыс саясаткерлері тергеу жүргізуді талап етеді. Ресей тарапы әлі қылмыстық іс қозғамады – билік өкілдері оппозиционерді улады деген заттың анықталуын күту керек дейді.

29 тамыз 2020, 13:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.