Атырау, 7 мамыр 15:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Еріктілер коронавируспен қалай күресті: дәрі-дәрмек таратып, азық-түлік жеткізді, оттегі баллондарын тасымалдады

Сурет Бейнежазба
3 103 просмотра
Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА

Атырауда індет өршіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» қажет болған қысыл-таяң кезде еріктілердің көмегі ауадай қажет еді. Олардың бірі көлікпен, енді бірі азық-түлік және тегін дәрі-дәрмек таратумен көмектесті, өз денсаулығын қатерге тігіп, қолдарынан келгенше ақ халаттыларға көмектесті. Азаматтық орталықтың директоры Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА сын сағатта елге демеу болу үшін еріктілердің басын қосып, штаб құрды.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ

- Наурызда жұрт дәріханадан медициналық маска таппай қиналғанда, біз өз тарапымыздан қандай көмек көрсете аламыз деп ойландық. Сосын былтыр іске қосылған көпбалалы, жалғызбасты және тұрмыс жағдайы төмен аналарды тегін оқытуға арналған «Іскер ана» жобасы аясында тігін курсынан өткен қыз-келіншектерге жүгіндік. Бір жағынан оларға ақша болсын, бір жағынан маска қолжетімді болсын деп, оны тігіп, төмен бағамен сатуды ұсындық. Себебі сол кезде Атырауда қолдан тігілген масканың бағасы 500-1000 теңгеге шығып кетті, есіңізде шығар. Ал біз масканы, «Байзаар» сауда орталығына апарып, ұмытпасам, 250 теңгеден сатып, ақшасын тігіншілерге аударып жүрдік. Күніне 1000 маска тігілетін. Кейін маска бағасы түсіп, дәріханалардан табылды. Сосын бірнеше азаматтық белсенділермен және ҮЕҰ жетекшілерімен бірге коронавирус жағдайына байланысты Қарттар үйіне көмектесейікші деп халықтан ақша жинай бастадық. 10 күн ішінде 400 мың теңгедей жиналды. Басында бір реттік акция ұйымдастырып қоямыз деп ойладық қой. Бірақ, өңірде жағдай ушығып, қаланы карантинге жапқанда, біз Атырау еріктілер штабы болып құрылдық.

- Еріктілерді қалай жұмылдырдыңыз?

- Басында жеті адам болдық. Ол жеткіліксіз болған соң еріктілерді қатарымызға қосылуға шақырып, жер-жерге хабарландыру бердік. Және көмекке мұқтаж жандар болса хабарласуға болатын үш телефон нөмірін ілдік. Сол кезде бізге көмек көрсетемін деушілерден гөрі көмекке мұқтаж жандар өте көп хабарласты. Күніне 100 адам көмек сұрап телефон шалатын. Әрқайсысын тіркеп отырып, ақша жиналса, бірден 50-60 отбасыға 7-10 күнге жететін азық-түлік пакетін апарып тастайтынбыз. Солай бастадық.


«АСТРАХАННАН ДӘРІ САТЫП АЛЫП, ТЕГІН ТАРАТТЫҚ»

- Штаб жұмысы қалай ұйымдастырылды?

- Хабарландырудың арқасында штаб құрамы жақсы толықты. 140 адамдай жиналды. Қазір белсенділігіне қарай санын қысқартып, 100 адамды қалдырдым. Еріктілерге бес бағыт бойынша тапсырма бөлдім: көлікпен тасымалдау; маска тігу, бірінші қажетті азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу, медиктерге көмек және ыстық тағам әзірлеу.   

Қалада блок-бекетте тұрған жол полиция қызметкерлеріне, қала тұрғындарына көже, компот, пирожки сияқты жүрекжалғау ретінде апарып беретін болдық. Халықтан наурыз, сәуір, мамыр – үш айда 3 млн теңге жинадық. Тағы  бір компания 1 млн тенге аударды. Ақшаны «Біз де адамбыз» ҚБ жетекшісі Гүлнәз ҚОСМҰРЗИЕВАНЫҢ төлем карточкасына жинадық. Ол ақшаны мұқият бақылауда ұстап отырды. Барлығы  2005 отбасыға азық-түлікпен көмектестік. Көбіне жалғызбасты қарттар, мүгедектер мен көпбалалы отбасыға басымдық бердік.

- Қанша уақыт жалғасты бұл көмек?

- Біз азық-түлік таратуды мамырда тоқтаттық. Себебі, басқа да ұйымдар көмектерін көрсете бастады. Біз оларды қайталамайық деп шештік те, қалған азын-аулақ ақшаны дәрі тапшылығының орнын толтыруға жұмсайық дедік. Сөйтіп, Астраханнан дәрі сатып алып, тегін тараттық.


БҮГІНГІ КҮННІҢ ҚАРАПАЙЫМ БАТЫРЛАРЫ

Мира ЕСНИЯЗОВА

- Дәрі тапшылығы кезінде жағдайдың өте қиын екенін қатты сезіндім. Бірде ауырып жатқан әйеліне дәрі іздеген танысыма өзіме алып қойған дәрімді беріп ем, ол рахметін айтып әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Сол сәттен бастап телефоныма тыным болмай кетті. Күні-түні жұрт дәрі тауып берші, бере салшы, сатшы деп соғып жылайтын. Қолымнан келгенше көмектестім.

Асхат АХАТҰЛЫ

Бір кездері облыстық ауруханадағы жағдай өте ауыр болды. Біз белсенді ерікті Мира ЕСНИЯЗОВАМЕН бірге облыстық ауруханаға дәрі таратуға бардық. Сол кезде бұл жерге еріктілердің көмегі керек екенін түсіндім. Көмекке барамын деушілер көп болмады, бірақ оларды түсінуге болады, әрқайсысының бала-шағасы, отбасы, қарты бар үйінде. Сол кезде ештеңеге қарамай барамын дегендер Мира Есниязова, Асхат АХАТҰЛЫ, Талғат ТҰРҒАНБАЕВ болды. Мира үш баланың анасы, Талғат бес баланың әкесі, Асхат үйдің жалғыз ұлы. Менің өзім де қызуым көтеріліп, «құладым». Кейін тағы бірнеше ерікті қатарға қосылды. Олар облыстық ауруханаға қажетті дәріні апарып, оттегі баллондарын жеткізуге көмектесті. Бастапқыда олар салмағы 70-80 кг оттегі баллондарын көліктен түсіріп алып, есіктің аузына әкеліп беріп жүрді. Кейін медбике мен санитаркалардың оттегі баллонын ішке мықшыңдап, әрең дегенде тасып жүргенін көрген жігіттер шыдамай ішке кірген. Одан кейін спортшы жігіттер қатарға қосылып, жүк жеңілдегендей болды. Қыздар тез-тез ыссы шай, сорпа әзірлеп жүрді екі ортада.

Кейін жағдай да тұрақтала бастады. Қазір Мира мен Асхат әлі ауруханамен байланыста. Науқастардың жағдайын біліп тұрады.

Міне, осылай болған. Екінші толқын айналып өтсе екен дейміз. 

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

29 тамыз 2020, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.