Атырау, 7 мамыр 18:41
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Орталық көшенің аты затына сай емес

Сурет Бейнежазба
4 419 просмотра

Өткен жылдың тамыз айында Құлсары қаласындағы Махамбет атындағы орталық даңғылда күрделі жөндеу жұмыстары басталды, бірақ ол аяқсыз қалды. Бұл жағдайдың себептері туралы - «AЖ» материалында.

Сол кездегі Жылыой ауданы әкімінің экс-орынбасары Қахарман БАҒЫНОВ өткен жылы «2,5 шақырым жолдың 1,4 шақырымы толық жөндеуден өтті» деп сұхбат бергені есімізде. Алайда жөнделген жолды көрмедік. Шұрқ-тесік күйге түскен. Ал қалған 1,1 шақырым жолдың ескі асфалтын қырып тастаған, жұмыс тоқтағандықтан ол жерлерге құл ұшы тимеген, жаңасы төселмеген.

- Одан да жолдың бұрынғы күйі тәуір еді, - дейді жергілікті жүргізушілер.

Ендеше не болды? Бұдан бұрын «Жаңа түбек» ЖШС 200 млн теңгеге даңғылды жаңарту конкурсын ұтып алған болатын. Келісімшарт бойынша, жұмыс 2019 жылдың тамызында басталып, желтоқсанында бітуі тиіс болған. Мердігер жалпы жұмыс көлемінің жартысынан көбін орындағаннан кейін тапсырыс беруші - аудандық ТКШ бөлімі оны жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмады, жұмыс сапасыз деп кінә артып, жұмысты тоқтатуын талап етеді. Содан кейін «Жаңа түбек» ЖШС-ын жосықшысыз қатысушы деп тану, төленген 103 млн теңгені кері қайтару талаптарымен Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа береді.

Алайда 2020 жылдың 30 наурызында судья Р. Жансықбаев ТКШ бөлімінің талабын қанағаттандырусыз қалдырады. Соттың дәлелі мынадай: біріншіден, тапсырыс берушінің кінәсінен келісімшарт уақытында тіркелмеген, сол үшін көп уақыт босқа кеткен. Екіншіден, мердігердің жұмысты аяқтауына бір ай мерзімі бола тұрса да тапсырысшы жұмысты уақытынан бұрын тоқтатқан.

- Біз бұл шешімге апелляция бердік. Елдегі пандемияға байланысты сот кейінге қалдырылуда, - дейді аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Мереке ЗИНУЛЛИН.

Ал Махамбет даңғылы қаланың негізгі көшесі деген атқа сай келмей тұр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

25 тамыз 2020, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.