Атырау, 8 мамыр 07:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Құлсарыдағы түнгі рейд: "Карантин бітті ғой, бұл не тексеру?"

Сурет Бейнежазба
3 389 просмотра

Құлсары қаласында тұрғындардың көпшілігі 31 тамызға дейін сағат 23.00-ден таңғы 6 аралығында көшеде жүруге тыйым салынғанына қарамастан түн ішінде көше кезуді тоқтатар емес. Ол полиция ұйымдастырған түнгі рейді кезінде анықталды.

Рейд орталықтағы Махамбет даңғылынан басталды. Ағылып жатқан көлікте есеп жоқ. Бастапқыда мобильді топ жүргізушілерге «жұмсақ» қана ескерту беріп, үйлеріне жіберді. Бірақ түн ортасы ауса да көлік тізгіндегендер толастамады. Аудандық әкімияттың алдында тұрған полиция көліктерді біртіндеп тоқтата бастады.

- Жер алғам, үй салып жатыр едім, түн болғанын байқамаппын, - деді «Ларгус» көлігінің иесі Әлімжан. Түсініктеме жазу керектігін айтқанда, ол реніш білдіріп, ашу шақыра бастады.

- Қайдағы түсініктеме, мені жіберіңізші. Карантин бітті деген жоқ па, тал түстегі бұл не тексеру!

Ол түн екенін ұмытып кеткен секілді.

Кейбір жүргізушілер түсіністік танытып, кешіккен себептерін айтып ақталып жатыр. Енді бірі «көкелеріне» телефон соға бастады.

- Сізді телефонға шақырады, сөйлесіңізші, - деп олардың бірі телефонын полиция өкіліне ұсынды. Бірақ әлгі полицей бас тартты. Дегенмен, түсініктеме жазуға тура келді.

Қала шетінде де осындай көрініс: заң бұзушылар жетерлік.

Ал «Ассорти» кафесі рұқсат етілген уақыт баяғыда өтіп кетсе де, есігін әлі жаппаған. Қызметкерлер еден жуылып, есептесу жұмыстары жүріп жатқанын айтып ақталды.

Осы кафеге жақын жерде футбол алаңында доп теуіп жүрген бір топ жігіттер байқалды. Полицейлерді көрген соң олар да бой тасалап, көліктеріне мініп қарасын жоғалтты.

- Өкінішке орай, көбі карантин аяқталды деп есептеп, емін-еркін жүр. Бірақ олай емес, әлі де шектеулер бар,- дейді Жылыой аудандық полиция бөлімшесінің бөлім бастығының орынбасары м. а. Бақытжан АБИЛОВ. – Бүгінде карантин талаптарын бұзған 337 жеке тұлға анықталып, оларға қатысты материалдар әкімшілік шара алу үшін аудандық санитарлық дәрігерге жолданды. 20-дан астам дүкен, 20-ға жуық той өткізушілер анықталды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

24 тамыз 2020, 16:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.