Атырау, 11 мамыр 22:11
 бұлттыВ Атырау +15
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

​ЖИТС орталығы коронавируспен күресуде, бірақ өз науқастарын да ұмытпайды

3 298 просмотра

Атырау облысында Covid-19 пандемиясы басталғаннан бері 8596 адам ауырды, оның ішінде 3 АИТВ жұқтырғандар бар. Тіпті қарапайым тұмау да оларға қауіпті, иммунитетін төмендетіп жібереді. Коронавирус инфекциясын олар қалай қабылдады және қалай сақтанып жүр?

-Қант диабеті, жүрек немесе бүйрек аурулары сияқты кез-келген ауыр сырқат Covid-19 індетін асқындырып жіберуі мүмкін. Алайда, біздің науқастар қабылдайтын вирусқа қарсы «Алувиа» препараты оларды КВИ-дан қорғайды, - дейді ЖИТС-орталығының эпидемиология бөлімінің бастығы Гүлнар ОМАРОВА. - ЖИТС-орталығында қазір 238 АИТВ жұқтырғандар, оның ішінде 3 жүкті әйел және 2 бала есепте тұр. Емделушілердің 84 пайызы ағзадағы вирустық жүктемені бақылау үшін және аурудың өткір кезеңге өтуіне жол бермеуге арналған жүйелі антиретровирустық ем алады. Антиретровирустық терапия науқастардың жағдайына байланысты тағайындалады. Үш айда бір рет олар иммундық хәл-жағдайын тексереді. Талдау нәтижесіне байланысты олардың қабылдайтын емі реттеледі. Ауру жұқтырған үш науқастың денсаулық жағдайы «Алувиа» қабылдауға мүмкіндік бермеді, олар басқа препараттармен ем алды.

Олар өздеріне тағайындалған емді бір, екі немесе үш айға емделу мерзіміне бірден алады. ЖИТС орталығының директоры Байтолла ҒАЗИЗОВТЫҢ айтуынша, олардың қызметі штаттық режимде жұмыс істейді, емделушілерге толық көлемде медициналық көмек көрсетіледі, дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Антиретровирустық терапиясымен барлық АИТВ жұқтырған науқастар толық қамтамасыз етілген, олар барлық сақтық шараларын пайдалана отырып, орталыққа келіп тұрады. Карантинге немесе басқа жағдайларға байланысты дәрі-дәрмектерді алуға келе алмайтын емделушілерге оларды әлеуметтік қызметкер үйіне жеткізіп береді.

Бірақ Газизов көптеген медицина қызметкерлерінің қазір КВИ-мен күресуге жұмылдырылғанын жасырмайды. Пандемия басталғалы бері екі дәрігер-эпидемиолог және олардың екі көмекшісі Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментіне, тағы бір эпидемиолог – №2 облыстық ауруханаға (инфекциялық) жіберілді. Тағы екі дәрігер - инфекционист және эпидемиолог мамыр айынан бастап Теңіз кенішінде жұмыс істейді. Орталықтың дәрігер-лаборанты ұлттық вирусология орталығы зертханасының ПТР-жабдығында жұмыс істеді. Үш эпидемиолог дәрігер түрлі комиссиялар мен штабтың жұмысына қатысты. ЖИТС орталығы зертханасының төрт маманы бір апта бойы КВИ-ға тестілеу өткізді. Өкінішке орай, орталықтың 12 қызметкері коронавирус жұқтырып, зертхана жабылды, ал орталыққа «Теңізшевройл» сыйға берген ПТР аппараты жеке медициналық орталыққа тапсырылды. Орталық қызметкерлерінің бірі стационарда емделіп, қалғандары амбулаторлық жағдайда ем қабылдады. Бүгін олардың барлығы жұмысқа шықты. ЖИТС-ке қарсы орталықтың өзі карантинге жабылмаған, ғимаратта дезинфекция жұмыстары жүргізілді.

Пандемияның басында, яғни наурыз-сәуір айларында Covid-19 жұқтырған алғашқы науқастарды АИТВ жұқтырғандарға арналған «Алувиа» препаратымен емдеді. Бұл туралы КВИ диагнозы қойылған көптеген емделушілер айтты. Инфекциялық стационарда «Алувия» препараты сондай көп мөлшерде қайдан пайда болды, бұл жерде ЖИТС-орталығының дәрілік қоры пайдаланылды ма? Мен бұл сұрақты Б.Ғазизовқа қойып, оның қамқорлығындағы сырқаттарға арналған дәрі-дәрмектердің қоры қандай екенін де сұрадым.

- Жоқ, біздің емделушілерге арналған дәрі-дәрмектер тек солар үшін пайдаланылды, - дейді Б. Газизов. - Антиретровирустық препараттар бізде жеткілікті және біздің есебіміз бойынша, олар жыл соңына дейін жетеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 шілде 2020, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.