Атырау, 2 мамыр 19:51
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Денсаулық сақтау министрлігі парацетамолмен қамтуға уәде берді

3 141 просмотра

Осы аптаның соңына дейін дәріханалардың бөлшек сауда желісіне жеткілікті мөлшерде парацетамол келуі тиіс. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила БҰЙРАБЕКОВА хабарлады.   

- Бір апта бұрын ыстық түсіретін және вирусқа қарсы препараттардың сатылымнан жоғалып кетуіне байланысты дүрлігіс басталды. Біз нарықты барынша жылдам қамту үшін дистрибьюторлармен және бөлшек сауда желісімен жұмыс жүргіздік. Естеріңізде болса, бұл эпидемия басталғанда адамдар жаппай маска сатып алған кезде, олар да нарықтан жоғалған еді. Біз бөлшек сауда желісіне көп мөлшерде антибиотиктер партиясын шығарған отандық өндірушілермен осы мәселені шештік. Бүгіннен бастап таблетка түріндегі парацетамол Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды облысындағы дәріханаларға түседі. Ал апта соңына дейін барлық аймақтарға жөнелтіледі. Бұдан басқа, елдегі дәріханаларға 70 мың қаптамадан астам «Ингавирин» мен 49 мың қаптама «Тамифлю» жеткізіледі, - деді Бұйрабекова.

Оның айтуынша, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімше өкілдері дәрі-дәрмектердің бар-жоғын және олардың бағасын тексеретін әкімдік жанындағы мониторинг тобының құрамына енгізілген. Бұдан бұрын 6 мыңнан астам атаудағы тауардың шекті көтерме және бөлшек сауда бағасы бекітілген болатын. Олармен Денсаулық сақтау министрлігі, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайттарынан және Darikz мобильді қосымшасынан танысуға болады.

Дәріханалар шекті бағадан көтеріп сатқан жағдайда, комитеттің аумақтық бөлімшелеріне хабарласу керек. Құқық бұзушыларға айыппұл салынады, ал қайтадан бұзған жағдайда, фармацевтикалық қызметпен айналысу лицензиясы тоқтатылады.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

1 шілде 2020, 14:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.