Атырау, 19 мамыр 14:35
 бұлттыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Атыраудағы коронавирус: медицинаның көбесі сөгілді

4 586 просмотра

Әркім өз қотырын өзі қасуы тиіс. Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырдым деп күдіктенген атыраулықтар өз қауіптерінің қаншалықты негізді екенін өздері анықтап, интернеттен шындыққа сай келеді-ау деген емдеу хаттамаларын тауып алып, қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін қаланы шарлап кетуге мәжбүр.

Емханалар қашықтан жұмыс жасау режиміне көшті, ал іс жүзінде қорғануға көшкен сыңайлы. 1406, 1430, 109, 112 қауырт желілеріне қоңырау шалса, тұрғындарға өз-өздерін емдемей, учаскелік дәрігерлерге хабарласуға кеңес береді. Ал учаскелік дәрігерлер қоңырауға жауап бермейді. Оларды түсінуге де болады - әр учаскелік дәрігерге шамамен 1800 адамнан келеді. Алайда беймәлімдіктен қорқып, балаларының өмірі үшін қауіптенетін науқастып кім түсінеді? Жеке дәрігерлер мен медбикелер ЖРВИ белгілері бар науқастардың шақыртуына барудан бас тартады. Науқас жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілсе де, стационарға жатқызылуы өте қиын. Жақында анасы мен қызуы көтерілген үш баланы жедел жәрдеммен біресе облыстық балалар ауруханасына, біресе ересектер ауруханасына тасып, айналғанда үйіне кері әкелген еді.

Тұрғындар мессенджер мен әлеуметтік желіде КТ және ПТР талдауын жасайтын  емханалардың мекен-жайымен бөлісіп, адам саны аз болу үшін қай уақытта барған дұрыс екеніне өзара кеңес алмасуда. Барлық жерде ұзын-сонар кезек, КТ нәтижесімен қайда баратының да түсініксіз. Хаттамаларда көрсетілген дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылып біткен. Дәл қазір бұл дәрі-дәрмектер қажет пе, жоқ па - маңызды емес, адамдар керек боп қалар деп жаппай сатып алып жатыр. Тұрғындар диагностика жасату мен емге өз қаражатын жұмсайды. Ал ақшасы жоқтарға қымбат тұратын тексеруден өту қиын болып тұр.

Өкінішке орай, кеше өткен онлайн-брифингте қордаланған сұрақтарға жауап бере алмады. Өздерін жайсыз сезінген жандарды  - «қарапайым пневмонияны «коронавирусты» пневмониядан қалай ажыратуға болады, аурудың ауырлық деңгейін қалай бағалау керек, стационарға қалай жатуға болады? ПТР талдау нәтижесін неліктен бір апта күтуге тура келеді?» деген сұрақтар мазалайды.

Брифингке қатысқан облыстық медицина ведомствосының басшылары учаскелік дәрігерлерде науқастарды үйден емдеу алгоритмдері бар деп сендіреді. Олар тіпті ауру белгілері байқалмайтын науқастарға жақын адамдарымен байланыс жасамауға, көп сұйықтық ішіп, иммунитетті нығайту үшін дәрумендер қабылдауға кеңес береді.

Науқастарды стационарға жоспарлы түрде қабылдау және квота бойынша республикалық орталықтарға жіберу жұмыстары тоқтатылды. Емханаларда жүкті әйелдер мен балаларды скринингтен өткізу қалыпты режимде, бірақ жазылу бойынша жүргізілуде. Зертханалар үлкен жұмыс көлемін игере алмай жатыр, бүкіл анализдерді уақытылы өңдеуге олардың күші жетпейді. Вахта ауысымы алдында анализ тапсыратын мұнай компаниясының қызметкерлері, науқаспен байланыста болған адамдар, жүкті әйелдер және т.б. лек-легімен келіп жатыр. Бұдан басқа, зертхана қызметкерлерінің арасында да вирус жұқтырып алғандар анықталып, олардың жұмысына сағат 9-дан 16.00-ге дейін уақытша шектеулер енгізілді. Айтпақшы, қазір көп медицина мекемесі жұмыс істеп тұр. Дәрігерлер жан тыныштығы үшін анализ тапсыруға кеңес бермейді, бұл қажет емес. Онсыз да жұмысы көп зертханаларға қосымша жұмыс жүктемеген жөн. Вирусқа күдік болған жағдайда ғана анализ қажет.

Жұқпалы ауруларға арналған кереуеттер бойынша: жұқпалы аурулар стационарында - 180, Теңіз кенішінде 315 кереуеттік стационар ашылды. Махамбетте 100 кереует бар. Барлығы - 595. Қосымша провизорлық бөлімдер: облыстық ауруханада 60 кереует бар, ол жерден тағы 70 кереует ашу жоспарлануда. Облыстық туберкулезге қарсы диспансер жанында 100 провизорлық кереует бар. Бұдан басқа карантиндік стационарлар бар, ол жерге аурудың жеңіл түріне шалдыққан, ауру белгілері байқалмайтын науқастарды жіберуі мүмкін. Атырау апта сайын Амстердамнан рейс қабылдайды. Егер келген жолаушыда коронавирус инфекциясы жоқ деген анықтама болмаса, анализ нәтижелері алынғанша қайтадан карантинге жібереді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 маусым 2020, 17:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.