Атырау, 17 мамыр 07:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Атыраудағы вирус хронологиясы: скептиктер үшін ғана емес

3 258 просмотра

«Ешқандай коронавирус жоқ», «жұқпалы аурулар ауруханасына жату үшін адамдарға 300 мың теңге береміз дейді екен», «марқұм болғандардың отбасына үндемес үшін ақша төлепті». Осындай әңгімелерді күн сайын түрлі адамдардан естіп жүрміз. Олар Covid-19 вирусынан сақтануға тырысып жүргендерді тобыр деп атайды. Сол сақтанған «тобырдың» арқасында инфекция одан әрі өршіп кетпей тұрғанын түсінбейді. Бәлкім, «АЖ»-ның осы жағдайға жасаған шолуы олардың ойларын өзгертер деп үміттенемін.

ВИРУС ШЕТЕЛДЕН КЕЛДІ

16 наурыздан бастап Қазақстанда Төтенше жағдай жарияланды. 27 наурызда Атырау облысында алғашқы вирус жұқтыру жағдайы ресми хабарланғалы бері өңірімізде 1341 адам вирус жұқтырып, 994 адам жазылып шықты, ал 6 адам көз жұмды.

Алғашқы  Covid-19-дың үш жағдайы облыс пен елімізден тысқары жерден келді. Алғашқы вирус тасымалдаушы 21 наурызда Нұр-Сұлтаннан ұшып келді. 26 наурызда ЖРВИ белгілері байқалғасын коронавирустың бар-жоғы тексерілді. Нәтижесі расталып шықты. Содан кейін 17 наурызда Атырауға Алматы арқылы Стамбулдан келген қыздан табылды. Вирус жұқтырған үшінші тасымалдаушы 26 наурызда «Амстердам-Атырау» рейсімен келген жолаушылар арасынан шықты. Бұл рейс жолаушыларын карантинге жіберіп, анализ алғаннан кейін анықталды. Біраз уақыт бойы күн сайын вирус жұқтырған 1-2 адамнан анықталып отырды. Көбі - шетелден келгендер және бұрын келгендермен байланыста болғандар. Олардың бәрі сол кезде қолданылған хаттамаға сәйкес стандартты ем алып, оларға 14 күн бойы күніне екі рет вирусқа қарсы тамырға дәрі егілді.

АТЫРАУ КАРАНТИНДЕ

Атырауда Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей бағытындағы пойыздар қозғалысы тоқтатылды,  автобекет пен әуежай жабылды. 30 наурызда карантин жарияланып, содан кейін үш рет ұзартылды. 1 сәуірде жұқпалы аурулар стационарында 16 науқас, провизорлық орталықта – 39, карантин орталығында – 116, үй карантинінде 1298 адам болды.

Сол кезде 5 сәуірде алғаш рет 6 адамнан қатар вирус анықталғанда, шошынған едік. Бірақ мамырдан бастап жүздеп қосылып, содан кейін мыңнан асып кетті.

ІНДЕТ ӨРШІГЕН ТЕҢІЗ

8 сәуірде Теңіз кенішіндегі ТШО-ның мердігер компаниялары бірінің қызметкерінен коронавирус табылды. Байланыста болған адамдар үшін ол жерде жеке ғимараттан 109 орындық карантин стационары ашылды. 11 сәуірде «Ватернас» вахталық поселкесінде вирус жұқтырған тағы 9 адам анықталды. Олардың барлығы сол әйелмен жұмыс бабымен байланыста болған. Сол кезде қолданыста болған алгоритмге сәйкес, науқастардың барлығы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, хаттамаға бойынша ем алды. Көп уақыт өтпей Теңіз кеніші өңірдегі ірі індет ошағына айналды. 16 сәуірде тікелей өндіріске қатысы жоқ қызметкерлерді – еліміздің түрлі өңірінен жиналған жұмысшыларды шығара бастады. ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев жұмыс қарқынының уақытша төмендеуі мен штат санының қысқаруы негізгі өндіріске де, келешек кеңею жобасына (ККЖ) да әсер ететіндігін айтты. 19 сәуірде Теңізде «Болашақ» вахталық кентінде жұмысшылар жаппай наразылыққа шықты. Олар бұл жерде вирус жұқтырғандармен байланыста болғандардың  бір түн болса да қалуына қарсы болды. Ал 2 мамырда COC Realty компаниясының 100-ге жуық қызметкері карантин режимін жеңілдету және екінші ауысымға қалғандары үшін үстеме ақы төлеу туралы талаптарын білдірді. Қайта ауысым ережелері өзгерді, ауысымды аяқтаған және ауысымға шыққан жұмысшылардың барлығын коронавирустың бар-жоғына тексере бастады. 6 мамырда Атырау облысы вирус жұқтырғандардың саны бойынша республикада үшінші орынға шықты, бұл ретте негізгі өсу қарқыны Теңіз кенішіне тиесілі болды. Мәселен, 19 мамырда бір күнде 142 оқиға тіркелді. Науқастардың барлығы -  қайта ауысым және демобилизация алдында міндетті скринингтен өткен мердігер мекемелердің қызметкерлері. 20 мамырдағы жағдай бойынша Теңіз кенішінде 935 жағдай тіркелді. Осыған байланысты облысқа үкіметтік комиссия келді.

АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕГІ МЕДИКТЕР

Ең алдымен алдыңғы шепте дәрігерлер болды. Вирус жұқтырғандардан анализ алған №3 қалалық емхананың қызметкері жұқпалы аурулар ауруханасына бесінші науқас болып түсті. Ал сол уақытта мемлекеттік комиссия коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлерінің жалақысына ай сайын - тәуекел тобына байланысты 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін төлеу туралы шешім қабылдаған еді. 12 сәуірде облыстың бас санитар дәрігері Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ (кейінірек оның өзі вирус жұқтырып алды) сол кезде коронавирус жұқтырған 59 науқастың 16-сы дәрігер екенін хабарлады (3 дәрігер, 8 медбике және 5 санитар).

16 сәуірде Атырау облысының жедел штабының сайты іске қосылды, бүкіл ресми ақпарат сол жерде жарияланды. Күн сайын дерлік «AЖ» инфекция жұқтыру статистикасын жариялап отырды, бірақ күрт өскен цифрларға облыс тұрғындары таң қалмайтын болды. Есептеу әдістемесі бірнеше рет өзгерді.

Теңіз кенішінде вирустың жайылуы оны алдымен жеке баған ретінде бөліп көрсетуге мәжбүр етті. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгілері байқалатын және байқалмайтын науқастарды бөлек есептеуді ұйғарды. Ал ДДСҰ ауру белгілері байқалмайтындар инфекцияны өте сирек тарататынын жариялады.

АҚШАСЫЗ ЖАҒДАЙ ҚИЫН

Мамыр айының соңында, екі айға жуық карантиннен кейін режимді жеңілдете бастады. Базар, дүкен, шаштараз, балабақша және т.б. ашыла бастады. Бұл адамдардың көп шоғырлануына қолайлы жағдай тудырды. 1 маусымда Махамбет пен Исатай орталық алаңында ине шаншар жер болмады. Киім, косметика дүкендерінде, базар мен банктерде ұзын-сонар кезек пайда болды.

Ал, 2 маусымда індеттен көз жұмған алғашқы жағдайлар туралы ақпарат жарияланды: 56 жастағы Теңіз жұмысшысы және 69 жастағы қала тұрғыны жұқпалы аурулар ауруханасында қайтыс болды. Бірақ өлім де скептиктерді сендіре алмады, олар марқұмдар коронавирустан өлген жоқ, басқа себеппен қайтыс болған деуден танбады. Ендеше бүкіл әлемге бұл «қасіретті қойылымның» қажеті қанша деген сұраққа бұған сенбейтіндер жауап бере алмайды. Бірақ мойындау керек: адамдар бұрын-соңды болмаған нәрселерді  бастарына сыйғыза алмайды, одан басқа, экономикалық себептер де бар. Ұзақ уақытқа созылған карантин бәріне қатты соққы боп тиді. Атырауда тыныштау, мысалы, Құлсарыда үлкен базар саудагерлері өздері нан тауып отырған орынның жабылуына қарсы шығып, наразылықтарын білдірді.

Бұған қоса, карантин кезінде мемлекеттен бәрі бірдей әлеуметтік төлем ала алмады. Жұмыс берушілер міндетті жарналарды уақытында төлемегендіктен, көп жұмысшы өздеріне тиесілі төлемді ала алмай қалды.

БЕЙҒАМДЫҚ НЕГЕ ӘКЕЛІП СОҒАДЫ

Адамдардың бейқамдығы жалпы елдегі, оның ішінде Атырау облысындағы жағдайдың нашарлауына жеткізді. Коронавирустың екінші толқынын мәлімдеген Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВТЫҢ өзі де вирус жұқтырды. Вирус барлық жерге тарала бастады - Атырауда балабақша қызметкерлеріне, NCOC компаниясының қызметкеріне (бұдан бұрын ол жер де тыныш еді), әлеуметтік бейімделу орталығындағы бомжға және т.б. вирус жұқтырды деген диагноз қойылды. Маусым айынан бастап «Ембімұнайгаздың» 136 қызметкері вирус жұқтырды.

Ішкі саясат басқармасыны басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ өзінің Facebook парақшасында атап өткендей, Атырауда және аудандарда жаңа жағдайлар тіркелуде:

- Алғашқы кездері, сәуір, мамыр айларында вирус жұқтырғандарда ауру симптомсыз өтсе, ендігі науқастардың нақты белгілері бар. Тіпті, қазір инфекциялық ауруханада жатқан 170 науқастың 100-інде ауру пневмония түрінде өтуде.

Сонымен қатар, ДДСҰ-ның COVID-19 реакциясы жөніндегі техникалық менеджері Мария ВАН КЕРКХОВЕНІҢ айтуынша, адам сырқат белгілері басталғанша 2-3 күн ішінде ауру жұқтырады.

Сөзімді түйіндей келе, қазіргі карантин шараларының күшеюіне түсіністікпен қарап, өзіңізді және басқалардың денсаулығын сақтаңыз дегім келеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

19 маусым 2020, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.