Атырау, 17 мамыр 08:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Жеке балабақшалар кезекші топтарды қалдыруды сұрайды

3 162 просмотра

17 маусымда жарияланған облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысында меншік түріне қарамастан балабақшалардың қызметіне тыйым салынған. Алдыңғы карантин алынып тасталғаннан кейін олар тек екі апта жұмыс істеді. 17 маусымда Атырауда жеке мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығының бірнеше өкілі Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

- Бас санитар дәрігер балабақша жұмысына тыйым салды, бірақ білім беру орталықтары, үйірме, балаларды дамыту орталықтарының қызметіне рұқсат етті. Мұнда логика қайда? - дейді ірі жеке балабақшалардың бірінің директоры. - Бұл Төтенше жағдай емес қой. Біз екі ай тоқтатылғаннан кейін енді жұмыс жасай бастап едік, тағы да белгісіз мерзімге тыйым салынды.

Оның айтуынша, жекеменшік балабақша директорлары жергілікті биліктен 15 адамға дейін кезекшілік топтардың жұмыс істеуіне рұқсат беруді сұрайды.

- Бізге назар аударып, осындай қиын сәтте қолдау көрсетуді сұраймыз. Бұл көпшілігі үшін маңызды - ата-ана жұмыста болғандықтан, балалар келіп жүрді. Оның үстіне, балабақшаларда санитариялық шаралар қатаң сақталады, антисептик орнатылған, жұмыстарына кіріспес бұрын барлық қызметкер маска тағады, балабақша іші күніне бірнеше рет тазаланады, кварцтеледі.

Өңірлік палата жеке мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығының шағымы қабылданғанын және билікке жеткізілетінін айтты. Кәсіпкерлердің өздері жергілікті билік органдары мен СЭС-ке өтініш жолдамақшы.

17 маусымда өткен онлайн-брифингте біз сол сұрақтарды облыстың бас санитар дәрігері Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВҚА қойдық. Оның айтуынша, №30 балабақшада коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты барлық мектепке дейінгі мекемелерді жабу туралы шешім шығарылған.

- Біз кәсіпкерлерді түсінеміз, бірақ ең бастысы - балаларымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі. Егер эпидемиологиялық жағдай жақсарса, жұмысты жалғастыру жөнінде айтуға болады, - деді Жұмағалиев.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

18 маусым 2020, 15:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.