Атырау, 20 мамыр 19:26
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Атырау облысында Сенат депутаттығына 5 үміткер ұсынылды

3 695 просмотра

Осы жылдың 12 тамызында ҚР Парламентінің Сенатына сайлау өтеді. Облыстық сайлау комиссиясы Атырау облысынан Парламенттің жоғарғы палатасына 5 үміткер ұсынылғанын хабарлады: біреуі облыстық мәслихаттан және 4-еуі - өзін-өзі ұсыну бойынша.

Мәслихат «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС басқарушы директоры, басқарма мүшесі, бұрын Нұрлан Ноғаевтың тұсында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Сағындық ЛҰҚПАНОВТЫ ұсынды. Ол 1960 жылы туған, мамандығы - инженер, көп жылдар бойы жергілікті теміржол бөлімінде түрлі байланыс және сигнализация бөлімшелерін басқарған, «Атырау» ӘКК-іне басшылық еткен. Облыстық мәслихаттың екі шақырылымында хатшы болып сайланған.

Өзін-өзі ұсынғандар:

Серік СМАҒҰЛОВ – «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары;

Сағын СЕЙІЛХАНОВ – «ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық желі Атырау бөлімінің бас инженері;

Серік АРЫСТАН – «АМӨЗ» ЖШС департаментінің директоры;

Айжан ҚАРАБАЕВА – Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры.

Қазір үміткерлердің Конституция және конституциялық заң талаптарына сай келуі анықталуда. Кандидаттарды ұсыну 13 маусымда басталып, 12 шілдеде сағат 18.00-де аяқталады. Ал кандидаттарды тіркеу 23 шілдеде аяқталады.

Жақында ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина Сенат депутаттарын сайлауға республикалық бюджеттен 254,7 миллион теңге бөлінгенін айтты. Республикалық бюджеттен қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың арнайы ашылған шоттары арқылы жүзеге асырылады. Әр өңір үшін сома сайлаушылар санына және депутаттыққа үміткерлердің санына байланысты болады.

Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде сайлаушылардың - облыстық мәслихат депутаттарының жасырын дауысы арқылы сайланады. Өкілеттік мерзімі - 6 жыл.

Естеріңізге салсақ, жоғарғы палатада Атырау облысынан қазір екі депутат - 2014 жылы сайланған Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ пен 2017 жылы сайланған Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ бар. Еңсегеновтің депутаттық мерзімі аяқталып қалды, оның орнына тамыз айында өңірімізден жаңа сенатор сайланады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

17 маусым 2020, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.