Атырау, 10 мамыр 19:09
 ашықВ Атырау +9
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Еріктілер Геолог пен Балықшыда отбасылық саябақ ұйымдастыруда

Сурет Бейнежазба
3 724 просмотра

Еріктілер тобы Балықшы мен Геолог ықшам аудандарында отбасылық саябақ салуды қолға алды. Геологта жұмыстар басталып кеткен, жақында еріктілер Балықшыдағы учаскені пайдалануға рұқсат алды. Ол жерде соңғы аялдама маңындағы жағалау бөлігін саябаққа айналдыру жоспарланған.

Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ еріктілерге берген жауабына сүйенсек, учаскенің жалпы ауданы 4,29 га, оның 2 гектардан астамы көп пәтерлі тұрғын үй құрылысына бөлінген: «Айта кету керек, жыл басынан бері нысандар салуға немесе жағалау аймағынан жер бөлуге рұқсат берілмегенін атап өту керек. Сіздердің өтінішіңіз бен тұрғындардың Балықшы ықшам ауданын көгалдандыруға деген қызығушылығын ескере отырып, әкімдік парк аймағын абаттандыру үшін 1,8 га алаң бөлуге дайын».

Осы істің бастамашысы Таңат НҰРЫМОВТЫҢ айтуынша, ағаш отырғызуға, суаруға, балалардың ойын алаңын орнатуға көмектескісі келетін жандар бар екен, дегенмен еріктілердің көмегі артық болмайды.

Ал Геологта бүгінде 4075 ағаш (шаған, канадалық үйеңкі, тал) отырғызылған.

- Бұл жерге барлығы 30 мыңға жуық ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз, - дейді ерікті Олжас СҰЛТАНОВ. Оның айтуынша, бұл аумақта отбасылық демалыс аймағын жасау идеясы Геолог тұрғыны Руслан КҮМІСҚАЛИЕВҚА тиесілі екен. Ол бұл ойын ортаға салып, Олжас ерікті-достарын тартып, жұмыс қыза бастаған.

Руслан КҮМІСҚАЛИЕВ

Қазір учаскеге электр қуат көзі жеткізіліп, суару үшін сорғы орнатылған. Бұл аумақ күзетіледі, күзетшілерге Олжас өз қалтасынан төлеп отыр. Ал суару үшін мектеп оқушылары жауапты. Олар да суарғаны үшін көп болмаса да жалақы алады, бірақ балалар үшін бұл ақша артықтық етпейді.

Еріктілердің айтуынша, ағаштарды отырғызу кезінде олар агроном, биолог, бағбандардың кеңесіне әлденеше рет жүгінген. Қазір де көшеттердің қалай өсіп жатқанын бақылауға алған.

Қалалық ТКШ бөлімі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бүгінде Атырауда 20-дан астам парк пен аллея бар, оның 15-і қалалық ТКШ бөлімінің балансында тұр. Бұлар – Құрманғазы атындағы аллея, Қ.Смағұлов атындағы аллея, Исатай және Махамбет алаңы, С.Мұқашев атындағы аллея, Х.Доспанова атындағы аллея, Д.Нұрпейісова атындағы аллея, Абай атындағы аллея, Нұрсая ықшамауданындағы аллея, Жеңіс саябағы, Балықшыдағы саябақ, Жилгородоктағы №1, №2 саябақтар, Алмагүл ықшамауданындағы аллея, Әйтеке би алаңы, Геолог ықшамауданындағы аллея.

- Бұл саябақтар мен аллеяларда барлығы 53 мың ағаш өсіп тұр. Оларды күту мен зиянкестерден қорғауды «КДМС» ЖШС жүзеге асырады, - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Биыл Жеңіс саябағын қалпына келтіруге жергілікті бюджеттен 50 миллион теңгеге жуық ақша бөлінді. Бұдан басқа, С.Мұқашев, Қ.Смағұлов, Құрманғазы және Д.Нұрпейісова атындағы аллеяларды қалпына келтіруге 200 миллион теңге бөлінді - бұл соманың жартысы, келесі жылы тағы 200 миллион қаражат бөлінеді, өйткені қалпына келтіру жұмыстары екі жылға жоспарланған.

Балықшы мен Геологтағы отбасылық демалыс саябақтарын ұйымдастыру бюджеттен қаржыландырылмайтынын атап өткен жөн - бұл ынтамен жасалып жатқан жұмыс.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

15 маусым 2020, 16:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.