Атырау, 10 мамыр 12:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Кент әкіміне «басқасын» өткізіп жіберуі мүмкін бе?

3 757 просмотра

«АЖ»-ға келіп түскен Мақат ауданы Доссор кентінің тұрғыны, «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз ҒАБДУЛЛИННІҢ өтінішіне қарағанда, кент әкімін сайлау әлі де маңызды мәселе болып тұр. Бірақ кез-келген шағымға биліктің беретін жауабы дайын.  

Ғ. Ғабдуллин:

-26 мамырда Доссор кентінің бос тұрған әкімдік лауазымына үміткерді таңдау үшін өткен жергілікті қоғамдастық жиналысында Мақат ауданы әкімі Шәкір КЕЙКИН регламенттің өрескел бұзылуына жол берді. Ол кандидаттыққа үміткерді таңдауда заңға сәйкес  БАҚ-та 10 күн бұрын хабарламастан жабық түрде жиналыс өткізді. Біздің ұсынғанымыздан бөлек кандидаттыққа тағы екі үміткер бар, олар сегіз күн қалғанда ұсыныс берген. Бұл заң аясына сыймайды.

Осыған қатысты «АЖ» сұрағына Мақат аудандық әкімдігі мынадай мәлімет жолдады: «Қазақстан Республикасының Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтарындағы ҚР заңының 36,36-1 бабына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент әкімін ауданның мәслихаты аудан әкімі ұсынған және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілген 25 жасқа толған үміткерлер арасынан баламалы негізде төрт жыл мерзімге қызметке сайлайды. Биылғы жылдың 26 мамыр күні сағат 11.00-де «Доссор кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің ғимаратында жергілікті қоғамдастық отырысында Доссор кенті әкіміне кандидаттарды келісу мәселесі қаралған жиналыс өтті. Жиналыс туралы хабарландыру аудан әкімдігінің Facebook желісіндегі парақшасында жарияланып, мүдделі өкілдерге жеке телефондары арқылы хабарланды. 27 сәуірде аудан әкімінің қарауына Доссор кентінің кейбір тұрғындары атынан Ғ.Ғабдуллиннің Доссор кенті әкімі лауазымына азамат Б.Ермековты ұсыну туралы арызы келіп түсті. 26 мамырда өткен жиналыс кезінде жергілікті қоғамдастық өкілдеріне ұсынылған кандитаттардың қатарында «Aқиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғ.Ғабдуллин ұсынған Ермековтың құжаттары да болды. Доссор кенті әкіміне кандидаттар жергілікті қоғамдастық мүшелерінің келісімімен ұсынылуына орай, кандидаттар тізімі аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылды. Кандидаттардың құжаты жинақталып, тіркеліп, сайлауалды үгіт жұмыстары жүргізілуде. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хабарламасына сәйкес, Мақат ауданы Доссор кенті әкімін таңдаушылар (аудандық мәслихат депутаттары) арқылы сайлауы осы жылдың 15 маусымында өтеді». 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

15 маусым 2020, 11:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.