Атырау, 6 мамыр 04:57
 ашықВ Атырау +16
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Бас прокурор Жоғарғы соттан Рысқалиевтардың жеке мүліктерін қайтарып беруді сұрады

7 100 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

Мамыр айының соңында ҚР Бас Прокуроры Ғизат НҰРДӘУЛЕТОВ ҚР Жоғарғы Сотына Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен оның інісі Аманжанның мүлкін тәркілеуге қатысты үкімді қайта қарау туралы кассациялық шағым берді. Толығырақ «АЖ» материалынан оқыңыз.

Бұған дейін сотталғандардың адвокаттары өтініш берді.

«Істі зерделеу барысында мүліктердің заңсыз тәркіленгені туралы өтініштерде көрсетілген дәлелдер расталды», - делінген Бас прокурордың шағымында. Бұл тек ағайынды Рысқалиевтарға ғана емес, олармен бірге сотталған Рүстем ӘЛБАҚАСОВ пен Ерболат ІЗБАСАРҒА, сондай-ақ олардың әйелдеріне де қатысты.

Бас Прокурордың басты дәлелі: сотта Рысқалиевтар, Әлбақасов және Ізбасар аса ірі көлемде  бюджет қаражатын иемденді деп танылған уақыт 2008 жылғы желтоқсан деп саналады, бірақ сот шешімімен олардың бұған дейін иеленген мүліктері тәркіленген.

Бас Прокурордың пікірінше, негізсіз тәркіленген заттар тізімі өте ұзақ және көп, біз біразын ғана қысқаша атап өтейік.

Бас прокурор Бергей Рысқалиевқа төрт ЖШС-дегі оның үлесін, Нұр-Сұлтан, Атырау және Ақтөбедегі үш жер учаскесін, Атыраудағы үйді, сондай-ақ, Алматыдағы жерасты гараждарын;

Аманжан Рысқалиевқа Атыраудағы жер учаскелері мен Ақтөбедегі үйлерді, сонымен қатар, екі ЖШС-дегі үлестерін;

Бергей Рысқалиевтың әйеліне - Атыраудағы бірнеше тұрғын емес үй-жайларды, сонымен қатар бірнеше ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлестің жартысын;

Аманжан Рысқалиевтың әйеліне - Атырау қаласының орталығындағы 2 пәтер мен жер учаскелерін;

Рүстем Әлбақасовтың әйеліне - Нұр-Сұлтан мен Ақтөбедегі бес жер учаскесін, Алматыдағы жерасты паркингін, Ақтөбедегі үй мен тұрғын үй-жайларды;

Ерболат Ізбасардың әйеліне - Атырау мен Ақтөбедегі жер учаскелері мен пәтерлерді, үш банктің шотындағы тыйым салынған ақшаның жартысын, сондай-ақ 9 ЖШС-дегі үлестерін қайтаруды сұрады.

Бұдан басқа, Бас Прокурордың пікірінше, Андорра князьдігіндегі 13 миллион 602 мың АҚШ доллары сомасындағы банк шоттарына салынған тыйым жойылуы керек. Ақша Сергей Рысқалиевқа қатысты компанияларға тиесілі, ал ол «Бергей Рысқалиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобы» бойынша қылмыстық жауапқа тартылмаған еді.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 25 қаңтарында Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сырттай (өйткені сотталушылар қашып, іздеуде болды) Бергей Рысқалиевқа17 жылға бас бостандығынан айыру, Аманжан Рысқали мен Рүстем Әлбақасовқа – 16 жылдан, Айбат Сүлейменовке, Ерболат Ізбасарға, Нұрлан Жұлмағамбетовке – 9 жылдан, Мұрат Желдібаевқа – 8 жыл, Артем Даневичке 6 жыл жарымға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Үкімде жазамен қатар барлығының мүліктерін тәркілеу көрсетілген.

Кейін сот үкімімен 185 нысан, оның ішінде 50 пәтер мен 44 жер учаскесі және банк шоттарынан 13 миллион доллар тәркіленгені туралы хабарланды.

Жоғарғы сот Бас прокурордың наразылығын қарауды 23 маусымға белгіледі. 

Фархат ӘБІЛОВ

14 маусым 2020, 14:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.