Атырау, 6 мамыр 05:36
 ашықВ Атырау +16
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

​Тұрақтандыру қоры: қойма жоқ, баға да бақылаусыз

4 116 просмотра

Ресми статистиканың жылтыраған көрсеткіштерімен салыстырғанда нақты баға әлдеқайда өскен. Азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қоры бар «Атырау» ӘКК өз міндетін атқара алмай жүр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының жанынан құрылған арнайы мониторинг тобы нарықтағы бағаларға талдау жасап, Атырау облысы аумағында, Қазақстанның барлық жеріндегідей, негізгі азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын тауарлар бағасының күрт өскенін анықтады. Мониторинг кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бөлшек және көтерме сауда орындары қамтылды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 Қаулысымен әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне 19 түрлі азық-түліктің атауы кіреді, атап айтқанда: 1-сұрыпты бидай ұны, 1-сұрыпты бидай ұнынан (формалық) пісірілген нан, макарон, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі), тауық еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% пастерленген сүт, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, тұздалмаған сары май, 1-санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы («Экстрадан» басқа), майлылығы 5-9% сүзбе.

Үкімет 1 тоқсанға бекіткен баға бойынша бөлшек саудада картоптың бағасы 99 теңгеден аспауы тиіс. Шын мәнінде, картоптың бағасы  көтерме саудада 115 теңгеге жетті, яғни белгіленген бағадан жоғары. Ал базардағы бөлшек саудада ол 170 теңгеден сатылды. Жұмыртқаның бағасы 252 теңге деп белгіленсе,  он жұмыртқаның орташа құны 280 теңге болды, пияз да 96 теңгеден сатылудың орнына 120 теңгеден сатылды және т.б.

Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау облыс әкімдігіне, сол салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары мен «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына (ӘКК) жүктелді. Бағаның өсуіне жол бермеу үшін азық-түлік тауарларын сақтайтын тұрақтандыру қоры - аграрлық азық-түлік нарығын реттеуге арналған қор ұйымдастырылды.

Тұрақтандыру қорының сауда нүктелері барлық базарда және кейбір супермаркеттерде бар, бірақ оның көкөніс пен жемістерінің сапасы өте нашар күйде болғандықтан, тауары сұраныста болмайды. Айта берсе, көп.

- Мониторинг барысында тұрақтандыру қоры желісі бойынша әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың тек 5-еуі ғана сатылатыны анықталды: сәбіз, пияз, картоп, қызылша және қырыққабат. Ал олардың сапасына келер болсақ, тұтынушы оны сатып алуы екіталай, - деп атап өтті «Атырау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері.

Жобалық кеңсе тұрақтандыру қорының өз қоймалары жоқ екенін анықтады және ұйым стратегиялық азық-түлік қорын жасай алмайды екен. Тұрақтандыру қоры өкілдерінің айтуынша, қоймаларды ұстау өте қиын, шығыны да көп. Егеуқұйрықтар жүреді, көкөністерді сақтау шарттарын үнемі қадағалау керек, т.с.с. Тұрақтандыру қорының өз қоймалары болғанда да тауарлардың дұрыс сақталуы күмән тудырған еді.   

Зульфия ИСКАЛИЕВА

11 маусым 2020, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.