Атырау, 6 мамыр 08:11
 ашықВ Атырау +20
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Әуесқой балық аулаушымен әңгіме

3 434 просмотра

16 маусымда кезекті спорттық (әуесқой) балық аулау маусымы басталады. Біз балық аулау шараларын ұйымдастырушы Жетпіс ЖАМАНОВПЕН әңгімелескен едік.

- Жетпіс Исламұлы, Атырауда сіз секілді спортшы-балық аулаушы қанша?

- WhatsApp мессенджерінде 4 топ бар. Әр топта 257 адамнан артық болмайды, сондықтан 1, 2, 3, 4 Balyqshy Atyrau тобына 5, 6-топтар қосылуы, тіпті, 10-топқа дейін жетуі мүмкін.

Біздің қағидамыз – аумен ауламау және су тоғанын таза сақтау. 2018 жылы біз теміржол мен айналма көпір арасында екі рет «Таза жағалау» акциясын ұйымдастырдық. «Арнаулы автобаза» арнайы техникамен көмектесті. Әр акцияда 2 самосвалдан қоқыс жиналды.

Біз топ болып жиналып, Атырау мен көрші облыстардың шалғайдағы су тоғандарына балық аулауға шығып тұрамыз. Өткен жылы 25 адам болып, жеті көлікпен Батыс Қазақстан облысының Дөңгелек, Бітік, Сарышығанақ су қоймаларына бардық. Көп шортан ауладық, мен өзім 8 келісін олжаладым.

Дөңгелекте үш күн болдық. Ол жерде балық аулайтын үйшік бар, ал кемпингті біз сияқты Руслан есімді әуесқой балықшы басқарады. Қалаған адам балық аулау үшін мың шақырым болса да барады, ал бұл бар болғаны Атыраудан 560 шақырым жер ғой.

Ресейлік әріптестерімізбен – Магнитогорск, Челябинск, Екатеринбургтің жігіттерімен хабарласып тұрамыз.

Алдағы жылдары Байкалға балық аулауға барсақ па деген жоспарымыз бар. Бұған мұқият әзірлік қажет. Қазір олармен хат жазысып тұрамыз, ол жақтың жолы, климаты, сервисі қандай екенін сұрастырамыз. Атыраулық жігіттердің басын қосамын, оларға қайық пен моторлар қажет.

- Менің білуімше, сіз балық аулап қана қоймай, қажет болса, шабақтарды да құтқаруға тырысасыз.

- Әрине! Бұл өте маңызды нәрсе! Мәселен, 2018 жылдың желтоқсанында Жұмыскерде Balyqshy Atyrau-1, 2, 3 тобының мүшелері шығанақта қалып қойған шабақтарды құтқарды. Олар мұзды сүйменмен ұрып, бұрғылап, тормен сүзіп алып, Жайыққа жіберді. Үнемі осындай іспен айналысамыз.

- Балық аулау жарыстары туралы айтсаңыз. Қызықты болады ғой.

- Биыл 14 наурызда Алмалы маңында турнир ұйымдастырдық. Мұз еріп, спиннингпен аулайтын әуесқойлар мол олжаға кенелді. Осы күзде Құрманғазы ауылында Қиғаш өзені бойында осындай турнир өткізбекпіз. Бір апта бұрын сол жерде болдық – биыл су мол, өзенге балық көп келді. Balyqshy Құрманғазы тобындағы жігіттер турнирді ұйымдастыру жұмыстарын қолға алды. Тамызда Ырғыз көліне бармақпыз, бұл Ақтөбе мен Қызылорда облысы Арал қаласының арасында орналасқан. Ол жердің табиғаты қатал: жазда 45 градус ыстық әрі жел болады. Қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Сарышығанақ су қоймасына тағы бір сапар ұйымдастырылады.

Биыл жоспарымыз көп еді, бірақ коронавирус індеті бәріне кедергі келтірді. Енді, бұйырса, бәрі жақсы болады.

Мирас МҰСТАФАЕВ

11 маусым 2020, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.