Атырау, 7 мамыр 23:54
 жаңбыр жаууы ықтималВ Атырау +14
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Жолы болғыш Лаки

Бейнежазба
3 472 просмотра
Лаки қожайынын күтіп жүр

Атырауда қатыгез жігіттің қорлығынан тірі қалған ит жаңа қожайынын күтіп жүр. Әр елдің түкпір-түкпірінен бұл жануарды өзіне алғысы келгендердің қатары көбейді.

Адам тарапынан жасалған айуандық әрекеттер хикаясы, содан кейін де жануардың мейірімді жандарға деген сенімінің өшпеуі жұртшылыққа жария болып, әлеуметтік желі қолданушылардың жүрегін жылытты. Хабарламалар легінің көптігі сондай, тіпті, Instagram «Мейірімді жүрек» тобының парақшасын уақытша бұғаттап тастады. Желі қолданушылар қала маңындағы Еркінқала ауылы тұрғынының айуандық әрекеттеріне наразылық білдіріп, итті алып кеткісі келетіндерін жазып жатты. Бүгінде оның Францияға, Канадаға, АҚШ-қа, Ресейге және басқа елдерге ұшу ақысын төлейтіні туралы бірнеше маңызды ұсыныстар түсті. Бірақ жануарларға көмектесетін жергілікті еріктілер оны шалғайға жалғыз жіберу ол үшін тағы бір күйзеліс болатындығына сенімді. Қазақстандықтар да сырт қалмады, олар көлікпен келіп алып кетуге әзір екен.

Еріктілер итке «Лаки», яғни жолы болғыш деген лақап ат қойыпты. Шынымен де, осындай жауыздықтан кейін тірі қалудың өзі ғажайып болатын. Итті қорлаған жігіт жазадан қорықты ма, бірден иттің тірі екенін айтқан еді. Рас, өзінің ауласында шынжырға байланған басқа итті сол деп көрсетуге тырысты. Бірақ оған ешкім сенген жоқ, өйткені ол ашық түсті Лакиге еш ұқсамайтын еді. Әрі ол иттің еш жерінен зақымдалған жарақат табылмады.

- Лакиді өзен жағасынан сол қылғындырған адамның үйіне жақын жердегі бұта түбінен полиция тауып алды. Итке екі сараптама жасалды – бірі полиция тарапынан жасалды, ал еріктілер оны ветеринарға апарды. Полицейлер әлеуметтік желіде таралған бейнежазбаны түсірген адамның шыдай алмай, көлігінен түсіп, итті қорлаған жігітті итеріп жібергенін айтты. Осылайша, ит қашып кеткен екен. Алысқа кетуге әлі келмеген, бірнеше күннен кейін өз-өзіне келген итті полиция тауып алды, - деп әңгімелейді «Мейірімді жүрек» жануарларға көмек тобының жетекшісі Венера МАНАСОВА.

Қазір иттің жағдайы анағұрлым жақсы. Еріктінің ауласында тұрып жатыр, басқа иттермен тату, балалармен асыр салып ойнайды, ешқандай агрессия белгілері жоқ. Лаки күшті стресс алып, қатты қорқып қалса да, адамдарға деген сенімін жоғалтпаған. Ешкімді жатырқамайды. Тек қарғыбау кигізбек болса ғана есіне түсе ме, міз қақпай, қалшиып тұрып қалады. Қылғындырудың зарары да білініп жатыр – дәрігерлер тексерген кезде қарашығының  ауытқушылығын байқаған. Бұл жаншу және тұншықтыру салдарынан оттегінің жетіспеушілігін білдіреді. Ал рентгенде көмекейінің жұмсақ тіндері зақымдалғаны көрінеді. Бірақ мойын омыртқасы зақымданбаған. Жас төбет жақын арада толық сауығып кетеді деп үміттенеміз.

Естеріңізге салсақ, мамырдың аяғында әлеуметтік желіде Атыраудағы жануарларға қатыгездік көрсеткен бейнежазбалар пайда болған еді. Бірінде Береке ықшамауданында екі ер адам көлікте отырып, аула иттерін атып жүр. Екінші бейнежазбаның «кейіпкері» итті тоңазытқыш есігімен тұншықтырған Еркінқала ауылының тұрғыны. Кейінірек бұған Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкілетті өкіл, «Мейірімділік» еріктілер қоғамының жетекшісі Аружан САЙЫН наразылық білдіріп, жануарларға қатыгездік жасалған кезде пайдасы жоқ заңнаманы өзгертуді ұсынды.

 - Ересектер жануарларды қорласа, балалар ересектерден үлгі алады ғой. Ересектердің әрекеті жануарларды осындай қорлықтан қорғай алмайтын балаларға үлкен қасірет әкеледі. Өткен жылы балалары осындай жағдайларға куә болған ата-аналардан хат алып, барлық өңірге осындай қылмыстар саны мен қылмыскерлердің жауаптылығы туралы сұраныспен хат жолдадым. Жабырқатар көрініс - тіпті қылмыстық істер ашылса да, көпшілігі жабылып, ешкім жауапты болмайды екен, - деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Ал 7 маусымда Индер ауданының Көктоғай ауылында жергілікті тұрғын көршісінің итін ауылшаруашылығы құралымен ұрып-соғып, кейін ұсталған.

Қатыгез жандар Атырауда ғана емес. Петропавлда бір әйел спаниелін 4-қабаттан лақтырып жіберген. 4 маусымда әлеуметтік желіде белгісіз екеудің (кейін Алматы облысынан екені анықталды) бейнежазбасы тарады. Олар қапшық ішіне салынған итті көрсетіп, үстіне бензин құйып, «кайфпен өлсін» деп, өртеп жібереді де өздері мәз болып бақылап тұрады. Айтпақшы, Петропавл тұрғыны 10 АЕК (27780 теңге) көлеміндегі айыппұлмен құтылған.  

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет пен бейнежазба әлеуметтік желіден алынды

9 маусым 2020, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.