Атырау, 19 мамыр 21:41
 ашықВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Атыраулықтар «Алтын әйелді» жауынгер деп таныды

Сурет
5 871 просмотра

Облыстық тарихи-өлкетану музейі сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесін реставрациялау эскизін ұсынды.

Музей басшысы Рашида ХАРИПОВАНЫҢ айтуынша, «Алтын әйел» сармат дәуірінде (б.э.д. IV ғасырдан б.э. бірінші ғасыры аралығында) өмір сүрген. Тарих ғылымдарының кандидаты Марат ҚАСЕНОВ ғылыми жетекшілік еткен музей археологтары 2017 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандарын қазу кезінде алтын бұйымдарының бөлшектерін тапқан.

- Қорғаннан алтын жапсырмалармен қатар керамикалық ыдыстар, ерекше үлгіде жасалған қола қазан, қабанның азу тісі, ат әбзелдері, қола мен металдан жасалған жебе ұштары, қайың ағашының жаңқаларынан жасалған қорамса табылған. Сондай-ақ, алтын сырғаның бөлігі мен інжу тастарының, сақталған сүйек бөліктерінің негізінде оны әйел адам деуге негіз болды, - дейді Р.Харипова.

Суретші-реставратор Қырым АЛТЫНБЕКОВТІҢ жетекшілігімен «Остров Крым» ғылыми-реставрациялау зертханасында «алтын әйел» бейнесін реставрациялау эскизі жасалып, музейдің ғылыми кеңесіне екі үлгісі ұсынылған. Қорытындысында қорымнан табылған жәдігерлерге сәйкес жауынгер әйел бейнесін жасауға шешім қабылданған.

Карантин аяқталғаннан кейін археологтар Миялыдағы қорғандарды қазуды қайта жалғастырып, жұмбақ әйелдің толық бейнесін жасауға септігі тиетін қосымша жәдігерлер табылатынына үмітті. Зерттеу жан-жақты болу үшін қазба жұмыстарына Астрахан облысынан да археологтар шақыру жоспарланған.

Айта кетейік, Атырау жерінен табылған алтын әйелдің бейнесі оның жауынгер болғанымен ерекшеленетін болады. Бұған дейін 2014 жылы БҚО аумағынан табылған сармат дәуірінің алтын әйеліне «Алтын ханшайым» деп ат берілсе, 2013 жылы Шығыс Қазақстаннан табылған «Үржар ханшайымына» дәрігер болуы мүмкін деген болжам жасалды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті облыстық өлкетану музейі ұсынды

20 мамыр 2020, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.