Атырау, 28 сәуір 14:13
 ашықВ Атырау +18
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Соғыстың сегіз куәгері қалды

4 409 просмотра

Атырау облысында Жеңістің 75 жылдық мерейтойын бар болғаны 8 майдангер қарсы алады. Ардагерлеріміздің қатары уақыт өткен сайын сиреп барады. Бес жыл бұрын 86 еді, былтыр 15 адам болды. Ал биыл... Қалған ардагерлеріміздің есімін біле жүрейік.

Айдын АЙБАРОВ 1921 жылы 16 қазанда Мақат ауданының Доссор ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін өз еркімен Чкалов пен Пермьдегі әскери училищелерде білім алды. Сол кездері бұл оқу орындарында шабуылшы ұшқыштарды дайындайтын. Оқу аяқталғаннан кейін 49-шы жеке ұшу полкінде барлаушы ұшқыш, 956-шы шабуылдау авиациясы полкінде ұшқыш ретінде қызмет етті. Беларуссия мен Пруссияны азат етуге қатысты. Отан соғысы орденімен, II дәрежелі Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін» және «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Құрманбай ДОСЫМБЕТҰЛЫ 1923 жылы 15 сәуірде Гурьевтегі Ақжар ауылында  дүниеге келген. 1942 жылы әскери оқу орнын бітіргеннен кейін, Сталинград түбіндегі №101 атқыштар полкіне жіберілді. Жеңіс күніне дейін шайқасып, 1945 жылы елге оралды. II дәрежелі Даңқ орденімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Орынғали ҚАРАСАЕВ 1924 жылы 21 қазанда Гурьев облысы, Индер ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген. 1942 жылы тамызда әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста, Кореяда соғысқа қатысқан. 1945 жылдың аяғында елге оралды. «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен және Кеңес Одағының Маршалы Жуковтың медалімен марапатталған.

Осы құрметті тізімдегі жалғыз әйел - 1923 жылы 23 ақпанда Гурьев қаласында дүниеге келген Валентина КОНОПЛЕВА. Соғыс кезінде Мәскеу түбіндегі «Радиолокатор» ротасында қызмет еткен. «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және Жуков медальдарымен марапатталған.

Төреәлі КӨПТІЛЕУОВ 1926 жылы Құлсарыда дүниеге келген. 1944 жылдың қарашасында майданға аттанған. Атқыштар дивизиясының 375-ші полкінің құрамында Бірінші Беларус майданында соғысып, Минскіні азат еткен. 1950 жылы елге оралды. «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Закария СҰЛТАНОВ 1925 жылы Забурында дүниеге келген. 1943 жылы әскерге алынып, Беларус майданының құрамында 143-ші полкте соғысқан. Елге 1946 жылы оралды. II дәрежелі Даңқ орденімен, естелік медальдармен марапатталған.

Әлібек ТҮСІБӘЛИ 1925 жылы туған. 1942 жылы қарашада әскери дайындықтан өтіп, аға сержант шенін алған. 80-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында Екінші Украин және Үшінші Беларус майдандарында шайқасқан. Украина, Беларус, Польша, Румыния, Чехословакияны азат етуге қатысқан. «Қызыл жұлдыз» және І дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Атырау қаласының құрметті азаматы.

Қапес ЫБЫРАЕВ 1926 жылы Жылыой ауданының Ракуша совхозында дүниеге келген. 1943 жылы кіші командирлерді даярлау курстарынан өтіп, Беларус пен Украинаны азат етуге қатысып, Қиыр Шығыста соғысқан.

Концлагердің бұрынғы тұтқыны Екатерина АБСАТЫРОВА Атырауда тұрады. Ол 1931 жылы Мордовия облысында дүниеге келген. 1939 жылы 9 баласы бар отбасы Карелияға көшіп барады. Сол кезде ол жер Карелия-Фин республикасы деп аталған. Соғыс басталғанда отбасы Сальный аудан орталығын бетке алады. Жолда оларға қызыл әскер кездесіп, ол Сальныйдың немістердің қол астында екенін айтады. Олар үйлеріне оралуға қорқып, мектепте күте тұруды ұйғарады. Таңертең ертемен мектепке неміс солдаттары сау ете қалады. Осылайша отбасы Финляндия аумағындағы «Юрокко» концлагерінен бір шығады. Ол кезде Екатерина Серафимовна 10 жаста еді. Үш жыл үш айды концлагерьде өткізеді. Аштықты көріп, ауруға ұшырап, нағыз тозақты бастан кешіреді. Кеңес әскері 1944 жылдың күзінде оның отбасын азат етті.

Биыл соғысқа қатысушылар мен концлагерьдің бұрынғы тұтқынына  1 миллион теңгеден беріледі. 62 тыл еңбеккері «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен бірге 100 мың теңгеден, мемлекеттік марапат алмаған 2212 еңбеккер 30 мың теңгеден алады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

5 мамыр 2020, 19:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.