Атырау, 28 сәуір 02:34
 ашықВ Атырау +22
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Теңіз кенішіндегі жұмысшылар үстеме ақы төлеуді талап етті

Бейнежазба
4 507 просмотра

Бейнежазбадан алынған кадр

Теңіз кенішінде жұмысшылар тағы да бас көтерді. Әлеуметтік желіде вахталық поселкелердің бірінде топ болып жиналған жұмысшылардың әкімшілікке талап қойғаны туралы бейнежазба таралуда.

ТЖ қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штабтың хабарлауынша, 2 мамыр күні кешкісін "COC Realty" компаниясының 100 шақты жұмысшысы жұмыс берушіге карантиндік стационарда болу режимін жеңілдету және екінші вахтаға қалғандары үшін үстеме ақы төлеу талабымен шыққан.

Естеріңізге салсақ, "COC Realty" компаниясында жұмысшының коронавирус жұқтырғаны анықталған.

- Жұмысшылардың біреуінде коронавирус инфекциясын жұқтыру фактісі расталғандықтан, қызметкерлердің бәрі карантиндік стационар жағдайына көшірілді. Олар тұрмыстағы шектеулерді жеңілдетуді, атап айтқанда, бірге тамақ ішіп, темекі шегуге және бірге уақыт өткізуге рұқсат беруді талап етті. Бұл карантин жағдайында оқшаулау режимін бұзу болғандықтан, олардың қойған талаптары қабылданбады, - деп хабарлады шұғыл штаб.


Үстеме ақы туралы. Осының алдында ТШО бас директоры Имер БОННЕР селекторық кеңесте сөйлеген сөзінде өндірісте қалған адамдар үшін бір жарым есе көлемде төлемақы төленетінін айтқан еді. Сонда бұл мәселені шешуді мердігер компаниялардың өздеріне қалдырған болып тұр, ал олар өз қалауынша шешеді. «COC Realty» компаниясындағы жұмысшылардың бірінің айтуынша, басшылық екінші ауысым үшін бір жарым есе жалақы төлегісі келмеген.

- 3 мамырда жұмыс беруші мен әкімдік қызметкерлері жұмысшылармен кездесті. Еңбекақы төлеу мәселесі шешілді, - деп түсіндірді шұғыл штабта.

Қазіргі уақытта Атырау облысында 175 адам вирус жұқтырған, оның 111-і Теңіз кенішінің жұмысшылары екенін айта кету керек. Бұл жерде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай шиеленіскен күйде қалып отыр. Жұмысшыларды аумақтан шығару жалғасуда, қазіргі уақытта ТШО мен мердігер мекемелердің 13 мыңнан астам жұмысшысы Теңізден шығарылды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

3 мамыр 2020, 20:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.