Атырау, 28 сәуір 20:24
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Қалада көлікпен жүруге рұқсат алу үшін қайда тіркелу керек

6 518 просмотра

Көлікпен жүруге рұқсат етілген барлық қызмет және мекеме қызметкерлері енді 5 күн ішінде atyrau.infokazakhstan.kz сайтында тіркелуі тиіс. Осы мерзім аяқталғаннан кейін бұрын берілген рұқсат қағаз пайдаға аспайды.

- Қазіргі уақытта Атырау облысы әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік кіріс, статистика және біздің аумақтық органдардың мәліметін сәйкестендіріп отыратын карантин кезінде жүріп-тұруға рұқсат беру жүйесін әзірледі, - деп хабарлады онлайн-брифинг барысында Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан ҒАЛИЕВ.

Бұрын рұқсат заңды тұлғаның жіберген хаты бойынша ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб мақұлдағаннан кейін берілді. Рұқсат тек қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар, сондай-ақ облыстың бас санитарлық дәрігері рұқсат еткен басқа да бірқатар мекемелер үшін берілді. Бұл жұмыстың әділетті атқарылатынын көрсету мақсатында жаңа сайт әзірленді. Енді өтінішті сол сайт арқылы өздері беруі тиіс. Порталда рұқсат етілмеген қызмет түрлері іріктеліп,  өтініштері қабылданбайды. Өтініш жіберу үшін бірінші басшының ЭЦҚ қажет. Осыған байланысты рұқсат беру жауапкершілігі заңды тұлға мен жеке кәсіпкердің өзіне жүктеледі. Бұл жерде адам факторының әсері барынша азаяды деп күтілуде.

- Осы сайтта рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне енген әрбір заңды тұлға немесе ЖК ЭЦҚ арқылы өз кәсіпорнын және қызметкерлерін тіркей алады. Жедел штабқа рұқсат алуға берген бұрынғы өтініштер бұл базаға енгізілмейді. Сондықтан 5 күнтізбелік күн ішінде өз қызметкерлеріңізді жаңа базаға енгізуді сұраймыз. Содан кейін ескі дерек жойылады. Алдағы уақытта карантин режимі жеңілдеуіне  байланысты жаңа қызмет түрлері қосылады, біз оларды да сайттың базасына енгіземіз, – деді Е. Ғалиев. Бұл ретте шетелдік нөмірі бар автокөлік қандай жағдай болса да базаға енгізілмейді.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла ИДРЕСОВТЫҢ айтуынша, сайт  29 сәуірден бастап іске қосылды. Қала ішінде көлік қозғалысына рұқсат алу туралы толық ақпаратты 109 нөміріне қоңырау шалып, білуге болады. Кәсіпорын әлде жеке кәсіпкер өзінің ЖСН-ін немесе компанияның БСН-ін енгізеді, әрі қарай бағдарлама алгоритмдер негізінде қызметкерлердің қала бойынша жүріп-тұруына бола ма, болмай ма өзі анықтайды. Бұл барлық компанияларда бар ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) арқылы тексеріледі.

Бөгет бекет арқылы өту үшін бұрынғыша штабтың рұқсаты қажет. Ал atyrau.infokazakhstan.kz сайтында тіркелген аудандық кәсіпкерлер енді қала ішінде де жүре алады, бұрын олар тек айналма жолдармен қозғалатын еді. Тіркелгеннен кейін рұқсат 15-20 минут ішінде беріледі, бұл туралы телефонға sms арқылы және электрондық поштаға хабарланады. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

30 сәуір 2020, 11:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.