Атырау, 1 мамыр 15:35
 бұлттыВ Атырау +16
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

«Карантинде жатып, ауру жұқтырдым»

4 359 просмотра

«Атыраудағы карантин» жарияланымының кейіпкері карантинде жатып, ақыры жұқпалы аурулар ауруханасына түстім дейді. Шетелден келген отандастарымызды оқшаулау жұмыстарының ұйымдастырылуына талдау жасаған ол  рейстегі жолаушылар үшін ол жерде болу қауіпті екенін айтқан болатын.

Ол 27 наурызда Стамбулдан «Эйр Астана» бортынан түскен 57 жолаушының бірі. Бұл рейс төтенше жағдай режимі енгізілгеннен кейін Атырауға келіп, карантинге алынған жолаушылардың алғашқы легі еді. АМУ-дің жатақханаларының бірі провизор орталығы ретінде шұғыл дайындалып, олар сол жерге карантинге жіберілді. Тәжірибе жүргізілген алғашқы топқа барлық ықтимал қателіктер жіберілген сыңайлы. Сайып келгенде, оның болжамы шындыққа айналды. Карантин бітер кезде жеті адамнан ауру анықталды. Бұл жолаушылардың 12 пайызы.

-  Вирустың жаппай жұғуына іші қапырық, желдетілмеген автобусқа ұшақтағы жолаушылардың бәрін тиеп алып, әуежайдың қону жолағында тағы жарты сағаттай тұрғанымыз себеп болғанына сенімдімін. Ұшақ салонында термометрмен ЖРВИ белгілері және дене қызуы жоғары жолаушылар анықталғанына қарамастан, оларға жеке көлік немесе «жедел жәрдем» бөлінбеді. Бәрімізді бір автобусқа тиеді. Кейін босаң режимдегі жатақханаға орналастырды. Жеке пікірім – біздің рейс жолаушыларының арасында аурудың таралуына жеткілікті дәрежеде қауіпсіздік шараларын алмаған облыстық әкімшілік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен сол кездегі облыстың бас санитарлық дәрігері кінәлі деп есептеймін.

- Ауру жұқтырғандар қалай анықталды?

- Хроникалды түрде: бәрімізді ауырып тұрған жігітпен бірге автобуспен жатақханаға әкелді. Сол жерден оны тест нәтижесін күтпестен ауруханаға алып кетіпті. Оны маған кейін курстасы айтты. Ертесіне, тест нәтижесі бойынша, расталған диагнозбен бір қызды ауруханаға жеткізді. Басқалардың, тағы бір студент жігіттің қызуы жоғары, жөтелі болса да тест нәтижелері теріс болып шықты. Ол бізбен тағы бір аптадай тұрды, көршісімен бір бөлмеде болды, дәлізде жүретін, барынша емделіп, тамағын шайып тұратын. Күннен күнге жағдайы қиындай берді, тоғызыншы күн дегенде қайтадан анализ алғанда, вирус анықталды. Келесі күні оны да әкетті. Оның бөлмесі біздің қабатта жақын жерде болатын.

-Карантинде байланыс жасаған адамдардан неше рет анализ алды және сізде вирус қалай анықталды?

- Екі рет қана. Бірінші күні және 13-күні, карантин бітер кезде. Менде және тағы үш адамда – бізді бақылаған медицина қызметкерінде, егде тартқан ерлі-зайыптыларда ПТР нәтижесі бойынша вирус анықталды. Карантин уақыты аяқталатын 14-күн дегенде жұқпалы аурулар ауруханасына түстік.

- Осы диагноздан кейін өзіңізді қалай сезіндіңіз?

- Ешқандай ЖРВИ белгілері болмады, дене қызуым қалыпты еді, бірақ моралды тұрғыда еңсем түсіп кетті. Бізді ауруханаға ертемен жеткізді, сағат 9-да дәрі-дәрмектің алғашқы дозасын қабылдадық. «Алувиа» препаратының 2 таблеткасын (вирусқа қарсы (ВИЧ), лопинавир + ритонавир белсенді заттары – автордың ескертпесі) қабылдадым, ал 2 сағаттан кейін жағдайым күрт нашарлап кетті. Басым айналып, лоқсып, қызуым көтеріле бастады.

- Бұл коронавирустың белгілері ме, әлде дәрінің әсері ме?

- Ауруханадағылар коронавирустың белгісі деді. Бірақ СПИД-ті емдейтін таныс дәрігерлер Алувианың әсері сондай екенін айтты. Қызуым екі күн түспеді, басқа әсерлер төрт күнге созылды. Шамасы ағзам дәріге бейімделген болуы керек, әрі қарай ауру ешқандай белгісіз өтіп жатыр. Біздің қабатта жатқан емделушілерде ауру белгілері жоқ.

- Бөлімше коронавируспен ауырғандар үшін қаншалықты үлкен, емделушілер көп пе?

- 9 сәуірде бізді әкелген кезде палатаның бәрі толы еді. Қазір кереуеттер босаған. Коронавирус жұқтырғандар үшін 24 палатадан 2 қабат бөлінген. Әр палатада екі кереует бар.

- Сізді қашан ауруханадан шығарады, емнен кейінгі нұсқаулықты берді ме?

- Бүгін ауруханада болғаныма 14 күн толады. Ертең, сосын екі күннен соң анализ тапсырамын. Егер расталмаса, жолым болғаны. Заттарымды арнайы камерада залалсыздандырады, жексенбіде ауруханадан шығамын. Нұсқаулық бойынша мен тағы 2 апта оқшаулануым керек. Отбасыма бармаймын, оларға қауіп төндіргім келмейді. Менің деректерімді осы жерден учаскелік дәрігерге береді. Ол маған 14-күн болғанда ПТР алуға келеді. Егер вирус қайтадан анықталса, провизорлық орталыққа отбасыммен бірге жатқызады. Мен бұған жол бере алмаймын. Сондықтан ешкімге қауіп төндірмей, үй карантинінде болатын жер дайындап қойдым. Вирустан таза екенімді мәлімдеп, бақылаудан шығарғаннан кейін үйіме ораламын.

27 наурыздан бастап есептесек, оның үйіне барар жолының ұзақтығы 45 күн болады екен. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

23 сәуір 2020, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.