Атырау, 1 мамыр 10:01
 бұлттыВ Атырау +22
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

«Ауруханалар қабылдамады, енді жерлей алмай жүрміз»

8 805 просмотра

Көрнекі сурет

Облыста коронавирустың даму статистикасы әзірге шекті деңгейде, біртіндеп көбейеді деп болжанып отыр. Ауруханаларда науқастар лық толы емес. Алайда облыстық денсаулық сақтау жүйесі қазірдің өзінде әлсіреп қалды: дәрігерлердің басым бөлігі карантинде қалды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы мемлекеттік қызметкер мансабын бастамай жатып, өкілеттігін тоқтатты. Стоматологиялық бөлімдер жабылды, хирургтар ота жасамайды, жалпы бейінді ауруханалар науқастарды қабылдамайды. Тіпті, мәйітханалар да дәрменсіз болып қалды. Ол жерде марқұм болғандардың денесін де бермейтін болған.

- Біз 16 сәуірде әуелі жедел жәрдем шақырдық. Ол кезде 69 жастағы атам әлі тірі еді, қатты қырылдап, дем ала алмады. Біз оны ауруханаға жатқызуды сұрадық, ол бұрын ауырған, 2002 жылы өкпесіне операция жасатқан еді. Бірақ карантинді желеу қылып, бүкіл аурухана қабылдаудан бас тартты, - дейді Фарид СЕКБАТАЛИЕВ. – Содан соң 17-сі күні таңертең жедел жәрдем келді, біз тағы да оны ауруханаға алып кетуді өтіндік. Жедел жәрдем фельдшері бүкіл ауруханаға қоңырау шалды. Тағы да ешкім қабылдамады. Айналғанда үшінші жедел жәрдем сол күні сағат 19.20-да дабыл парағына сәйкес, «астматикалық компоненттері бар созылмалы бронхиттан» қайтыс болғанын тіркеу үшін келді.

Полицейлер арнайы көлік шақырып, хаттама толтырып, мәйітханада денені қабылдап, сенбі күні таңертең келіңдер деді. Таңертең ол жерде тек санитар мен кезекші дәрігер болды. Бізге мәйітті бермеді, дүйсенбіге дейін күту керектігін айтты. Дүйсенбіде де мәйітті бермеді, прокуратураға жүгініңдер деді. Ол жерде кезекші тергеуші өздерінің мұндай істерді шешпейтінін айтып, қалалық полиция басқармасына жіберді. Олар да біз мұндайды шешпейміз, прокуратураға барыңдар, олар сараптама туралы қаулысын жоюы керек деді. Шарасыз қалдық. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына, облыс әкіміне хат жаздық – ешқандай реакция жоқ. Ауруханаға да жатқыза алмадық, үйде жатып көз жұмды, енді жерлей де алмай отырмыз. Айтпақшы, дүйсенбіде 6 адам қайтыс болыпты. Бізге меңгеруші ме, әлде бас дәрігер ме, алты адамға қатысты қағаздарды көрсетті. Коронавирусқа қатысты анализ жасауға өтініш берілгенін айтты. Бұл міндетті шарт екен. Бірақ оларда вирусолог жоқ, қашан болатынын да ешкім білмейді. Оның қорытындысы болмаса, мүрдені ашуға болмайды екен. Бірақ кейінірек екі мәйіттің туыстарына берілгенін естідік. Қалай екенін білмейміз. Вирусолог келмеген еді.

Журналистердің сұрағына жауап берген облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі облыстық мүрдеханада ешқандай мәйіттің жоқ екенін айтты. Кейінірек бірнеше мәйіттен сынама алатын «Сот медицина орталығы» РМҚК-ның облыстық денсаулық сақтау басқармасына емес, әділет министрлігіне бағынышты мекеме екені белгілі болды. Осының салдарынан «қайшылықтар» туындап отыр, - деп түсіндірді  ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ. Мәйітханаға қатысты хикая жұртшылыққа тарап кеткен соң проблема шешілді:

- Біз Әділет министрлігімен келісімге келдік облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарды жіберді. Ертең анализдердің қорытындысы бойынша мәйіттер беріле бастайды деп ойлаймын.

- Анализ алуға вирусолог қажет емес қой?

- Иә, кәдімгі медбике. Әділет министрі мүрделерге міндетті түрде коронавирусқа анализ жасау керек деген талапты бекіткен кезде, өлімнің тіркелу фактісі бойынша анализ алу керектігін меңзеген. Бірақ, өкінішке орай, тест жасау керек болғанда бұл құжат іске аспай қалған, - дейді Бисембиев.

АУРУҒА БОЛМАЙДЫ

Мүрделерге қатысты жағдай шешілді. Ал Конституцияда белгіленген қажетті медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда тірі адамдар не істеу керек? Бүгінде өңірімізде ақылға сыймайтын көрініс қалыптасқан. Қазір медицинада коронавирус және коронавирус емес деген екі диагноз ғана бар. Ал коронавирус болмаса, басқа аурулар еленбейді. Мысалы, күйік алған тұрғынға жеткілікті медициналық көмек көрсетпестен ауруханадан шығарып жіберген. Оның күйік жарақатының қорқынышты суреттері әлеуметтік желілерге тарап кетті. Адамдар сырқаттанған жағдайда көмек алу мүмкін еместігіне шағымданады. Таныс жүкті әйелдің бір аптадан астам уақыт бойы тісі қатты ауырған. Қайда емдетуге болатыны туралы ешқандай ақпарат таба алмапты. Ауруы жанына батқан соң №2 стоматологиялық емханаға нартәуекел етіп барған (қалада көлік қозғалысы шектелген еді). Емханада пациентті жедел пульпит деген диагнозбен қабылдап, емдемей, тек ауруын басатын дәрі салатындарын ескерткен. Оған тісіне күшала (мышьяк) салып, емделуге карантиннен кейін келіңіз деген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан пациенттерді қабылдайтын мекемелер тізімін алдым: «Стоматология» ЖШС-нан басқа (бұл жеке кәсіпорын, бірақ мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджет қаражаты есебінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ортодонтиялық емдеуден басқа, 18 жасқа дейінгі балаларға , жүкті әйелдер мен жедел тіс ауруымен келген пациенттерге стоматологиялық көмек көрсетеді, - автордың ескертпесі) №1, 3, 4, 7 емханаларда және Геологта шұғыл стоматологиялық көмек көрсетіледі» екен.

Тиімді және қажетті көмек көрсету уақыты туралы мәселе әзір шешілмей тұр. Міне, тағы бір мысал: қарт адам сүрініп кетіп, сан жілігін сындырып алыпты. Оған гипс таңғышын салып, карантиннен кейін қажетті операция жасалатынын айтқан.

«Алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің» деген сөз дұрыс айтылған. Ең болмаса карантин біткенше ауырып қалудан сақтасын деп тілейтін болдық.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

23 сәуір 2020, 14:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.