Атырау, 4 мамыр 02:22
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Атырауда коронавирустан көз жұмғандар қалай жерленеді (бұл жағдай болмайды деп үміттенеміз)

5 715 просмотра

Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирустан қайтыс болғандардың мәйіті ашылмайды және туған-туыстары мен жақындарына берілмейді. Қабірде олар жабық табытпен көміледі. Толығырақ – «АЖ» материалында.

Атап айтқанда, Covid-тан көз жұмған жағдайда жерлеу рәсіміне қатысу үшін жедел штабқа патологоанатом, санитар, обаға қарсы күрес станциясының маманы, сондай-ақ дін қызметкері бар алты адамнан тұратын екі топ бөлінген. Олардың бәрін денсаулық сақтау басқармасы бір рет пайдалануға жарамды қорғаныс киімдерімен жабдықтайды.

- Коронавирустық инфекциядан қайтыс болған адамның ұстанған діни бағытын басшылыққа ала отырып, бірінші топ діни қағидаларға сәйкес оның денесін жуады. Бұл ретте барлық материалдар дезинфекциялық ерітіндімен мұқият өңделеді. Жуындырғаннан кейін денені өңделген материалдармен және герметикалық тығыз матамен орап, сосын жерлейтін жерге жеткізу  үшін өңделген ағаш немесе мырыш табытқа салады, - дейді Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Хайролла КӨШҚАЛИЕВ.

Тасымалдау мен жерлеуге екінші топ қатысады - олар денені арнайы бөлінген учаскеге жеткізуді ұйымдастырады. Жергілікті атқару органы жерлеу аумағын қала шетінен тыс жерден белгіледі.

- Қайтыс болғандардың денесі діни қызметкерлердің қатысуымен діни қағидаларға сәйкес  жерленеді. Жерлеу рәсіміне туыстары мен жақындарынан алты адамға дейін қатысуға болады. Осыған байланысты тиісті қауіпсіздік шаралары сақталады: жаназа намазы немесе басқа діни рәсім денеден 4 метр қашықтықта өтеді. Жерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін қатысқан адамдардың бәрі санитарлық өңдеуден өтіп, автокөліктер дезинфекцияланады, - деп түсіндірді Көшқалиев.

Коронавирустан қайтыс болған адамның үйінде жерлегеннен кейін жақындарының, таныстарының және басқа да адамдардың қатысуымен ешқандай діни іс-шараларды ұйымдастыруға жол берілмейді, себебі барлық қатысушыларды бірден 14 күндік карантинге жібереді.

- Коронавирус  инфекциясынан қайтыс болған адамды жерлеуге байланысты барлық шығынды жергілікті атқарушы орган көтереді, - деп жауап берді «АЖ» тілшісінің сауалына  жедел штабта.

Егер жергілікті тұрғын коронавирустық инфекцияға қатысы жоқ себептермен қайтыс болса, денесі әдеттегідей зиратқа жерленеді, бірақ жерлеу рәсіміне тек үш көлікпен 10-15 адам ғана қатыса алады.

- Бұл жағдайда садақа өткізуге  тыйым салынады - бас санитарлық дәрігердің ұсынысы бойынша, жерлеу рәсімінен кейін үйде көпшіліктің жиналуына жол берілмейді, -деп тағы да  ескертті Көшқалиев. 

Фархат ӘБІЛОВ

18 сәуір 2020, 13:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.