Атырауда жеке мектептің 31 жастағы мұғалімі (Нұр-Сұлтан тұрғыны) мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен сауда орталығына қорғаныс маскасын кимей барғаны үшін 3 тәулікке қамауға алынды.
- 1 сәуірде, кешкі сағат 19-да карантиннің уақытша шектеулерін және басқа да міндетті санитарлық-эпидемиологиялық шараларды бұзған бұл азамат медициналық маска кимей, «Baizaar» сауда орталығының аумағында болған. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, тұрғылықты жерден тыс жерде маска кию, бір рет қолданылатын қолғап кию және қолды өңдеу үшін антисептиктер қолдану туралы нұсқау берілгені баршаға белгілі, - деп хабарлайды әкімшілік соттың баспасөз қызметі.
Құқық бұзушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша кінәлі деп танылып, үш тәулікке қамауға алынды.
Фархат ӘБІЛОВ