Атырау, 2 мамыр 23:46
 ашықВ Атырау +19
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Атырауша карантин

Сурет
3 870 просмотра


Карантинге алынған адамдар қандай жағдайда және бұл олардың қауіпсіздігіне септігін тигізіп жатыр ма? «АЖ» ондағы ахуал туралы сол жерде карантинге алынған адамнан анықтап білген еді.

Қазіргі жағдайдағы карантин - індетке байланысты Covid-19 тасымалдаушысы болуы мүмкін деген күдікпен адамдарды уақытша оқшаулау. Бұл вирустың таралуын болдырмау үшін қолданылатын негізгі құрал. SARS-CoV-2 вирусын жұқтырған адаммен байланысқан жандар үшін карантин байланыс жасаған сәттен бастап 14 күнге созылады. Кей жағдайларда бұл 21 күн болуы мүмкін.

22 наурыздан бастап шетелден келгендердің барлығы төтенше жағдай ережелеріне сәйкес қабылданып, тест жүргізіледі. Қажет болған жағдайда провизорлық стационарларға (қауіп тобындағы байланысқан адамдарға арналған мекеме; диагнозы расталған адамдар инфекциялық стационарларға орналастырылады - З.Б.) карантинге жіберіледі.

Танысым - KS870 рейсіндегі 57 жолаушының бірі, «Эйр Астана» ұшағымен 27 наурызда Ыстамбұлдан ұшып келді. 

- Атырау қаласының әуежайына келген соң, 40 минуттай борттағы барлық жолаушының температурасын тексерді. Деректерді жазып алғаннан кейін, бізді 10 адамнан топқа бөліп алып, іші қапырық, желдетілмеген екі автобусқа отырғызып, тағы да жарты сағаттай ұстады. Автобуста тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің екі қызметкері дәптердің бір парағына біздің аты-жөніміз бен басқа да деректерімізді бірнеше рет жазып алды.  

Осы уақыт бойына бізді қарсы алған уәкілетті жергілікті қызметтер мен департамент өкілдерінің үш адамнан топталып алып, ешқандай әрекет жасамай тұрғандарын автобус терезеден бақылап отырдық. Тек терезе ашылып, автобус ішіндегілер наразылық білдіргенде, қозғалыс басталды.

Кейін бізді Атырау мемлекеттік университеті жатақханаларының біріне апарып, автобустан бес адамнан шығара бастады. Бізді бөлмелерге орналастырды, сауалнаманы қайтадан толтырдық. Содан кейін бізді тестілеуден өтетін бір бөлмеге топырлатып кезекке тұрғызды. Ол жерде тағы да төртінші рет сауалнама толтырдық. Содан кейін үш үстелде қатар анализдер ала бастады.

- Тестілеу қалай жүргізіледі?

- Мұрынның шырышты қабығынан жұғынды алады.

- Нәтижені қашан алдыңыз?

- Ондай нәтиже алған жоқпыз - бүгін таңертең №7 емханадан екі дәрігер келіп, барлығының нәтижесі теріс екенін айтты. Диагнозы расталған қызды қай кезде алып кеткенін білмеймін.



- Стационардың күйі қандай?

- Бұл дәліз түріндегі ғимарат, дәретханасы ортақ. Ыстық су мен душы жоқ. Төсек орындары екі қатарлы, жуынатын жері жоқ. Екі адамнан жатқызды. Жылу жоқ, терезеден жел гуілдеп тұрады.



- Карантиндік бақылау деген қандай екен? Тазалау, дезинфекциялау жұмыстары жасала ма? Қандай қорғаныс құралдарын берді?

- Бөлмелерге әлі дымқыл тазарту жұмыстары жасалған жоқ. Бүгін түскі астан кейін бірінші рет температурамызды өлшеді. Қасымызда тұрақты қызметкерлер жоқ, әлде оларды көрмедім бе екен. Өз басым дәретханаларды да, басқа бөлмелерді де дезинфекциялағанын көрген жоқпын. Дәретханада ортақ пайдаланатын сабын бар. Санитайзер жоқ, бізге бір-бірден антибактериалды майлықтар орамын берді. Масканы күніне біреуден береді. Таңертең келген дәрігерлерден қарапайым тұрмыстық жағдайды шешуді өтіндік. Бізге шешімді облыс әкімінің орынбасары Хаменованың қабылдайтынын айтты.

Олар бәрін жазып алды да кетіп қалды. Айтқанымыздың пайдасы тиді ме, жоқ па, білмеймін, бірақ сағат 16.00 шамасында душты ашты. Сөйтсек, душ бар екен, бірақ біреу. Ол да ортақ пайдаланатын душ. Сағат 17-ден 19-ға дейін ер адамдар, 20-дан 22-ге дейін әйелдер барады деп уақыт белгіледі. Әйелдер жағы дезинфекцияны өздері жасаймыз деп келісіп жатты. Егжей-тегжейін білмеймін, мен әзірге бұл душта жуынуға дайын емеспін.



Біз белгілі бір тәртіп пен жағдайға үйреніп қалған ересек адамдармыз. Төтенше жағдай екенін білеміз, бірақ қарапайым өмір сүру үшін жағдай жасалмаса, коронавирустың алдын қалай аламыз? Вирустық қауіптің алдын-алу үшін ең алдымен гигиеналық тазалық пен байланыс аз болу керек.

Бірақ біздің арамызда тасымалдаушылар жоқтығына ешкім кепілдік бере алмайды. Вирус анықталған қызбен бір ұшақпен ұшып келдік, тағы екі адам онымен бірге бір бөлмеге орналасты. Жедел тестілердің дұрыс нәтиже бермейтіні бірнеше рет дәлелденді. Ал біз бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз, ортақ дәретхананы қолданамыз. Мұнда бір-бірімізге жұқтырып алмағанымызға сенімді емеспін.

Жазып алған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

29 наурыз 2020, 14:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.