Атырау, 28 сәуір 16:46
 ашықВ Атырау +18
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Әр үйдің өз ұйымы болу керек

3 735 просмотра


ПИК-ті жою және тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарының пайда болуы, ең алдымен, пайдалану шығындарының көтерілуіне әкеледі. Бұл туралы қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат ХАБИЕВ өткізген брифингте айтылды. Оның өзі де тұрғын үй-коммуналдық саласындағы кезекті «қайта құруға» риза емес секілді, бірақ «заң қабылданды, біз оны орындауымыз керек».

2022 жылдың 1 шілдесіне қарай ПИК-тер жойылады, олардың орнына әр үйдегі пәтер иелері кондоминиумның екі түрінің бірін: мүліктің меншік иелері бірлестігін немесе көп пәтерлі тұрғын үйдің қарапайым серіктестігін таңдауы тиіс. Бірінші жағдайда пәтер иелерінің кемінде үштен екісінің келісімі және бірлестіктің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуі қажет. Қарапайым серіктестік құру 100% тұрғындардың келісімін талап етеді, бірақ оны әділет органдарында тіркеудің қажеті жоқ.

Жыл соңына дейін көппәтерлі үйдің әрқайсысында кеңес сайлануы керек, оның міндеті – басқарушыны сайлау, есептерді қарау, ақшаның жұмсалуын бақылау, маңызды мәселелер бойынша жиналыс ұйымдастыру, үйдегі коммуналдық қызметтердің сапасын тексеру және т.б.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде Атырау тұрғын үй қорында  көппәтерлі 1118 тұрғын үй бар. 861 үйге 46 ПИК (пәтер иелері кооперативі), 31 жеке кәсіпкер (жеке кәсіпкер) және 4 ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) қызмет көрсетеді. Ал қалған 327 тұрғын үй ешқандай ПИК-тің балансына алынбаған. Мамыр айында тұрғын үй инспекциясы ең алдымен осы үйлердің тұрғындарына енді үй үшін жауапкершілікті өз мойындарына алу керектігін түсіндіруді жоспарлап отыр. Егер бұрын олардың ПИК-ке қосылып, өз проблемаларын жағдайы жақсы басқа үйлердің есебінен шешуге мүмкіндіктері болған болса, енді әр үй өз күнін өзі көреді.

- Қазір ПИК түскен қаражатты басқа жұмыстарға жұмсауы мүмкін. Мысалы, жағдайы жақсы басқа үйдің тұрғындары төлеген жарнаны көп қабатты ескі үйдің құбырларын жөндеуге жұмсай алады. Ал басқарудың жаңа түрі бойынша  мұны іске асыру мүмкін емес. Әр үй өз-өзін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты пайдалану шығындарының тарифі өседі деп болжанып отыр. Қазір 1 шаршы метрдің тарифі – 28 теңгеден 100 теңгеге дейін. Қазіргі уақытта біз министрліктен кейбір мәселелерді түсіндіретін заңға қосымша актілерді күтіп отырмыз. Осыдан кейін тұрғын үй инспекциясы есептеулер жүргізеді, соның негізінде мәслихат бекіткен ең төменгі тариф алынады. Жаңа өзгерісті елемеуге болмайды. Егер ПИК өз еркімен жабылмаса, онда олардың жұмысы сот шешімімен тоқтатылады, - дейді Қайрат Хабиев.

Әрине, Атырауда коммуналдық шаруашылықтан хабары бар және аз жалақыға жұмыс істеуге дайын 1118 (үй саны бойынша) менеджерді қайдан табуға болады деген сұрақ туындайды. ПИК-тің 20 жылдан астам тәжірибесі бар, сондықтан әр төрағаның бастапқыда кәсіби білгір болмағаны белгілі. Бір үйдің пәтер иелері бұрын 10-15 үй үшін төленетін штатқа, жұмысқа қалай ақы төлемек?

Сервистік компаниялар жаңа үй басқарушыларының тәжірибесіздігін «пайдалануы» ықтимал. Бұрын сантехниктер мен электриктер жұмысты бір рет және сапалы жасауға тырысатын. Өйткені олар белгілі бір жалақы алады және ПИК сол жөндеу жұмысы үшін екі рет ақы төлемейді. Ал бұл жұмыстар аутсорсингке берілген кезде сервистік компаниялар үй басқарушыларының өздерін қайта-қайта жалдауына мүдделі болады.

- Заң жобаларын дайындау кезінде біз ПИК Қауымдастығымен бірге пәтер иелері кооперативтерін қалдыру, ал жаңа нысандарды пилотты, баламалы нұсқа ретінде енгізуді ұсындық. Егер олар өздерін ақтаса, біртіндеп әр үйге жеке қызмет көрсетуге көшу керек. Астана мен Алматыда ПИК-тер үйлерді басқарудың жаңа нысандарын енгізуді жою үшін қол жинауда. Бәлкім, осы заңды қабылдаған кезде біреулер өздерінің мүдделерін көздеген шығар. Бірақ заң қабылданды, біз сол бойынша жұмыс істеуге тиіспіз, - деді Қ. Хабиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 наурыз 2020, 17:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.