Атырау, 6 мамыр 10:02
 ашықВ Атырау +20
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Атырауда құрылыс салушы екі компания «қара тізімге» ілінді

6 525 просмотра
Көрнекі сурет
Ақпан айының соңында Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы үлескерлердің ақшасын тартуға жергілікті билік органдарының ресми рұқсатынсыз жылжымайтын мүлікті сататын компаниялардың «қара тізімін» жаңартты. Қара тізімде Атырау қаласында элиталық 4 үй салып жатқан екі ЖШС де бар.


Атырауда элиталық үйлердің шаршы метрінің құны 250 мың теңгеден басталады. Болашақ тұрғындар бастапқы жарнаны салып, ай сайын құрылыс компаниясының шотына белгілі бір соманы аударады. Бұл үшін компания мен сатып алушының арасында алдын ала сату-сатып алу шарты жасалады. Жақында Атырау әкімдігі баспасөз хабарламасын таратты. Онда «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР  Заңына сәйкес, үй құрылысын салушы әкімдіктің тиісті рұқсатынсыз үлескерлердің қаржысын тарта алмайды делінген.

- Үлестік қатысу арқылы пәтер алуды жоспарлаған азаматтар ең алдымен компанияның қалалық сәулет бөлімінен рұқсаты бар-жоғын білуі тиіс. Қазіргі уақытта Атырауда тек 4 компанияда осындай рұқсат бар, - делінген баспасөз хабарламасында.

Егер құрылыс салушыда «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігі немесе әкімдік рұқсаты бар болса, бұл үлескер үшін нысанды аяқтауға мемлекет тарапынан 100% кепілдік болады дегенді білдіреді. Құрылыс салушы нысанға 15 пайыз өз қаражатын салса ғана кепілдеме немесе рұқсат беріледі.

Қазақстандық құрылыс салушылар қауымдастығы хабарлағандай, 2016 жылы үлестік құрылыс саласындағы қатынастарды реттеу үшін Қазақстан азаматтарын күмәнді мәмілелерден және олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң күшіне енді.

Заңның негізгі қағидаттары:

- Үлескерлердің ақшасын тарту «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының» кепілдігімен ғана мүмкін болады; екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу аясында жергілікті атқарушы органның рұқсаты; тұрғын үй қаңқасын (тұрғын ғимараттың) салғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсаты болуы тиіс.

- үлестік қатысу шарттары міндетті түрде жергілікті атқарушы органда тіркелуі тиіс;

- құрылыс үшін жеке және заңды тұлғалардан, осы заңның талаптарын бұза отырып, ақша тарту бойынша жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылады.  

Өткен жылдың жазында Атырау облысының прокуратурасы құрылыс салушыларды тексере бастады. Бір ЖШС ғана ҚР ӘҚБтК-тің 320-бабының 1-тармағы (Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 530 мың теңге айыппұл салынды.

Аз ғана статистикаға жүгінейік. 2007 жылдан бастап Қазақстанда жалпы саны 62 мың адамнан асатын 450 үлестік проблемалы құрылыс нысаны анықталды. Астана «бейресми» құрылыс салушылар үшін майлы шелпек болды. Алайда Атырауда да осындай құрылыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Жақында полиция нысандардың бірінен 138 келімсекті кездейсоқ анықтаған еді.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

3 наурыз 2020, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.