Атырау, 4 мамыр 14:55
 ашықВ Атырау +11
$ 444.14
€ 477.05
₽ 4.85

Атырау полициясы тағы бір ломбардты тексеруді бастады

Толықтырылды
3 743 просмотра


21 ақпанға қараған түні «Гарант 24 ломбард» ЖШС салымшылары Атыраудағы аталмыш кеңсе алдына жиналып, автокөлік, жылжымайтын мүлік және ақшаларын қайтаруды талап етті.

Олар да «Нұр-Али Капитал» клиенттері секілді алданып қаламыз деп қапалануда. Адам көп болды, бәрі ашуланып жүр. Сол жерге дереу жеткен полиция қызметкерлері де олардың алаңын сейілте алмады.

Салымшылардың бірі таңғы сағат 7-ден бері кезекке тұрып, түнге дейін күтіп, ақшаларын қайтара алмағанын айтады. Айқай-шу барысында серіктестік директорын «жедел жәрдем» алып кетті, қан қысымы көтеріліп, есінен танып қалыпты. Келесі күні Атырау облыстық полиция Департаментінің тергеушілері екі ломбардтың да есігін бекітіп, мөрлеп кетті.

-Қазір полиция екі ломбардтың да жұмысын тексеріп жатыр. Әзірге қанша арыз түскенін айта алмаймыз, әлі де қабылдап жатырмыз, - деп хабарлады «АЖ»-ға Полиция департаментінің  өкілі Гүлназира МҰҚТАРОВА.

«АЖ» тілшісі «Гарант 24 Ломбард» кеңсесіне барған. Алайда полиция қызметкерлері тергеу амалдары жүріп жатыр деген желеумен жақындатпады.  Кезекші экипаж да осы маңда бақылап жүр.

- Әпкемнің қызы сал ауруына шалдыққан, оған ота жасату үшін қомақты қаражат қажет болды. Сондықтан әпкем пәтерін сатып, ақшасын үстеме пайызбен еселеп аламын деген оймен  4 айға «Гарант 24 ломбардына» кепілдікке салды. Төрт айдан кейін үстіндегі өскен ақшасын түсіріп алды да, қалғанын кепілдікке қайта салып қойды.  Ендігі ақшасын наурыз айында алу керек, ал компания жабылып қалды. Салымшылардың кейбірі осы ломбардтың Ақтаудағы филиалына барған, онда да осындай жағдай екен. Енді не болары белгісіз, - дейді өзін таныстырғысы келмеген Атырау тұрғыны, - Қазір әпкем қалалық полиция басқармасында жылап отыр. Ломбард директоры да сонда. Тергеушілер оларды көзбе-көз беттестіруге уәде етті.

Сұхбаттасушымның айтуынша, оның әпкесі осы ломбардты қазақ эстрадасының жұлдыздары жарнамалаған соң, кепіл салуға шешім қабылдаған.

Тағы бір әйелдің айтуынша, азаматтардың арызын қалалық полиция басқармасының акт залында қабылдап, жәбірленуші ретінде жауап алып жатыр. Олардың есебінше, «Гарант 24 Ломбард» салымшыларының саны 300 ден асады, оның 70-і полицияға шағым түсірген.

Әзірге осы жұртшылықты әбігерге салып қойған екі ломбардтың ісіне қатысты Полиция  департаментіндегілер әзірге ешқандай ақпарат бермей отыр.  Ал Нұр-Сұлтандағы Полиция департаменті  «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-не қатысты ҚР ҚК-нің 190 бабының 4 бөлігімен («Аса көп мөлшерде зиян келтірген алаяқтық») сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.

- Қазіргі уақытта «Гарант 24 Ломбард» ЖШС және «Нұр-Али Капитал» ЖШС-не қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-нің аймақтық директоры уақытша ұстау абақтысына қамалды, - деп хабарлады Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Фархат ӘБІЛОВ

Коллажды дайындаған автор

22 ақпан 2020, 11:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.