Мақат кентіндегі «Болашақ» ықшамауданында 2017 жылғы шілде айында жұмыс сомасы 54 млн теңгеге бағаланған ауданы 3900 шаршы метр жерді демалыс орнының құрылысы басталды. Нысан 2018 жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс еді, бірақ мердігер мұны орындамады.
Мақат аудандық әкімдік мамандарының айтуынша, мердігер Тараз қаласынан келген «МасштабСтрой» ЖШС өз міндеттемелерін орындай алмады. Бөлінген қаржының 48 млн теңгесі игеріліп, арка, төсемтастар төсеу, балалар ойын алаңы, ротонда, баннер жасалған. Бірақ материалдар сапасы сыр беріп, жасалған жұмыстар кері бұзылып жатыр.
- Мердігер өз жұмысын дұрыс атқара алмады. Сол себептен ауданаралық экономкалық сотқа берген болатынбыз. Мердігер жұмысты осы жылдың 15 қаңтарына дейін толық атқарып шығуы керектігі жөнінде сот шешімі шыққан болатын, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан МУСИН. - Алайда мердігер әлі жұмысқа кіріскен жоқ.
- Мердігер сот талабын орындамаса, не істейсіздер?
- Мердігерді тағы сотқа береміз, енді бөлінген қаржыны түгел кері қайтару жөнінде шағымданамыз. Қаржы қайтарылса, қайтадан тендер өткіземіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор