Атырау, 17 мамыр 08:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Берешек 90 күннен асса, өсімпұл төленбейді

6 228 просмотра


Енді банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша берешек 90 күннен асып кетсе, айыппұл, өсімпұл, сондай-ақ, комиссия мен басқа да төлемдер есептеуге тыйым салынады, - деп хабарлады Ұлттық банк жанынан 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылған ҚР қаржы нарығын дамыту және реттеу жөніндегі агенттік.

Бұл өзгерістер Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 маусымдағы  «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығы аясында  "Банк және банк қызметі туралы" және "Микроқаржы ұйымдары туралы"  заңына түзетулер енгізілуіне сәйкесті әрекет ететін болады.

Айта кету керек, негізгі қарыз сомасы тіркелген немесе ақша кепілдігі арқылы толығымен мүліктік кепілмен қамтамасыз етілген несие шарттарына бұл шектеулер қойылмайды.

Естеріңізге сала кетейік, президенттің жоғарыда аталған жарлығына сәйкес, қазақстандықтардың бірнеше санаттарының қарыздары мен несиелері бойынша өсімпұлдары кешірілді. Бұл бағдарламаға 1,2 миллион қазақстандық  енді.

НЕСИЕ БӘРІНЕ БІРДЕЙ БЕРІЛМЕЙДІ

Борышкерлік жүктемесін төмендетуге бағытталған қосымша шаралар ретінде кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз несие берілмейді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде бекітілді.

Сондай-ақ, жыл басынан бері несиені рәсімдеу екі кезеңмен жүргізілетін болады. Бірінші кезеңде қарыз алушының несие төлеу қабілеттілігі тексеріледі. Онда қарыз алушының төлем қабілеттілігін куәландыратын анық деректерді (ресми табысы, банк есепшоттарындағы  сомасы, жағымды несие тарихы) негізге алады.

Бұл жағдайда борышкердің қарызы табысынан 50 пайыздан асатын жағдайларда кредит рәсімдеуге тыйым салынады. Несие беру кезінде бірінші кезекте басқа да қарыздың болу-болмауын тексеріп, күнкөріс деңгейін кәмелетке толмаған әр балаға шақтап есептеу қажет. Егер де қарыз алушының табысы жеткілікті болса, банк қарыз жүктемесін есептей бастайды. Барлық қарыздың сомасы табыстың 50 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Несие алушының табысы туралы мәліметтер тізімін екінші кезекте әрбір банк немесе микроқаржы ұйымдары өздері анықтайтын болады.

Әлеуметтік атаулы көмек алушыларға қатысты берешек жүктемесінің есебі табыс туралы ресми деректер негізінде жүзеге асырылады.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

 

6 ақпан 2020, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.