Атырау, 28 сәуір 03:10
 ашықВ Атырау +22
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Бауырым Әбділдә Мұқашев туралы естелік

4 682 просмотра


Әбділдә өмірден өткеннен кейінгі бір жыл оның бар өміріндей зу етіп өте шықты. 

Ол туралы естеліктеріммен бөліскенім оған ұнай ма, білмеймін... Бірақ бұл бүгінде ағамның рухы үшін қолымнан келетін жалғыз іс – ол туралы аз-кем әңгіме айту. Мүмкін біреулер ол туралы көбірек білгісі келетін болар...

Ол партия қызметкері Рақымжан мен тарих пәні мұғалімі Сараның отбасындағы жеті баланың алтыншысы болды. Әбділдә бала күнінде шат көңілді, әр нәрсені білгісі келетін танымпаз болып өсті. Сабаққа да зерек еді, білімді тез қабылдайтын. Оның достары да көп болды, кейбіреуімен өмір бойы достығын үзбеді.

Жасөспірім кезінен-ақ Әбділдә өжеттілігімен танылған-ды, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын. Мәселен, ол 15 жасында, әлі кішімін демей, педагогикалық институттың құрылыс отрядына жазылып, жаз бойы еңбек етіп, алғашқы еңбекақысын тапты.

Өткен ғасырдың 70-жылдарының балалары секілді ол авиация туралы армандап, ұшқыш болсам деп қиялдайтын. Осы арман жетелеп, Егорьевск авиациялық училищесіне оңай түсіп, 1981 жылы сәтті аяқтады. Алайда оқу жылдарында көзінің көруі нашарлап, ұшқыш болу орындалмас арманға айналды. Алғашқыда авиацияның жердегі құрылымында жыл жарым жұмыс істеп көрді, алайда мұндай жағдай көңіліне мүлдем жақпай, бұл кәсіппен түбегейлі қош айтысты.

1983 жылы Әбділдә Алматыда тұратын апасына барды. Өз бетінше «Қазақфильм» киностудиясына фильмдер әкімшісі болып жұмысқа кірді. Осы «Қазақфильмде» жүргенде оның шығармашылыққа деген қызығушылығы оянып, өлең, шағын әңгімелер жаза бастады.

Ал Әбділдәнің журналистикадағы жолы 1984 жылы «Ленинская смена» жастар газетінің редакциясы табалдырығын батыл аттағаннан басталған еді. Газет бөлімдері бірінің редакторы Л. Мананниковамен танысты, ол жас жігітке қолдау көрсетіп, пайдалы кеңестерімен көмектесіп, тапсырмалар берді. Көп ұзамай Әбділдә «Ленинская смена» газетінің штаттан тыс тілшісі болды. Оның алғашқы мақалалары осы басылымда жарық көрді.

Осы кәсіпті түбегейлі қолға алуды шешкен ол 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. 

1986 жылдың ортасында оны әкесі елге - Гурьевке шақырды. Көп ұзамай Әбділдә облыстық «Прикаспийская   коммуна» газетіне жұмысқа кірді.

90-жылдар басталды. Елімізде жариялық, сөз бостандығы, тәуелсіздік сияқты құндылықтарды естірткен «қайта құрудың» жүріп жатқан уақыты. Әбділдә кенет белгілі партиялық газеттен кетіп, өзінің жеке басылымын шығаруды қолға алмақшы болғанда әкеміз қатты уайымдады. Бірақ ұлы айтқанынан қайтпады. Ол алдына мақсат қойып, жоспар жасап, өзіне тән бірбеткейлігімен кездескен қиындықтарды ақылмен жеңіп, соны жүзеге асыруға ұмтылды. Бастаған ісін еш нәрсеге қарамастан соңына дейін жеткізу – Әбділдәнің туа біткен мінезі еді.

Әрине, бастапқы кезде оған отбасы, ағасы мен апалары, қарындасы қолдау көрсетіп, демеу болды. Әбділдә мұны ешқашан ұмытқан жоқ, өзіне артқан сенім үшін бәріне разы болды. Оның арқа сүйейтін мықты тылы да болды - жұбайы Нұржиян ескі жазу машинкасында жазбаларын теретін. «Компаньонның» алғашқы номерлеріндегі мақалалардың барлығын өздері жазды. Газет шығаратын қағаз үшін өзі ескі, жолда жиі бұзылатын УАЗ жүк көлігімен Ресейге баратын.

Бірақ Әбділдә мойымады. Жергілікті баспахана газетін басудан бас тартты. Бұл мәселені де өзі шешті - газет ұшақпен Шымкентке аттанады, ал онда журфакта бірге оқыған досы Александр жергілікті баспадан басып, кері жібереді. Осылайша 1991 жылғы 16 наурызда «Компаньонның» алғашқы номері жарық көрді. Ал газеттің алғашқы таратушылары студенттер мен үй шаруасындағы әйелдер болды. Олар оны, тіпті, әр пәтерге жеткізетін, өйткені «Баспасөз» дүңгіршектері ешкім танымайтын жаңа газетті (кейбіреулер оны «үнпарақ» газет деп атайтын) алудан бас тартқан еді.

Әбділдә өзіне алғашқы жылдары көмектескен және қолдаған жандардың - ол банкир, бизнесмен, партия қызметкері, жүргізуші, тіпті рэкетир болсын - бәрінің аттарын есіне сақтап, алғыс айтып отыратын.

Бір өкініштісі, әкесі ұлы ашқан газеттің ең танымал басылымға айналғанын, ал ұлының құрметті журналист, нағыз өз ісінің майталманы болғанын көре алмады. Бірде Әбділдәнің өзі де өкінішпен еске алып: «Осы жасағанымды, бәрі де қолымнан келгенін әкемнің көрмегеніне өкінемін-ау» деген-ді. Әрине, әкесі ұлының жетістіктеріне мақтанар еді.

Жалпы отбасымызда жетістіктер туралы айтып, мақтау қалыптаспаған. Бұл адал да аянбай еңбек етсең, қол жеткізетін заңдылық деп қабылдайтынбыз. Дегенмен ініміздің бағындырған биіктерін көргенде қуандық, інімізді мақтан тұттық, қиындықтар туғанда қатты алаңдадық.

Бос уақыты болмаса да, Әбділдә әдебиет пен өнердегі жаңа туындылар туралы біліп отыратыны, жаңа шыққан фильмдерді көріп, жаңа әндерді айтатыны мені таңғалдыратын.

Ол кез келген адаммен жеңіл тіл табысатын, қашан да ақжарқын болып, әзілдегенді ұнататын. Сонымен қатар ол өзі сөзіне бекем, шыншыл, ашық адам болғандықтан айналасындағы жасандылықты, өтірікті жаны сүймеді, әсіресе сатқындыққа төзбейтін, мұндай жағдай болса, қатты қиналатын.

Әрине, оның өміріндегі басты нәрсе – өзі және әріптестерімен бірге құрған газеті болды. Оған ол бар уақытын арнады, мақалаларды түзеп, жаңа өзекті тақырыптар іздеп, компьютер алдында күні-түні отыруға бейім еді. Демалу, ұйықтау, денсаулығы туралы ойламайтын.

Дегенмен, ол отбасына көп көңіл бөлетін. Ағасының, әпке-қарындастарының жанұясында болып жатқан жаңалықтардан ешқашан тыс қалмайтын. Анасына деген қамқорлығы да ерекше еді. Ол жиі келіп тұруға тырысып, онымен шай үстінде ұзақ әңгімелескенді ұнататын. Өмірінде бар істі өзі істеп үйренген Әбділдә ұлдарын да адал болуға, өз бетінше шешім қабылдай алатын, өз пікірі бар, өз мақсатына өзі жететін азамат етіп тәрбиелеуге тырысты. Екі үлкен ұлына жақсы білім берді, екеуі де қазір қоғамға пайдалы еңбек етуде. Кіші ұлы әлі оқушы. Үш сүйікті немересін бауырына басып, сүйіп кетуге үлгергеніне де шүкіршілік. Дегенмен, олардың ер жеткенін, жетістіктерін көрмей кеткені өкінішті...

Әрине, қасында Сабыр Қайырханов пен Михаил Палычев сынды сенімді серіктері болмаса, Әбділдәға осындай әйгілі де шынайы әділетті газет құру қиынға соғар еді. Олар ешкімге жалтақтамайтын, тәуелсіз басылым жасауға болатынына сенді. Олар бірге еңбектеніп, газетті республикалық деңгейге көтерді, оны беделді басылымға айналдырды, жеке типографиялық-баспа кешенін жасады.

Бір-біріне деген шексіз сенім, өзара түсіністік, қолдау мен ерлер арасында болатын мықты достық олардың өмірі мен тағдырларын мәңгіге сабақтастырды. Олар соңғы сәтке дейін Әбділдәнің қасынан табылды.

Әрине, Әбділдәнің туған ұжымына деген назары ерекше еді. Олар осы жылдарда онымен бірге талай сыннан – шегі жоқ тексерулер, соттар, тыйымдар, өрт қою сияқты қоқан-лоққы көрген әріптестері... Қала мен облыстың өзекті мәселелері туралы еш қаймықпастан өткір мақалалар жазған әріптестері. Көмектері керек жерге бірінші болып жетіп, оқыс оқиғаларды шынайы да объективті жарыққа шығаратын әріптестері. Осындай жарқын, талантты, принципшіл, өз ісіне берілген журналистердің арқасында «Ақ Жайық» газеті оқырмандар білетін және сүйетін өз биігіне шықты.

Әбділдә өмірден кеткеннен кейін баспада жарық көрген оқырмандары мен әріптестерінің толғауларын көзге жас алмай оқу қиын.

Бұл жазбалардан оның осы қысқа да күрт үзілген өмірінде көп нәрсе жасап үлгергенін түсінесің. Оны жақын танымаса да, ешқашан көрмесе де, «Ақ Жайық» газетін жақсы білетін мыңдаған қарапайым оқырман қазасына қатты қайғырды. Кейбірі сырттай көргенін немесе қысқа кездесулері туралы жазса, кейбірі оның алғашқы «Компаньон», «Местное обозрение» газеттерін білетінін айтып жатты. Бір кездері көрсеткен көмегі мен қолдауы, шындығы пен әділдігі, азаматтық ұстанымы мен принципшілдігіне алғыстарын білдірді.

Әр өңірдегі түрлі басылымдардағы журналист әріптестерімен бірге сыныптастары, авиаучилищедегі курстастары естеліктерімен бөлісті.

Осы естеліктерді оқып отырып, көптеген оқырмандар үшін ол құрған газеттің қаншалықты жақын екенін, олар үшін 28 жыл бойы шындықтың, әділдіктің үні болғанын, олардың бұл орны толмас қайғыны шын көңілден аза тұтқанын жаныңмен сезінесің.

Міне, осыларға, осындай игі оқырмандарына, ниеттес достарына Әбділдә өз білімін, өз еңбегін, өз өмірін арнады! 

Гүлжан Мұқашева

***

Ардақты азамат, әулетіміздің асқар тауы, қимас бауыр, қамқор әке, немерелерінің сүйікті атасы ӘБДІЛДА РАХМЕТЖАНҰЛЫ МҰҚАШЕВТІҢ дүниеден озғанына орай жылдық  қадесінің  дұға дастарханы Атырау қаласы, “Әсел” мейрамханасында (Авангард, 3 м/а) 25 қаңтарда сағат 12-де жайылатынын хабарлаймыз.

Мұқашевтар әулеті


23 қаңтар 2020, 11:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған