Атырау, 18 мамыр 21:04
 бұлттыВ Атырау +12
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Түркия Сириядағы әскери операцияны тоқтатуға келісті

1 537 просмотра


17 қазанда Анкарада Түркия президенті Режеп Ердоған АҚШ вице-президенті Майкл Пенспен кездесіп, Сирия солтүстігіндегі әскери операция мәселесін талқылады. Екі жарым сағатқа созылған кездесуден кейін Майкл Пенс Түркияның күрдтерге қарсы әскери операцияны тоқтатуға келіскенін хабарлады.

Әуелі атыс 120 сағатқа тоқтайды. Осы уақыт ішінде күрдтер жасағы әскери операция аумағынан шығып үлгеруі тиіс. Бұдан соң Анкара әскери операцияны толығымен аяқтайды.

Пенстің айтуынша, Вашингтон Анкараға жаңа санкция салмайды, ал бұған дейінгі шектеулер атыс тоқтағаннан кейін алынбақ.

"Түркиядан жақсы хабар!...Миллиондаған адам аман қалатын болды" деп жазды Трамп Twitter-дегі парақшасында.

Ердоған бұған дейін вице-президентпен кездесудің нәтижелі болатынына күмән білдірген. Тіпті Пенспен кездеспейтінін де айтып қалған, бірақ кейіннен жоспарын өзгертті. Түркия президенті АҚШ санкциясынан да қорықпайтынын айтқан.

9 қазанда Түркия Сирия солтүстігінде күрдтерге қарсы әскери операция бастаған. Анкара күрд жасақтарын "террорист" деп атап, Түркия аумағындағы сепаратистерге дем берді деп айыптайды. Вашингтон күрдтерді "Ислам мемлекеті" террористік тобымен күресте одақтас санайды. Бір аптадан астам уақыт ішінде Түркия мен одақтастары шекара маңындағы біраз аумақты бақылауына алды. Түркия шабуылынан қорғанған күрдтер Дамаскімен келісім жасасып, күрдтер шоғырланған бірнеше қала Сирия әскерилерінің бақылауына өткен.

Дереккөз: Азаттық радиосы

18 қазан 2019, 09:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.