Атырау, 20 мамыр 04:17
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

«Еңбекақыны маңдай терің кеппей тұрып аласың»

Сурет
6 012 просмотра


АЖ тілшісі қаладағы «Дина» сауда үйінің артында көпшілікке «пятак» деген атаумен танылып кеткен жалдамалы жұмысшылар тұратын жерге барып, көп қызықты нәрселер біліп қайтты. Ең маңызды алған әсері – бұлар қоғамнан шет қалған адамдар емес, өз жұмыстарын ешкімнен кем санамайтын бір-бір үйдің азаматтары. Бұл жерде тек жергілікті тұрғындар ғана емес, Орал, Шымкент, Қызылордадан келгендер де нәпақасын тауып жүр. Әрине, өзбекстандық бауырларымыз, дәлірек айтқанда, қарақалпақтар да бар.

ОТБАСЫН ОСЫЛАЙ АСЫРАП ОТЫР

Есімін Айдос деп таныстырған орда бұзар жасқа келген құрманғазылық жігіт әйелі мен үш баласын асырау үшін осы жұмысты таңдаған:

- Бұрын жеке серіктестікте қызмет жасадым, айлап жүріп алатын жалақым жан бағуға жетпеді. Содан осы жерге келдім. Бұл жерде мен күніне 10 мың теңгедей табамын, әр күні жасаған еңбегіңді уақытында қолма-қол аласың. Кеше балшық күреуге барып, 4 сағатта 10 мың теңге тауып қайттым, қазір екі жігіт болып тас түсіруге барып, бір сағатта 5 мың тауып келдім.

Жұмысшылармен әңгімелесіп тұрғанымда «Шевролет» көлігімен жас жігіт жол жиегіне тоқтай қалды. Жиналып тұрған жұмысшылардың бәрі көлікке қарай ентелеп лап қойды. Ұзақ саудаласып жатқан соң, мен де жақындадым. 10 мың теңгеге Газельге 80 қапшық ұн тиеу керек екен. 4 тонна жүк бір адамға қиынға соғады. Екі адамға бөлгенде шығатын ақшаны жігіттер азсынып тұр... Ақырында осы бағаға екі қарақалпақ келісіп, көлікке отырып кетті.

Жігіттердің айтуынша, жұмыс ұсынатындар көбіне таңғы сағат жетіден түске дейін көп келеді екен. Бұл уақыттағы жұмыстар көбіне ауқымды әрі ақысы да жақсы болады.

Келесі сұхбаттасушым аты-жөнін атағысы келмей, жақын жерде - Вокзал маңында тұратынын ғана айтты.

- Жасым 24-те, қалада тұрақты жұмысым бар, бұл жерге арасында қосымша табыс табу үшін шығамын. Күніне 5-6 мың, кейде одан да көп табамын.


Бір сағат ішінде 6 көлік келіп тоқтап, әрқайсысы 2-3 адамнан отырғызып алып кетті. Алайда алаң бос қалған жоқ, қолына жау киімдері салынған қара, көк сөмкесін асынғандар сағат сайын жинала берді. Олар бір ұжымда жұмыс жасайтын шағын ұжымдастар секілді бір- бірін жақсы таниды.  

Байқағаным, бұл жерде адамдар жұмысшыны мамандық бойынша емес, күш пен шыдамдылықты қажет ететін қара жұмысқа іздейді екен.

ҚАРА ЖҰМЫС АРДАГЕРІ

Жігіттердің бірі мені 20 жылдан бері осы жұмыспен отбасын асырап жүрген адам деп 54 жастағы Талғат есімді (өтініші бойынша есімі өзгертілді) азаматпен таныстырды. Оның мамандығы сұранысқа көп ие болатын – электрик екен. 

- Жас күнімде «Атырау-Жарық» мекемесінде қызмет атқардым, алайда жалақым отбасын асырауға жетпеді. Одан шығып кетіп, 1998 жылдан бері Мұрагер сауда орталығының алдында жалдамалы қара жұмыстар жасадым. Бұл жерде тапқан табысым айлап жүріп алатын жалақымнан 3-4 есе жоғары болды. Содан бері тұрақты жұмыс іздеген емеспін, - дейді Талғат. - Қазір жасым 54-те, 9 балам бар. Осы табысыммен балаларымды оқуға түсіріп, қыз ұзатып отырмын.

- Айына қанша табасыз?

- Санап көрмеппін, отбасын асырауға жетеді.

- 300 мың теңге шыға ма?

- Болатын шығар.

- Кешіріңіз, жасыңыз үлкен, қара жұмыс қиын емес пе?

- Жоқ қиын емес, бұл жерде таңдап, денсаулығың тартатын жұмысқа барасың ғой. Мұнда бәрі тепсе, темір үзетін жігіттер. Көбіне Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан жиналғандар. Түстен кейін студенттер келеді. Бізден әрі қарай жүрсең, тағы осындай пятактар бар. Ол жерде көбіне қарақалпақтар тұрады. Жұмыс бәріне жетеді. 20 жылдық тәжірибемде кешкісін құр қайтқан адамды көрген жоқпын.

Сөл кезде Талғатты 30 мың теңгеге құдық қазуға алып кетті. Жолдастарының айтуынша, Талғат осы жерде тұрып тапқан табысына үй тұрғызып жатыр екен.  

Не үшін осындай жұмысты таңдадың деген сұрағыма барлығы бұнда жұмыс кестесі еркін, бастығыңнан сұранбайсың, әрі  еңбегінің ақысын маңдайының тері кеппей тұрып аламыз деп жауап берді.

Бұл жерге тұрақты жұмыс ұсынатын мекемелер де келіп тұрады екен. Алайда жұмыссыздар айына 100-150 мың теңге ұсынатын жұмысқа барғысы келмейді. Мен бұған Атыраудағы белгілі құрылыс компаниясының өкілі «Тойотамен» келіп тоқтағанда көз жеткіздім. Жалақысы 110 мың теңге, тамағы компания есебінен, таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмысқа шақыра келгендерге жігіттер бір ауыздан «басқа жерден ізде» деп жауап бергенде көзім жетті.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор

17 қазан 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.