Атырау, 20 мамыр 06:16
 ашықВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Автобус жүргізушісі: «Егер қалтақағарларды полицияға хабарласам, олар мені өлтіруі мүмкін»

6 311 просмотра

Жуырда Жерұйық ықшамауданында жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, жолаушылар жарақат алған жол-көлік оқиғасы жергілікті полиция басшылары мен қоғамдық көлік жүргізушілерінің кездесуіне басты себеп болды. Кездесуде бірталай маңызды мәселелер көтерілді.   

- Жыл басынан бері Атырауда қоғамдық көліктердің қатысуымен болған жол апатынан 3 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алды. Жыл басынан бері автобус жүргізушілеріне 243 әкімшілік хаттама толтырылды,- деп хабарлады  жергілікті полиция басқармасының басшысы Әлібек ҚАЙЫРОВ. - Жылдамдықты асырмай, жолда жүру ережесін сақтағанда, осындай жағдайлар орын алмас еді ғой. Сіздердің жүрістеріңіз - біздің басты назарымызда. Ешқандай құқықбұзушылықтарың кешірілмейді.

 «АЖ» оқырмандарының естерінде болса, осыған дейін жол жүру ережесін бұзбаған және үстерінен шағым болмаған жүргізушілер айына 300 мың теңгедей жалақы алады деген болатын. Бірақ бұл жөнінде сөз болмады. «АЖ» тілшісінің жалақы туралы сұрағына жүргізушілердің бірі «Жетеді» деп қысқа қайырды. «Atyrau-Avtopark» ЖШС ғимараты ішінде «Жүргізушілерді жұмысқа қабылдаймыз. Жалақысы 180 мың теңгеден жоғары» деген хабарлама ілініп тұр.


Атырау қалалық Полиция Басқармасы бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ қалада орын алған жол-көлік апаттары туралы жаңа фактілермен бөлісті:

- 27 қыркүйекте «Ағила» сауда үйі жанында №12 қоғамдық көлік бағдаршамға келіп, 3 автокөлікті соқты. Қоғамдық көлік жүргізушісіне  ҚР ӘҚБТК 610 бабымен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) хаттама толтырылды. Сондай-ақ, осы күні кешке «Осипенко» аялдамасында екі №14 қоғамдық көлік жарысып, жол-көлік апатын жасайды. Іс әкімшілік сотқа жіберілді. Бір күнде үш автобус жол апатын жасады!

Полиция қызметкерінің айтуынша, автобус жүргізушілері көбіне үшінші жолақтан бұрылып, аялдамаға жетпей тоқтап, белгіленбеген жерде жолаушыларға есік ашады екен.

- Егер аялдамада таксистер тұрып алса, біз қалай кіреміз? Жолаушылар тез есік ашуды талап етеді. Таксистерді полиция неге бақыламайды?- деп жүргізушілердің бірі Биғамбаевқа жауап қайырды.

- Менің әр аялдамаға күзетке қоятын қызметкерім жоқ. Егерде аялдамаға таксистер тұрып алса, суретке түсіріп, бізге жолдаңыздар. Хаттамасын толтырамыз,-деп жауап берді Биғамбаев. - Көшеде тәртіп болу керек. Жүйткіп жүріп, жолаушы тасып жүргендеріңізді ұмытып кетесіздер.

Қоғамдық көлікте қалта ұрлығы да өршіп тұр. Жыл басынан бері №14,№12,№2 қоғамдық көліктерде 114 қалта ұрлығы тіркелген. Зардап шегушілердің басым бөлігі – мектеп оқушылары. Ұрланатын заттардың көшін ұялы телефон бастап тұр. Бір жүргізуші бұл туралы былай деді:

- Бұған ештеңе істей алмаймын. Қалта ұрылары туралы «102»-ге хабарласам, кейін олар менің бетімді тіліп, тіпті өлтіріп кетуі мүмкін. Иә, мен оларды танимын. Көрген кезде жолсерікке ақшасын тығуды айтып, үндемей отырамын.

Дегенмен полиция қызметкерлері мен жүргізушілер бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге келісті. Бұл үшін әлеуметтік желілерде ортақ топ ашу керек.


Фархат ӘБІЛОВ 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

5 қазан 2019, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.