Атырау, 3 мамыр 05:12
 ашықВ Атырау +18
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Ричард Хоув: «Денсаулығым үшін жүгіремін, кітап жинаймын. Әрі NCOC-тың басқарушы директорымын»

4 873 просмотра


«АЖ» тілшісі биылғы ақпан айында осы лауазымға тағайындалған Солтүстік Каспий мұнай-газ жобасының операторы NCOC компаниясының басқарушы директоры Ричард ХОУВПЕН кездесті. Әңгіме жақында Қашағанда және «Болашақ» зауытында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары және Каспийдегі мұнай өндіруге байланысты басқа да көптеген мәселелер жайында өрбіді. Хоув мырза баға беріп, болжам жасауға ұстамды болғанымен, бәріне нақты жауап берді (рас, кейбір сұрақтарға түсініктеме бермеді), ал әңгіме соңында, тіпті, қалжыңдап та қойды.

«КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ БАЯҒЫДА ЖОСПАРЛАНҒАН»

-  Кен орнында және зауытта күрделі жөндеу барысында не жасалды? Консорциум жөндеу жұмыстары алдын ала жоспарланған деп мәлімдеді. Бірақ академик Мұфтах ДИАРОВ бұқаралық ақпарат құралдарында өзі бұл туралы әлденеше рет мәселе көтергеннен кейін ғана (мұны біздің газетте жарияланған мақаласында да айтқан еді) осындай жедел ұйғарым жасалды деп есептейді.

- Біз шынымен де осы күрделі жөндеуді алдын-ала жоспарладық және оны қауіпсіздік талаптарына, техникалық және нормативтік-құқықтық нормаларға толық сәйкес етіп жүргіздік.

Сонымен қатар біздің өндірістік қуатымызды кеңейтуге мүмкіндік беретін бірқатар жобаларды жүзеге асырдық.  Егер зауыт жұмысын тоқтатпас бұрын тәулігіне 340 мың баррель өндірсе, енді кері іске қосылғаннан кейін 370 мыңдай баррель өндіреміз.

- Қазақстан ОПЕК+ ұйымының құрамына кірді, оның мүшелері өткен жылдың аяғында өндіріс көлемін азайтуға келіскен еді...

- Оператор мен мердігер ретінде біз бұл мәселеге түсінік бермейміз. Энергетика министрлігіне хабарласыңыз.

- Бұдан бұрын Қашаған кен орнында өндіріс сапасыз құбырларға байланысты тоқтатылды. Содан кейін құбырларды ауыстыруға тура келді. Бұл жолы күрделі жөндеу кезінде құбырларды тексердіңіздер, олардың теңіз түбіндегі күйі қандай екен?

- Құбырлар жақсы күйде. Құбырларды өз күшімізбен тексеріп, сыртқы бақылаушыларды да тарттық. Бізде тәулік бойы құбыр желілерін бақылайтын қосымша жүйелік бағдарламалық әзірлеме бар.

- Сіз қосымша жобалар туралы айттыңыз. Әңгіме не туралы болып отыр?

- Құрлықтағы мұнай және газды дайындау қондырғысында ребойлерлер орнатылды. Олар жабдықты тоқтатпай-ақ тазартуға мүмкіндік береді. Ал теңіз кешенінде өндірісті ұлғайту үшін екі пайдалану ұңғымасы айдау ұңғымасы болып қайта жарақталды.

- Теңіз кешенінде қазір қанша ұңғыма бар?

- №1 кезең бойынша бұрғылау жұмыстары аяқталды. Бізде қазір 40 ұңғыма бар: оның 5-уі қазіргі кезде айдау ұңғымасы, қалғандары – пайдалану ұңғымасы.

- Ең тереңі қандай?

- D аралының деңгейінен 6 шақырымдай төмен.

- Қазіргі уақытта бүкіл алынатын қордан қанша көмірсутек шикізаты өндірілді?

- Бүгінде - 211 млн баррель. Биылға 13 миллиондай тонна жоспарланды.

- Теңіз кешенінің және «Болашақ» зауытының күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған жалпы сома қанша?

- Айта алмаймын. Бұл өте қымбат пакет болғанын ғана айта аламын.


ҚАШАҒАНМЕН САЛЫСТЫРУҒА КЕЛМЕЙДІ, БІРАҚ БҰЛ ДА МАҢЫЗДЫ

- Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындарын игеру жұмыстары қай кезеңде?

- Бұл жобалар Каспийдің солтүстігіндегі екі кен орнын қатар игеру бойынша алғашқы жоба екенін өздеріңіз білесіздер. Қаламқас-теңіз Солтүстік Каспий ӨБК-не, ал Хазар - «Жемчужина» ӨБК-не кіреді.

Біз үшін ең қолайлы нұсқа - синергияны қамтамасыз ету үшін осы кен орындарын бір мезгілде игеру. Бұл жағдайда, олар өңірлік хаб тұрғысында тартымды болады. Егер біз болашақта бұл жобалардың тым шағын және коммерциялық тұрғыдан тиімсіз екеніне көз жеткізсек, онда экономикалық табыстылықпен қамтамасыз ету мақсатында бірлесіп игеру үшін оларға барланған жаңа кен орындарын қоса аламыз.

- Қаламқас-теңіз бен Хазардың барланған қорлары қандай?

- 70 млн тоннадай. Қашағанмен салыстырғанда, әрине, бұл басқа көлем.

- Қаламқас-теңіз бен Хазарға салынған инвестиция көлемін атай аласыз ба?

- Қазіргі уақытта атай алмаймын. Өйткені біз әзірге ешқандай инвестициялық шешім қабылдаған жоқпыз.

- Ол жерде қанша ұңғыма болады?

- Қазіргі игеру тұжырымдамасы аясында - 30-дан 50 ұңғымаға дейін.

- Ол жерде өндіру жұмыстарын қашан бастау жоспарланып отыр?

- Біз осы жылдың ІІІ тоқсанындағы игеру жоспарын ұсынамыз. Егер оны Энергетика министрлігі мақұлдаса, біз 2 жылдан кейін негізгі жобалауды бастаймыз. 3 жыл ішінде инвесторлар өздерінің соңғы инвестициялық шешімдерін қабылдайды.

- Қоғамдық тыңдаулар өткізіле ме?

- Иә, ҚР заңнамасына сәйкес біз ҚОӘБ және алдын-ала ҚОӘБ бойынша барлық қажетті қоғамдық тыңдаулар өткіземіз. Атап айтқанда, алдын ала ҚОӘБ дайындау жұмыстары аяқталды және өткізілді.

- Жергілікті қамту үлесін дамыту жөнінде қандай жұмыстар жүргізілуде? Өйткені, ТЖҚ-да (Тауарлар. Жұмыстар. Қызметтер), әсіресе, тауарларда оның үлесі төмен.

- Консорциумдағы жергілікті қамту үлесі - шамамен 43%. Тауарлар тұрғысында біздің көрсеткіштеріміз туралы айтар болсақ, әрине, біз діттеген максималдық деңгейге жетпедік. Бірақ біз Энергетика министрлігімен және «PSA» ЖШС-мен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Жергілікті қамту үлесінің көбеюі тек Қазақстан экономикасына ғана емес, консорциум серіктестері үшін де пайдалы деп есептейміз. Бұл ретте 2018 жылға арналған ӨБК аясында белгіленген жергілікті қамту деңгейінен асып кеткенімізді айта кету керек.


КҮКІРТ, СЕЙСМИКА ЖӘНЕ ИТБАЛЫҚТАР ТУРАЛЫ

- «Болашақ» зауытында қанша күкірт бар, ол қалай сақталады және қайда жіберіледі?

- «Болашақ» күкіртінің жылдық экспорты - 1,1 млн тонна. Күн сайын зауыт терминалынан шамамен 60 вагон жөнелтіледі. Егер сіз сол жерде болсаңыз, жіберілетін күкірттің түйіршіктелген екенін көресіз. Бізде оның біраз мөлшері, шамамен, миллион тоннадай жинақталып қалды. Бұл күкірт өңдеу нысаны пайда болғаннан бұрын кен өндіру жұмыстарының басталып кетуіне байланысты. Бірақ енді оны түйіршіктеп, жылдам қарқынмен жіберу мүмкіндігі пайда болады. Сондықтан мұндай «қорлар» кешікпей жоғалады.

- Күкіртті қайда жөнелтесіздер?

- Акционерлерге береміз, олар өздері басқарып, өздерінің дистрибьютерлік арналары арқылы өздері сатады.

- Қашаған мұнайында күкірт пайызы қанша?

- Шамамен 15 пайыз.

- Консорциум жұмысына жақында «Дружба» құбырына қатысты болған жанжал әсер етті ме?

- Еш әсер етпеді.

- Демек, сіздің өнімдер бұл құбыр желісіне түспеген ғой?

- Біз мұнайды акционерлердің қай құбырлармен жіберетінін білмейміз. Мен тек ұңғымаларымыздың толық қуатпен жұмыс істейтінін білемін.

- Каспий теңізінің астымен тектоникалық жарық өтеді. Қазір Каспийдегі сейсмикалық ахуал қандай, оны кім бақылап отыр, алаңдауға себеп бар ма?

- Бізде әлемдегі ең үздік геомеханиктер жұмыс істейтінін айта аламын. Жоғары сапалы инженерлік-техникалық жұмыстармен қатар көптеген зерттеулер жүргіземіз. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстегі міндеттемелер аясында бақылау станцияларын салуды өз міндетімізге алдық.

Бүгінде бізде құрлықта және теңізде 14 станция жұмыс істейді. Олар Қашағанның бүкіл аумағын жабады. Жылына екі рет осы станциялардағы деректерді жинап, талдаймыз. Содан кейін оны өздерінің тәуелсіз талдау жұмыстарын жүргізу үшін «Батысқазжерқойнауы» департаментіне ұсынамыз. Бұл мониторинг жүйелері GPS жүйесін пайдаланады, сондай-ақ микросейсмикалық зерттеу аспаптары қолданылады. Қазіргі кезде ешқандай ауытқушылық анықталған жоқ.

- Сіздің айтпайтыныңызды білемін, сонда да сұрайын: Қашаған мұнайының өзіндік құны қандай?

- Біліп отырсыз. Кешірерсіз, айтпаймын.

- Биыл итбалықтар бойынша мониторинг жойылды, әрі қарай не болады? Сіздердің жобаларыңыз бойынша қоғамдық тыңдауларға оралсақ: жұртшылық, әдетте, бұл жобаларға қарсылық білдіреді.

- Біздің жасап жатқандарымызды ұнататын да, ұнатпайтын да адамдар болатынын айтқым келеді. Бірақ біз тыңдаулар өткізіп жүрміз және өткізе береміз де. Өйткені қоғамдық пікір біз үшін өте маңызды. Итбалықтарға келер болсақ, Каспий итбалығы популяциясына мониторинг жүргізуге Бүкілресейлік океанография ғылыми-зерттеу институтымен келісімшарт жасадық.

Биыл ұшатын зертхана арқылы зерттеу жүргізетін болып келістік. Биылғы ақпан-наурыз айларында аралап ұшу жоспарымызда болды, бірақ, өкінішке орай, әуе қозғалысы басқармасы әскери жаттығулардың өткізілуіне байланысты тыйым салды. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз.

- Жақында Теңіздегі мердігер ұйымның қызметкерлері жалақыларын көтеруді талап етіп, жұмысқа шықпады. Сіздерде мұндай жанжалдар қалай реттеледі?

- Бұл туралы естідім. NCOC аясында бізде мұндай проблемалар болған емес.


ТОП-МЕНЕДЖЕРДІҢ НЕГІЗГІ ХОББИІ

- Бұрын қай жерде жұмыс істегеніңізді, отбасыңыз туралы, бос уақытыңызда немен айналысатыныңызды айтып берсеңіз.

- Маған Атырау ұнайды, бұл өте жақсы жер. Мен Бразилияда, Нигерияда, Малайзияда, АҚШ-тың штаттарында жұмыс істедім. Бірақ Қазақстан мен Қашағанға ұқсайтын жер көрмедім: бұл жұмыс ауқымы, техникалық күрделілігі және акционерлер құрылымы бойынша әлемде теңдесі жоқ жоба. Қауіпсіздік, сенімділік және шығындар тұрғысынан біз сияқты басқа операторлармен салыстырғанда бәсекелестік деңгейімізді анықтау үшін арнайы McKinsey компаниясын шақырдық. Қашаған жобасын зерттеген тәжірибелі сарапшылар оның ілеспелі техникалық күрделілігінен есеңгіреп қалды. Біз әлі күнге дейін ұңғымалардың әрекетін және қабаттағы судың қай жерде екенін, коллекторды босату мен газды айдау арасындағы теңгерімді қалай табуға болатынын және тағы басқаларды түсінуге тырысып жүрміз. Бірақ жұмыстарымызды ойдағыдай атқарып жатырмыз.

Жеке басыма келер болсақ, осында отбасыммен тұрамын, әйелім мен үш балам бар. Денсаулығым үшін жүгіремін, велосипед тебемін, кітап жинаймын. Айтпақшы, NCOC-тағы өз жұмысымды да хоббиім деп есептеймін. Қалжың.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

21 маусым 2019, 17:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.