Атырау, 13 мамыр 19:20
 бұлттыВ Атырау +11
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Диплом қанша тұрады?

15 032 просмотра

Біздің көпшілігіміз білім ордасында бес жыл бойына білім нәрімен сусындадық. Біреулер әр оқу жылында 200 мың теңгеден ақша төлеп оқыса, ал енді біреулер үйлерінен шықпай-ақ жоғарғы білімнің белгісі ретінде дипломды сатып алды. Интернет-дүкендерден жалған дипломдарды 90 мың теңгеден бастап, түпнұсқа деуге болатын түрлерін мың долларға дейін сатып алуға болады. Егер осылай-ақ бұл құжатқа қол жеткізуге болатын болса, ұзақ уақыт көз майын тауысып оқудың қажеті бар ма?

ШЕФ АБЫРЖЫП ҚАЛДЫ

Егер мәселенің моралдық-этикалық жағына көз жұмар болсақ, онда тіптен жақсы болатынын мойындау керек. Жақында жақсы жетістікке қол жеткізген жас жігіт институт оқытушысынан 80 мың теңгеге жоғарғы оқу орнын бітіргендігі туралы дипломын сатып алғанын айтып мақтанды.

Сатып алған күннен бастап диванның астында жатыр, ал сұхбаттасу кезінде менен оның бар-жоғын сұраған да жоқ.

Ол бес жылдан бері аймағымыздағы ең ірі біріккен компанияда ІТ жүйесінде жұмыс істейді. Ешқандай «крышасыз», блатсыз және ақша тықпай-ақ, кадрлар агенттігіне түйіндеме жіберіп орналасқан екен. Ал құрбымның жиені оның жұмыс мансабы туралы хикаясын тістене тыңдады. Жиені Америкада жылдық тіл курсын, екі университеттің күндізгі бөлімін бітірген. Бүгінде халықаралық заңгер әрі шетелдегі халықаралық аудиторлық компанияда жұмыс істеген тәжірибесі бар LLM(басқарушы үшін МВА аналогы) дәрежесіндегі құқық магистрі... ресепшнде отыр. Оның керемет жетістіктерінің ішінде әзірге тек ағылшын тілін жақсы білгені ғана кәдеге жарап отыр. Ол түйіндемелерін кадрлар агенттігіне күн сайын жолдайды. Үш жыл бойына лайықты жұмыс таппақ болған әрекеті еш нәтиже бермей, ақыры бәрін басынан бастауға кіріскен:

– «Ғасыр жаса, ғасыр бойы үйрен, бәрібір ақымақ күйіңде қаласың» деген қанатты сөз маған арналғандай, - деп күледі сыртқы келбеті модельге ұқсайтын қызыл диплом иегері. – Подиумға шығу керек еді, кезінде ұсыныстар болған... Таяу күндері маған бастығым абыржып келді. Мен біздің кадрлар бөліміне түйіндемемді жіберген едім, жауапсыз қалды. Сол кезде бастығымның поштасына жібердім, мұным дұрыс болыпты. Ол шыдай тұруымды өтінді, күзде жаңа жоба ашылуы тиіс екен, онда мен үшін де орын табылып қалар деп ойлап отыр. Қандай орынға алғысы келетінін білмеймін, бірақ үміттеніп жүрмін.

 

ҒАЛАМТОРДА БӘРІ БАР

Ғаламторда түрлі: қызыл, көк, заманауи, кеңес дәуірінің дипломдары сатылады деген коммерциялық ұсыныстар жасалған ондаған, бәлкім, жүздеген парақтар бар шығар... Айта кетелік, сессияға шақырту анықтамалар, пікірлер, аттестаттар, туу, неке, ажырасу, қайтыс болғандығы туралы анықтамалар да алуға болады екен...

Әсіресе, Ресейде жалған білім бизнесі дамыған, сондықтан бағалардың барлығы рубльмен белгіленеді: қызыл - 30-35 мың рубль (150-180 мың теңге), қарапайымы – 18-25 мың рубль(90-120 мың теңге). «Өткізілгені» (немесе қалаған жоғарғы оқу орнына тіркелгені) - әлденеше есе қымбат тұрады, бірақ құны жекелеген жағдайларда тікелей болашақ сатып алушымен жеке хат алысу кезінде талқыланады. Сатушылар талқылауды тек желіде ғана өткізгенді жөн көреді екен. Мен мұны сайтта көрсетілген телефонға қоңырау шалғаннан кейін түсіндім. Новосібірлік Кирилл едәуір абыржып, онымен онлайн арқылы хабарласуды өтініп, содан соң телефонын ажыратып тастады да тек интернетпен хат жазысуға көшті. Сөйтіп, мен Атырау мұнай және газ институтының және Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінің дипломын, ең дұрысы Қазақстан-Британ техникалық университетінің дипломын «сатып алмақ» боп ұйғардым. Бірақ Қазақстан-Британ техникалық университетінен «ұшып» кеттім:

АтМжГИ ректоры Дүйсембек ҚҰЛЖАНОВ тіпті өзі басқаратын жоғарғы оқу орнының дипломын онда оқымай-ақ сатып алу мүмкін бе деген сұраққа комментарий беруін өтінгенімде күліп жіберді: – Бұл мүмкін емес, мемлекеттік үлгідегі әрбір бланк ерекше есепте тұрады. Өйткені бұл бірнеше қорғалу дәрежесі бар салмақты құжаттар ғой. Кез-келген нәрседен табыс тапқысы келетін адамдар болады. Әрине, бұл жоғарғы білім туралы дипломды сатып алғысы келетін аңқау жандарға арналған айла-тәсілдер. Бірақ бұл көрінеу жалған, өтірік нәрсе.

– Біздің базамызда мұндай бланкілер жоқ, ал АтМжГИ мен АМУ бланкілері бір айдан соң болады. Дайындау уақыты – үш күн, поштамен жеткізіледі. Құны – 18 мың рубль (90 мың теңге), - деп хабарлады Кирилл.

Кирилл өздеріндегі бланкілердің түпнұсқа екендігіне, аталмыш жоғарғы оқу орындарының мөрі мен ректорлардың қолтаңбасының көшірмелері бар екендігіне сендірді. Бірақ олардың жоғарғы оқу орындарына тіркелетіндігіне қатысты жалған сөйлемеді. Егер бұлар фотошоппен жасалып, принтермен немесе типографиялық әдіспен басылған жалған құжаттар болса да таң қалмаймын. Мұндай дипломдардың авторлары (және сатып алушылар) олардың шынайылығын тексермейді деп есептейді. Жалпы, көбінесе біздің дипломдарымызды кадрлар бөлімінің қызметкерлерінен басқа ешкім де көрмейді. Бірақ жалған дипломды ұсыну қауіпті болатын мекемелер де бар: мемлекеттік мекемелер, өз қауіпсіздік қызметі бар ірі компаниялар. Дипломды тексеру кез-келген қауіпсіздік қызметі үшін түкке тұрғысыз шаруа болғандықтан, кейде ректоратқа қоңырау шалса жетіп жатыр. Кей жағдайда кәсіпорын ресми сұраныс жібереді, егер белгілі бір нөмірмен, сериямен сол тұлғаға белгілі бір мамандық бойынша диплом берілмеген болса, немен аяқталары белгілі. Кем дегенде жалған құжаттар ұсыну фактісі бойынша жұмыстан босатылады, әрі кеткенде Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттар жасау» деген баптары бойынша қылмыстық іс қозғалады.

ШЫНАЙЫ ДЕУГЕ БОЛАДЫ

Біздің айналамызда негізгі жұмысымен қатар ресейлік жалған дипломдарды сатумен «табыс тауып» жүрген бір жас жігіт болды. Оның әкесі қатты ауырып жатқан еді. Жігіт оған қажетті дәрі-дәрмектер алу үшін бар мүмкіндікті пайдаланды. Бірақ қауіпті бизнес түбіне жетті, кешікпей ол тұтқындалғаннан кейін оның әкесі қайтыс болды. Оның жаназасына ұлы қарауылдардың күзетімен қолкісенмен келіп қатысқан еді.

Достарымның тағы бір досы 1 000 долларға және бір аптадан бір айға дейінгі уақытта жалған деп айтуға аузың бармайтын Алматыдағы немесе Атыраудағы кез-келген жоғарғы оқу орнының дипломын «жасай» алады екен. Олардың шынайы сериясы, нөмірі, су таңбасы және жалпы нағыз дипломның барлық белгілері болады. Өйткені іс жүзінде олар шын дипломдар.

- Түсінесіз бе, бұлар түрлі себептермен бастапқы семестрлерде жоғарғы оқу орындарынан шығып қалған шынайы студенттерге арналған түбіртектер.

Яғни, жоғарғы оқу орнының ішінде жалған дипломдар жасайтын бизнес бар деген сөз. Тек оның иесі ғана жалған болады. Тіпті жоғарғы оқу орнына тыйым салу секілді жалаң  тексеру жүргізе қалғанда да, одан нәтиже шықпайды.

 

ҚАҒАЗ МАҢЫЗДЫ ЕМЕС

Алайда дипломға қарамайтын мамандықтар мен жұмыс берушілер бар. Мәселен, мен жұмыс жасайтын редакцияда журфакты қызметкерлердің тек үштен бір бөлігі ғана бітірген, үштен бірінің білімі – тіл мен әдебиет мұғалімі болса, әріптестерімнің отыз пайыздайы - биолог, фельдшер, қаржыгер, математик және агроном, бірақ олар өз мамандықтары бойынша емес, журналист ретінде қалыптасқан. Жалпы бәріміз де жоғарғы оқу орнының дипломын ала алмаған жандарды білеміз, бірақ бұл олардың өз істерінің нағыз маманы болуға кедергі болған жоқ қой. Көпшілігі жұмыс сипатына байланысты болады. Қолмен жұмыс істеу, белгілі бір тапсырмаларды орындау маңызды болатын мамандықтар бар. Олар: техниктер, бағдарламашылар, құрылысшылар... Жетістікке жетуі оқыған кітаптары мен жоғарғы оқу орындарында алған біліміне тікелей байланысты болатын жұмыстар бар: дәрігерлер, мұғалімдер, заңгерлер... Алайда дипломсыз кабинетке аяқ аттатпайтын секторлар да бар, олар мемлекеттік қызмет, қорғаныс кәсіпорындары, қаржы мекемелері. Бәлкім, қағаз дағды мен кәсіпқойлықтан маңызды болатын жерге бас сұқпаған жөн шығар. Дегенмен, әңгіме қауіпсіздік қызметі жақсы жұмыс жасайтын, ал дипломсыз мансап баспалдағына көтеріле алмайтын ірі компаниялар туралы болса, жалған дипломның қауіпсіз баламасы бар. Ол сырттай оқу, ұзақ болса да, дұрысы сол.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

АЙТПАҚШЫ: Облыстық әскери прокуратура жалған құжат жасау фактісін анықтағанға дейін аудандық әскери комиссариат қызметкері жалған диплом көрсетіп, тек офицерлік «лейтенант» шенін ғана емес, жалпы сомасы 385 мың теңге үстеме алып отырған.                                                                          – Тексеру барысында ҚР ҚК 325-бабының 3-тармағында («Көрiнеу жалған құжатты пайдалану») қарастырылған сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды, - дейді Батыс аймақтық прокурорының орынбасары, әділет майоры Руслан АЛМАХАНОВ. – Атырау облыстық Жылыой ауданының қорғаныс істері жөніндегі мобилизациялық дайындық және аумақтық қорғаныс тобының бастығы әскери «лейтенант» шенін алу мақсатында 2010 жылы көрінеу жалған құжатты - Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын аяқтағаны туралы дипломды пайдаланғаны анықталды. Осы бап бойынша айыппұл немесе бір жылға дейінгі мерзімде бостандығын шектеу түрінде жаза қарастырылады. Бірақ жас жігіт өткен жылғы рақымшылыққа ілікті, оған қатысты қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы шешім шығарылды.

1 тамыз 2012, 21:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.