Атырау, 12 мамыр 22:11
 ашықВ Атырау +13
$ 439.40
€ 473.54
₽ 4.76

Тұйыққа тірелу

2 964 просмотра

Мемлекеттің қолға алып жатқан шараларына қарамастан, жұмыссыздық проблемасы өзекті боп қалуда. Әсіресе бұл негізінен бір жобадан екіншісіне ауысып жататын және жұмыс берушінің салғырттығымен жиі ұшырасып қалатын біліктілігі аз жастары бар ауылдарда өткір мәселеге айналған.

ШПАЛДАҒЫ ТІРШІЛІК

12 шілдеде редакцияға бір жас жігіт қоңырау шалып, басқа жұмыссыздармен бірге Мақат ауданының Доссор поселкесіне жақын жердегі 441-разъезге теміржол тұйығын салуға жіберілгенін хабарлады. Сол жерде жігіттерге құлазыған далада ескі шпалдан жасалған тақтай сәкіде ұйықтап, тамақты да шпалдан жасалған қалқаның астында отырып ішуге тура келген.

– Айнала шаң-тозаң, ыстық, тіпті тамақ пісіп жатқан қазанның қақпағы да жоқ, бәрін топырақ басқан. Біз өз қаржымызбен Қызылқоға ауданынан келген едік. Сол жерден біздің шығындарымызды қайтарамыз деп уәде берді. Бірақ уәделерінде тұрмады. Бірнеше адам бірден кетіп қалды, кейбірі мен секілді бірер күн кідірді, бірақ  шыдай алмады. Ұзақ уақыт жұмыссыз отырғандар мен ақшаға қатты мұқтаж болғандар ғана қалды. Кетіп қалған тағы бірнеше жігіт отбасындағы күнкөріске қатысты күңкіл сөздерге шыдамай объектіге қайта оралды. Бұл жерде айына 60 мың теңге төлеуге уәде берді, бірақ бізбен ешкім де еңбек келісім-шартын жасаған жоқ, - деп әңгімелейді Руслан есімді жігіт (есімі оның өтініші бойынша өзгертілді).

Руслан қиын жағдайға тап болған ауылдастарына көмектесуді қатты өтінді.

Біз сол жерге бардық. Күн аптап ыстық болатын, айналада бір шоқ бұта да жоқ. Кірпіштен және саман тастан салынған бірнеше үйден тұратын ашық даладағы кішкентай стансада бізді жігіттер күтіп алып, жұмыс берушілер ұсынған түнейтін жерді көрсетті. Ол торы жоқ терезелер орнатылған металл вагон, іші шпалдан салынған ұзын сәкі екен. Асханасы - шпалдардан қиюластырып жасалған күрке екен және сол материалдардан жасалған үстелдер мен орындықтар қойылыпты. Сыртқы түрі моншаны еске түсіретін ғимараттан әжетхананың иісіндей жағымсыз иіс шығып тұрды.

Бізге Қызылқоға аудандық жұмыспен қамту бөліміндегілер осы жерде жұмыс істеуге ұсыныс берді. Оларға «УралСтройСервис» ЖШС сұраныммен шыққан екен. Бұл  жерде Қызылқоға ауданының түрлі ауылдарынан келген жігіттер жұмыс жасап жатыр. Бізге душ пен моншаны қосқанда, барлық жағдай жасалған деп айтып еді. Ал келген кезде осы жағдайды көрдік. Бізбен бірге келген аудандық жұмыспен қамту бөлімінің екі қызметкері де біз секілді қатты таң қалып, жұмыс берушінің өкілімен керісіп қалды. Содан соң қолдарын сілтеді де, кетіп қалды. Бастапқыда келген 30 адамның қазір 24-і ғана қалды, - деп әңгімелейді жігіттер (қызылқоғалықтар қиыршық тас төсеп жатқан тұйық жақтан бізбен сөйлесуге тек төртеуінің ғана батылдары жетті. Олардың кәсіби білімдері жоқ екен, жастары 20-25 аралығында). – Теледидардан Қазақстанда Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы бойынша жастарды қалай жұмысқа орналастырып жатқанын үнемі көрсетеді. Біз де осы бағдарламамен жұмыс істеуге барамыз деп ойладық. Жағдайдың нашарлығына қарамастан осында қалатын шығармыз, өйткені бұған дейін ұзақ уақыт жұмыссыз отырдық. Өз есімімізді атамаймыз, өйткені бізді қара тізімге іліктіреді де, содан соң аудандық жұмыспен қамту бөлімі бізге жұмыс ұсынбайтын болады.

 

ҚЫР КӨРСЕТУ

Сол кезде алматылық нөмірі бар «Нива» жақындады. Ішінен орта жастағы қалпақ киген ер адам (суретте) шығып, қасындағы тағы екі адаммен бірге бізді қуа бастады: 

– Бұл жеке қорғалатын аумақ. Маған Алматыдан бастығым қоңырау шалып, сіздердің тез арада кетулеріңізді талап етіп отыр. Әбеке (әлдебіреуге телефон арқылы сөйлеп), бізге кімдерді жібергенсіз, олар осы жерге журналистерді шақырыпты, бізге мұндай адамдар қажет емес. Біз енді жергілікті адамдарды жұмысқа алмаймыз, өзіміздікін әкелеміз.

– Сіздің компанияңыз қалай аталады және өзіңіздің есіміңіз кім? Қане, бірге барып, адамдардың қандай жағдайда жұмыс істеп, тіршілік етіп жатқанын көріп келейік.

– Мен сізге ештеңе айтпаймын, сіздің бұл жерге аяқ басуға құқығыңыз жоқ. Ал жағдай жаман емес, мен өзім осындай вагонда тұрып, жұмыс істедім. Бұл жерден кетіңіздер, - деп әлгі адам мен күзетшілер бізді ығыстыра бастады.

 

ҚОҢЫРАУЛАР МЕН УӘДЕЛЕР

Біз кетуге мәжбүр болып, жұмыс беруші туралы анықтама жинау үшін Доссорға кеттік. Алайда одан бұрын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Қазбек ӘЛІШЕВПЕН хабарластық. Ол істің мән-жайын анықтауға уәде беріп, өзінің міндеті жұмыс берушіні тексеру емес, жұмысқа орналастыру екенін атап өтті:

– Біз облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне сигнал жолдаймыз. Егер заң бұзушылық фактілері расталатын болса, онда мемлекеттік органның жұмыс берушіге қатысты қатаң шаралар алуға, соның ішінде жұмысты тоқтатуға құқығы бар.

Доссор поселкелік әкімдігіндегілер бізге былай деп мәлімдеді:

– «Доссорсервис» ЖШС-ін қосқанда барлық жергілікті компаниялар кадрларды біздер арқылы іріктейді. Ал осы іріктеу және осы компания туралы біз ештеңе білмейміз.

Поселке әкімі Есенжан ТӨЛЕШҚАЛИЕВТІҢ өзі бұл  кезде Мақат поселкесінде болды, бірақ ертелетіп жағдайды анықтау үшін 441-разъездке барамын деп телефон арқылы уәде берді.

Қызылқоға аудандық жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ «УралСтройСервис» компаниясы 100 адамға сұраныс бергенін, бірақ нысанға тек 30 адам ғана баруға келіскенін айтты.

– Алдымен еңбек жағдайын тексергеніңіз жөн емес пе еді? Жұмысшылардың айтуынша, сіздің қызметкерлеріңіз объектіге келгенде жағдайдың нашар екенін көрсе де адамдарды сол жерде қалдырып кетіпті. Және неліктен жұмыссыздармен еңбек келісім-шарттары жасалмаған?

– Компания сұраныс берген кезде, ал оның өкілдері аудандық әкімдіктің акт залында әңгімелесу жүргізген кезде мен болған жоқпын. Мен іссапарда жүрген едім. Ал содан кейін, біздің міндетімізге жұмыс беруші ұсынған жұмыс жағдайын тексеру кірмейді. Біз тек адамдарды жібереміз. Мен директордың орынбасары Амангелді дегенмен сөйлестім, фамилиясын білмеймін - оның айтуынша, сол жерде қалуға адамдардың өздері келіскен. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы еңбек келісім-шартына қол қою да біздің құзырымызға кірмейді.

– Ауданда жұмыссыздар саны қанша?

– 734.

– Неліктен «УралСтройСервис» объект орналасқан Мақат ауданындағы жұмыссыздарды жинамай, сіздерге жүгінген?

– Мен мұны айта алмаймын, білмеймін.

 

ЖҰМЫСТАН БОСАТУ

Өйтіп-бүйтіп, «УралСтройСервис» директоры әлдебір Нұржан МҮТӘЛИЕВ дегеннің ұялы телефонының нөміріне қол жеткіздік. Ол менің журналист екенімді білген соң нөмірін қайдан алғанымды ашулана сұрап, телефонын ажыратып тастады. Бір қызығы, шенеуніктердің бірде-бірі компанияның мекен-жайы мен қай жерде орналасқанын атай алмады. Бар болғаны – объектіге тапсырыс беруші «Қазақстан Темір Жолы» екенін, бас мердігер – алматылық «Атакент» компаниясы, ал «УралСтройСервис» - қосалқы мердігер компания екенін айтты. Ғаламтордан іздегенде компания кеңсесінің Атырауда екендігі жазылған, ал қаржы полициясының сайтынан 2009 жылғы ақпарат табылып, онда «УралСтройСервис» деген атауы бар ЖШС директоры С. КРЫСИН 2003-2006 жылдары Атырауда өз кәсіпорнының кіріс бөлігін жалған кәсіпорындармен жалған келісімдер жасау арқылы төмендетіп көрсетіп, қазынаға төрт миллиардтан астам теңге түрінде салықты кем төлегендігі, осы үшін оның шартты түрде 2 жылға сотталғандығы жазылыпты.

Жұмысшылардың тағдырына ара түсуге уәде берген мақаттық шенеуніктердің уәдесіне үміттенген біз Атырауға кері қайттық. Алайда түнге қарай жігіттер хабарласып, жұмыс берушілердің өкілдері келіп: «бәрің жұмыстан босатылдыңдар» деп, оларды қуып таратқанын айтты.

– Шоқалақты жолмен жүргенде осы жерден Қызылқоғаға дейін 400 км. Біз үйімізге қалай жетеміз? – деп абыржыды жігіттер.

Есенжан Төлешқалиев көмектесе алмайтынын айтты. Бекнұр Әжіғалиев та дәрменсіз болды. Қызылқоға ауданының әкімі Сырым РЫСҚАЛИЕВҚА хабарласқаннан кейін ғана жағдай өзгерді.

– Мен ол жаққа автобус жібердім. Мұндай жағдай енді қайталанбайды деп уәде беремін, - деді ол біздің алғашқы әңгімемізден кейін бірнеше минуттан соң.

 

«БӘРІ ДЕ ҚАЛЫПТЫ» ДЕП ЕДІ

Жұмысшылардың жататын орны14 шілдеде Е. Төлешқалиев 441-разъезде болғанын, «УралСтройСервистің» әлдебір Дүйсенбай деген өкілімен сөйлескенін, оның жағдайдың қалыпты екенін растағанын айтты.

– Ол жерде Мақат ауданының 12 адамы біршама уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын білдім. Мақаттықтар жағдайдың қалыпты екенін, жалақыларының да жаман емес екендігін, ал қызылқоғалық жұмысшыларға жергілікті тұрғындардың үйлерінен баспана бөлгенін айтады. Мен олардың менікі секілді саманнан салынған қарапайым қазақ үйлер екенін көрдім. Біздің (мақаттық) жігіттерге жұмыс беруші риза, олар таңертең пойызбен келіп, кешке қарай кетеді екен. Ал тек екі күн ғана жұмыс жасаған қызылқоғалық жігіттер туралы әлгі Дүйсенбай олардың арақ ішіп, төбелес шығарғандарын айтты.

– Сіз кеше біз айтқан вагон мен «асхананы» көрдіңіз бе?

– Өтірік айтпай-ақ қояйын, көрген жоқпын. Маған үйлерді көрсетті, сосын мен кетіп қалдым. Бірақ жұмыс беруші апта сайын іріктелген кадрлар туралы есеп беретін болады деп келісім жасадық.

Жұмыста маскүнемдікке салынғандықтары туралы жұмыс берушінің пікірін:

– Бізге бар керегі отбасымызды асырай алуымыз үшін қалыпты еңбек жағдайы жасалған тұрақты жұмыс қана. Біз өз елімізде осындай жағдайда жұмыс істейтіндей және бізге осындай дөрекі қарым-қатынас жасайтындай құл емеспіз ғой, - деп жігіттер ашулана теріске шығарды

16 шілдеде Бекнұр Әжіғалиевтан:

– Сіздердегі жұмысшыларды заңсыз жұмысқа алды, ал содан кейін қуып жіберді. Сіз адамдарды не үшін қуып жібергенін анықтадыңыз ба? - деп сұрадым.

– Директордың орынбасары маған объектідегі жұмыстың тоқтатылғанын хабарлады.

Сол күні редакцияға директор Нұржан Мүтәлиев келіп, бірақ сөзінің диктофонға жазылатынын білген соң, комментарий беруден бас тартты:

- Сізге бұл туралы жазудың не қажеті бар? Немен дәлелдейсіз? Алдымен аудандық жұмыспен қамту бөлімінен біздің ешқандай еңбек келісім-шартын жасамағанымызды, ал50 жұмысшының мас боп келгенін біліп алыңыз.

 

ЗАҢ БОЙЫНША БҰЛ ВАХТА

Ал қызылқоғалықтардың бола алмай қалған жұмыс берушілеріне құқықтық талап қоюға барлық негіздері бар. Атырау облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бөлім бастығы Әліпқали ДӘУЛЕТЬЯРОВТЫҢ айтуынша, ҚР Еңбек кодексінің 38-бабының («Еңбек шарты қолданылуының басталуы») 3-тармағына сәйкес, «жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті үлгіде ресімделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі». Демек, адамдардың жұмыс берушіге қатысты құқықтарына нұқсан келгенін, соның ішінде еңбек жағдайы мен себепсіз жұмыстан шығару фактісін сотта даулауға құқықтары бар.

– Егер олардың қолдарында еңбек келісім-шарттары жоқ болса, олар ол жерде жұмыс істегендерін қалай дәлелдейді?

– Бұл жағдайда сот куәлік жауаптардың негізінде қорытынды жасайды.

– Жұмыссыздарды объектіге жіберу туралы аудандық жұмыспен қамту бөлімінің құжаттары мен аудандық әкімдіктегі әңгімелесу фактісі де дәлел боп табыла ма?

– Әрине.

Өкінішке орай, Ә. Дәулетьяров бізге далалық жерлерде қолданылатын стандарттарды атай алмады. Еңбек заңнамасында геологиялық-барлау, топографиялық-геодезиялық және зерттеу ұйымдарының жұмысшыларына арналған азық-түліктер туралы бап қана бар екен.

Бұл жағдайда, біздің пікірімізше, қызылқоғалықтар мен «УралСтройСервис» арасындағы қарым-қатынас вахталық жұмыс әдісі туралы айтылған ҚР Еңбек кодексінің 21-тарауымен реттелуі тиіс. Онда «жұмысшылардың тұрақты мекені мен объект бір аймақта болып, бір-бірінен едәуір қашықтықта орналасқан немесе бір-бірінен шалғай түрлі аймақтарда орналасқан» жағдайларда жүзеге асырылады делінген. Әрі қарай Еңбек кодексінде айтылғандай, «қызметкердің жұмыс объектісінде болу жағдайы еңбек шартына, ұжымдық шартқа сәйкес белгіленеді» және «қызметкерлер жұмыс объектісінде болған кезде, әдетте, олардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық, санитарлық және шаруашылық ғимараттар мен орын-жайлар кешенінен тұратын арнайы құрылған вахталық поселкелерде тұрады».

 

КЕДЕЙСІНУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

– Біздің адамдар жақсы еңбек жағдайы жасалатын шетелдік компаниялар қатысатын ірі жобаларға үйреніп алған. Ал қазақстандық қосалқы мердігерлерден мұндайды талап еткеннен пайда жоқ. Оларда тендерлік ұсыныс көлемі шектелген, соған сәйкес жалақы қоры да кішкентай, - деп қынжылады шенеуніктердің бірі. 

Бәлкім, солай да шығар, бірақ медиктер креозот сіңген шпалдарды баспана салуға пайдалануға үзілді-кесілді қарсы екендігін айтпағанның өзінде, еңбек етіп, демалу үшін жұмыс беруші қарапайым жағдаймен қамтамасыз етуі тиіс еді ғой. Үнемі креозот майымен байланыс жасаған кезде цианоз, бас ауруы, жалпы әлсіздік пайда болады. Токсикалық полиэнцефалитті де креозоттың әсерімен байланыстырады.

...«Ерке» қызылқоғалықтардың орнына жұмыс беруші, шамасы, уәде еткендей, басқа аймақтардың кадрларын іріктейтін шығар. Алайда оларға да дәл осындай жағдайда тіршілік етіп, жұмыс істеуге тура келеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

18 шілде 2012, 21:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.