Атырау, 19 мамыр 14:18
 бұлттыВ Атырау +16
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Бұл тариф кімге тиімді?

4 454 просмотра

Суретті салған Саша Денисов1 сәуірден бастап «АтырауЭнергосату» ЖШС-нің абоненттері үшін электр энергиясының жаңа, қымбаттаған тарифтері және тұтынылған киловаттарды үш деңгейлі төлеу жүйесі қолданысқа ене бастады.

 

БҰЛ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

2009 жылдың желтоқсанында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі электр тұтыну нормалары бойынша дифференциалды тарифтерді енгізуге келісім берген болатын. Соның алдында облыста әлеуметтік қорғау органдарының, әкімдік өкілдерінің және сараптама кеңесінің мүшелерінен тұратын арнайы жұмыс комиссиясы жұмыс істеген еді. Үш мың абонент бойынша электр энергиясын тұтыну көлеміне талдау жасалды. Жеке тұлғалар үшін тұтыну нормалары: газбен қамтылған пәтерде тұратын бір адамға 90 кВт/сағат және газбен қамтылмаған пәтерде тұратын бір адамға 110 кВт/сағат осылай пайда болды. Нормамен пайдаланғандар төменгі тариф бойынша, ал бекітілген энергия тұтыну шеңберінен шығып кеткендер жоғарғы тариф бойынша төледі.

 

ЕКІ ҮЛКЕН АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Жарық үшін екі деңгейлі төлеу жүйесі біздің қаржымызды үнемдеуге қалай көмектесті? Біздің жазбаша сауалымызға Табиғи монополияларды реттеу агенттігі былай деп жауап берді:

«Энергия тұтыну көлеміне байланысты дифференциалды тарифтер енгізілгендегі үнемдеу әсері: 2010 жылы -  38 млн  теңге, 2011жылы – 64 млн теңге, 2012 жылдың 5 айы ішінде – 23,6 млн теңге құрап отыр».

Бұл ақша аз емес секілді. Алайда біз агенттіктен ақшамен емес, кВт/сағатпен үнемдеу туралы ақпарат ұсынуды өтінген едік. Бұл тұрғыда: 2010 жылы атыраулықтар 270,040 млн кВт/сағат, 2011 жылы – 261,435 млн кВт/сағат, 2012 жылдың 5 айы ішінде – 114,111 кВт/сағат үнемдеген.

Яғни, электр энергиясының нақты үнемделуі бүкіл 2,5 жылда бір деңгейде қалды. Әр адамға шаққанда физикалық үнемдеу қайта есептелгенде бір айға орташа алғанда 45 кВт/сағат құрады.

 

ЕКЕУ ЕДІ, ҮШЕУ БОЛДЫ

Енді агенттік үш деңгейлі дифференциалдық тарифтерді мақұлдап отыр:

1-деңгей:электр плитасы болса және 1 адамға айына 110 кВт/сағат пайдаланылса, тариф – 1 кВт/сағат үшін 5,45 теңге; ал газ плитасы болып, айына 90 кВт/сағат тұтынса, тариф – 1 кВт/сағат үшін 5,35 теңге болады.

2-деңгей:электр плитасы бар тұлғалар айына 110-нан 190 кВт/сағатқа дейін тұтынса, тариф – кВт/сағат үшін  6,87 теңге; газ плитасы барлар айына 90-нан 170 кВт/сағатқа дейін тұтынса, тариф – 1 кВт/сағат үшін 6,87 теңге құрайды.

3-деңгей:электр плитасы барлар айына 190 кВт/сағаттан көп тұтынса, тариф – 1 кВт/сағат үшін 8,59 теңге; газ плитасы барлар айына 170 кВт/сағаттан көп тұтынса, тариф – 1 кВт/сағат үшін 8,59 теңге.

Сонда біз аз төлейтін болдық па? Жоқ! Жарық үшін соңғы есептеулер осының дәлелі.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТА ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ

Осыдан екі жыл бұрын екі деңгейлі тариф жүйесі қолданыста болған кезде, «АЖ» түрлі абоненттердің есеп-шоттарына салыстырмалы талдау жүргізген еді. Сол кезде тұтынылатын киловаттың мөлшері көп жағдайда пәтерде тұратын адам санына байланысты болмайды деген қорытынды шығарған болатын.  Жалпы, жалғызбасты және отбасылы жандарда да есептегіш бірдейге жақын тұтынылған киловатт мөлшерін көрсетеді. Бұған көбінесе тұрмыстық техниканың стандартты жиынтығы ықпал етеді. Бір пәтерде бірге тұратын бес адам тоңазытқышты, сплит-жүйені, теледидарды жалғызбасты жандардан немесе жұптардан бес есе жиі қолданбайды. Алайда, кВт/сағатты бірдей тұтынғанына қарамастан есеп-шоттар бәріне де әртүрлі боп келеді.

Біз осыдан екі жыл бұрынғы тәжірибені қайталамай, жай ғана бір панельді бес қабатты үйдің түрлі тұрғындарының мамыр айындағы есеп-шоттарын салыстырдық. Орташа алғанда әр пәтерде тұратын адамдардың санына қарамастан, есептегіш айына шамамен 200 кВт/сағат айналдырған. Жаңа үш деңгейлі жүйе бойынша кімнің қалай ақша төлеп отырғанын қарап көрейік.

Газбен қамтылған үйдің бір өзі ғана тұратын тұрғыны: 1 кВт/сағат үшін 5,35 теңгеден 90 киловатт (бірінші деңгей), келесі 80 киловатт (90-нан 170 кВт/сағатқа дейін – екінші деңгей) 1 кВт/сағат үшін 6,87 теңгеден және қалған 30 киловатт (үшінші деңгей) 1 кВт/сағат үшін 8,59 теңгеден төлейтін болады. Сонда 200 киловатт оған 1 288,8 теңгеге шығады.

Екі адамнан тұратын отбасы осы 200 кВт/сағатты: 180 кВт/сағатты – 1 кВт/сағат үшін 5,35 теңгеден және екінші деңгей бойынша 20 кВт/сағатты – 1 кВт/сағат үшін 6,87 теңгеден төлейді. Сонда 200 киловатт бұл жұпқа 1 100,4 теңгеге шығады.

Үш адамнан тұратын отбасы осы 200 кВт/сағат үшін бірінші деңгей бойынша 270 кВт/сағат нормамен ең төменгі тариф бойынша 1070 теңге төлейді.

Ал бес адамнан тұратын отбасына энергия тұтынудың белгіленген шеңберінен асып кетпеу туралы тіптен ойламаса да болады. Өйткені бірінші деңгей бойынша олардың тұтыну нормасы 450 кВт/сағат құрайды.

Осылайша, үш деңгейлі жүйе 3 және одан көп адам тұратын отбасылар үшін тиімді. Бізде мұндай отбасылардың көп екені анық. Ал жалғызбастылар мен жұптарға қиындау тиеді.

 

ЖАЗҒЫ ТАРИФ

Бірақ жазда сплит-жүйені, кондиционерді және желдеткішті тәулік бойына пайдаланатындардың бәріне де ауырлау соғары кәдік. Тек жалғызбастылар мен жұптар ғана емес, 3 адамнан тұратын отбасылар да (мұндайлар да көп) ыстықта бірінші деңгейлі тариф шеңберінен артық тұтынады. Егер агенттік мемлекеттік орган ретінде монополистердің емес, тұтынушылардың мүддесі туралы қам жейтін болса, жазғы 3 айға бірінші деңгей бойынша тұтыну нормаларын көбейтпесе қайтеді? Айталық, 90-нан 300 киловаттқа дейін. Атырау – Қазақстандағы ең ыстық қала. Бұл жер Ақтаудан да ыстық. Көшеде көлеңке жоқ, шүмектерде ыстық су ақпай қалады, тіпті түнде де күннің ыстығы түспейді. Мұндай тозақта адамдар қалай өмір сүріп, қалай жұмыс істей алады? Тіпті, шындап кетсе, мұндай жағдайда мемлекет сплиттер үшін төлемақыны жоюы тиіс.

Тамара СУХОМЛИНОВА

27 маусым 2012, 19:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.