Атырау, 8 мамыр 21:49
 ашықВ Атырау +9
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Химпоселок не сұрайды?

3 114 просмотра


- Егер бұл жерде өмір сүру қиын екенін білсек, Атыраудың бұл ауданынан ешқашан жер телімін алып, үй салмас едік, - дейді «АЖ» редакциясына хабарласқан Химпоселке тұрғындары. Олар көшелерде жарықтың, балалар алаңдарының, қоғамдық көліктің жоқтығына, тәулік бойы мүңкіген иіске және қаптаған маса көп екеніне шағымданды.

ОРТАЛЫҚҚА ДЕЙІН ЖАЯУ

Өткен жылдың қыркүйек айында «Атыраутакси» ЖШС Химпоселкеге баратын №7 маршрутқа қызмет көрсетуден бас тартты. Нәтижесінде, зейнеткерлер, ата-аналарымен бірге балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушылары қалаға өздіктерімен жетуге немесе өте қымбат бағаға сирек жүретін такси ұстауға мәжбүр.

- Баламның қызуы көтеріліп, дәрі-дәрмек сатып алу үшін орталыққа бару қажет болды, - дейді үш баланың әжесі Гүлнар ЕСҚАЙЫРОВА. - Бағымызға орай, көлігіміз бар, ал көлігі жоқтар не істейді? Таксидің де көмегі жоқ, мұндай уақытта олар біздің қаңыраған көшелерімізбен емес, орталықта жүргенді жөн көреді. Ал теміржол арқылы «Рахаттағы» жақын дәріханаға түнделетіп жаяу бару оңай емес.

Бұл мәселе қашан шешіледі деген «АЖ» сұрағына Атырау әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВ маршрутқа қызмет көрсетуге тендер өткізілетінін айтты. Бұдан басқа, қазір тасымалдаушы үшін маршрутты анағұрлым тиімді қылу мақсатында оның сызбасын өзгерту туралы мәселе қарастырылуда. Әкім орынбасары бұл іс-шаралардың уақыты туралы жақ ашпады.

ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ОЙЫНДАР

Қала тұрғындары шығарындыларды желдің соғу бағытына байланысты жұтатын болса, Химпоселкеде жағымсыз иіс тәулік бойына кетпейді, өйткені аудан өнеркәсіптік аймақпен іргелес орналасқан. Мұнай өнімдері мен сарқынды сулардың сасық иісінің қолқаны жаратыны сондай, мұндағы тұрғындар терезелерін мүлдем ашпайды.

Тұрғындар бұл ықшамауданда балалар үшін ойнайтын жер жоқ екендігіне де ренішті. Алаңдар да, төбешіктер те, жаяу жолдар да жоқ. 

Мұнда бала көп, олар өтіп бара жатқан көліктердің дауысынан жол жиегіне қарай қашып-пысып, жол бойында ойнайды.

Хасанов бұл тұрғыда да қуанта қоймады: «2018 жылға арналған бюджетте Химпоселке ықшамауданынан балалардың ойын алаңдарын салу қарастырылмаған». Алайда, үміт бар: редакция сауалына берілген сол жауапта, қазіргі уақытта Атырауда көпфункционалды спорт алаңдарын (кроссфит) салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, Химпоселке тұрғындарының өтініші ескеріледі деп хабарланған.

ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ПЕН МАСАЛАР

- Біздің ықшамауданда бірде бір шам жоқ, ымырт үйірілсе соқыраңдап қаламыз, - дейді Проезд көшесі, 41 мекен-жайында тұратын  Сәния ЕСҚАЛИЕВА. – Жазда ештеңе емес, күн кеш батады, ал жылдың басқа маусымында қара түнекте жол бойында жалғыз қалып қоймау үшін бәрі үйлеріне ертерек жетіп алуға тырысады.

Полымбетовтің жауабынан: «Химпоселке ықшамауданындағы көше жарықтандыру құрылысы 2018-2019 жылдарға арналған мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады».

Химпоселке басқа ықшамаудандарға қарағанда масалардан әлдеқайда көп зардап шегеді – булану алаңының ықшамауданға жақындығы әсерін тигізіп-ақ тұр.  Атырауда дезинфекциялаумен айналысатын «AGDisinfectionServices» ЖШС мен «Горизонт С» ЖШС бізге осы ықшамауданға арнайы технологияларды - жел және ыстық тұман генераторларын пайдаланатынын хабарлады. Дезинфекциялау айына бір рет жүргізіледі. Ал бұл жеткіліксіз болып тұр – мен бұл жерге келгенде масалар өте көп болды, ал қазір Атыраудың орталық көшелерінде масалар байқалмайды.

Осы үлкен ықшамаудан тұрғындары қала маңында тұрса да, өздерін қырсық шалған аралда тұрып жатқандай сезінеді. «Біз шынымен де көп нәрсе сұрап отырмыз ба? – деп таң қалады химпоселкеліктер. - Бұл мұнай астанасы үшін түкке тұрғысыз нәрселер ғой».

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

13 маусым 2018, 15:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.