Атырау, 10 мамыр 06:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Ескі қарыздар және жаңа несие туралы

Бейнежазба
3 249 просмотра


ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры Айнұр КӨШЕРБАЕВА брифингте биылғы ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландырудың жаңартылған бағдарламасы және жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы туралы әңгімеледі.

КОМИССИЯ МИССИЯСЫ

Жаңартылған қайта қаржыландыру бағдарламасы екі бөлімнен тұрады. Біріншісі - 2004-2009 жж. берілген, екіншісі - 2010 жылдан бастап 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген несиелерге қатысты.

Атап айтқанда, екінші бөлім бойынш валюталық қарыздар 2015 жылғы 18 тамыздағы бағам бойынша теңгеге (АҚШ доллары - 188,35, EUR - 209,26, RUR - 2,87 теңге) конверсияланады. Бұл қарыз алушыларға берешек ауыртпалықтарын азайтуға мүмкіндік береді. Шетелдік валютада қарыз алушы банкке 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін өтініш беруі тиіс. Толық құжаттар ұсынылғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде банк қайта қаржыландыру немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Маңызды жайт: облыстық әкімдікте қайта қаржыландырудан бас тартылған қарыз алушылардың шағымдарын қарайтын комиссия жұмыс істейді. Егер бұрын комиссия шешімі ұсыныс сипатында болса, енді банк оны орындауға міндетті.


АТЫРАУ – АСТАНА ДЕҢГЕЙІНДЕ

«7-20-25» бағдарламасы елбасы айқындаған шарттарға сәйкес жұмыс жасайды: 20% бастапқы жарна, 25 жылға жылдық 7%-бен несие.

- Ұлттық Банк «7-20-25» бағдарлама операторын - арнайы 100% еншілес компания құрады. Келесі іс-қимыл - екінші деңгейлі банктер өз есебінен тұрғындарға ипотекалық несиелер береді, оларды кейін осы арнайы компания бағалы қағаздар нарығына облигацияларды орналастыру есебінен сатып алады. Осылай біз қосарлы әсерге: бағдарламаның өзін жүзеге асыруға және қор нарығын дамытуға қол жеткіземіз», - деді Көшербаева.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде әңгіме қарыз алушылардың жаңа баспана сатып алуы туралы болып отыр (қайталама нарық бойынша шарттар кейінірек қарастырылады). Астана, Алматы, Атырау және Ақтау үшін несиелердің максималды сомасы 25 млн теңге, басқа өңірлер үшін - 15 млн теңге. Несиелер бойынша төлемдер қарыз алушының табысының 50% -ынан аспауы тиіс.

«7-20-25» бағдарламасының жобасы Мәжілісте мақұлданды. Мамыр айында түпкілікті бекітіледі деп күтілуде.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

7 мамыр 2018, 13:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.