Атырау, 26 сәуір 11:45
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Нан бағасы

Сурет
8 705 просмотра

Қазір дүкен сөрелерінен нан өнімдерінің түр-түрін көруге болады. Нан бағасы мен салмағы сәйкес келе ме? «АЖ» тілшісі анықтауға тырысты.

ҚАЛАНЫҢ ҚАЛАШ НАНЫ

Қазіргі таңда қаламызда  14 наубайхана нан пісіреді. Техникалық регламентке сәйкес халық көп тұтынатын бөлке нанның шартты салмағы - 500 грамм болуы тиіс. Тұтынушылардың көпшілігі бұған көп мән бермейді. Мен әр түрлі наубайханаларда пісірілген нандардың регламент талаптарына қаншалықты сәйкес келетіндіктерін анықтауды шештім. Таразыға өлшегенде «Балықшы» наны - 455 грамм, «Дәулет» наны - 500 грамм, 1 сортты «Байлық» бидай наны- 405 грамм, формалы «АЛК» наны - 520 грамм болды.

Өткен жылы кәсіпкерлік бөліміне тұрғындар тарапынан нан салмағын азайту фактілеріне байланысты арыз-шағымдар келіп түспеген. Алайда бұған көңіл бөлетін тұрғындар бар екен.

- Үйде 6 балам бар. Күніне 2 кейде 3  нан тұтынамыз. Шыны керек, нанды өлшеп аламын. Негізі 1 нан 500 грамм- дай болуы керектігін білемін. Бірақ өлшегенде 465, 450 грамм болады. Қоңырау шалсам, мойындамайды. Дүкеншілер бүгінгі нан деп, бір күн бұрынғы нан береді. Тіпті нанды қолдарымен ұстайды. Бұл да дұрыс емес қой. Кейде өзім де пісіремін. Бірақ сатып алған қолайлы,- дейді көп балалы ана Марта ЕСМАҒАМБЕТОВА.

«АЖ»-дың нан бағасына қатысты сауалына Атырау қаласы кәсіпкерлік және туризм бөлімі жауап берді:

- 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Үкіметі 2016 жылдың соңына дейін әрекет еткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына шекті мәнді бағаларды бекітпейді. Бірақ бұл жағдай нан бағасының өсуіне әкеліп соқтырмайды. Өйткені ҚР Ауыл шаруашылығы мен Экономика Министрлігі және Атырау облысы әкімдігінің арасында меморендум бар, осыған сәйкес нанның 1 келісі 120 теңгеден аспауы керек, демек 500 грамм нан 60 теңге болуы тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар қалаш нанның көлемі мен салмағына бақылау жасамайды. Нан қымбаттайды деп айтуға негіз жоқ».

АУЫЛДА НАН ҚЫМБАТ

Аудандарда тіркелген наубайханалар аз, көптеген адамдар нанды үйден пісіреді.

Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылының тұрғыны Гүлшат Қуанова нанды ерекше әдіспен әзірлеп, зейнетақысын үнемдейді:

- Өзім нанды әлі күнге дейін ашытқысыз пісіремін. Бала күнімізде сүйсініп жейтін едік. Ашытқыға артық ақша құртпаймыз, оның үстіне ауылда нан 100 теңге тұрады. Сол себепті көп үнемдеймін.Қалада бұл бағаға екі нан алуға болады.

Аудандарда нан бағасы әр түрлі, бірақ облыс орталығынан қымбат.

Елді- мекен:

Нан бағасы:

Ганюшкино

80 теңге

Сүйіндік ауылы (Құрманғазы ауданы)

120 теңге

Мақат

65- 80 теңге

Доссор

70 теңге

Құлсары

70- 80 теңге

Бөдене ауылы  (Индер ауданы)

100 теңге

Миялы

90- 100 теңге

Тасшағыл  (Қызылқоға ауданы)

100- 110 теңге

Аққыстау

70- 75 теңге

Махамбет

65-70 теңге

(16.01, 2018 күнгі мәлімет)

НАУБАЙХАНАДАН ТҰТЫНУШЫҒА ДЕЙІН

«Нанның және нан-тоқаш, кондитерлiк өнiмдердiң қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар" техникалық регламентiн бекiту туралы» Үкімет Қаулысынының 9 бөлімінде:  «Нан тасымалдайтын көліктер салқындатқышпен қамтамасыз етілген, сататын және тасымалдайтын адамдар арнайы киіммен қамтамасыз етілуі тиіс. Майлы кремі бар нан-тоқаш, кондитерлiк өнiмдерді тасымалдағанда салқындатқыштары бар арнайы көліктер пайдаланылуы керек» деп жазылған. Сондай- ақ, ашытқы салынған нан (бөлке нан) 48 сағат ғана сақталуы тиіс екен. Атырауда нанды қаншалықты талапқа сай тасымалдайтынын анықтау үшін бірнеше дүкендерді торуылдадым. Вокзал маңы шағын ауданындағы  дүкендердің біріне келген нан таситын көліктен жұмысшы шықты. Оның қолғабы да, арнайы киімі де болмады. Нан салынған жүк салғышты ашып, нан бетін жаппай, дүкенге өткізді. Дүкеншілер қай наубайхананың қызметкері екенін айтудан бас тартты. Алайда келесі де олардан арнайы киім мен қолғап киюін талап ететінін жеткізді.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

20 қаңтар 2018, 16:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.